- Advertisement -

Дүрлігуге еш негіз жоқ

165

- Advertisement -

Өткен аптаның соңында зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасына енгізілген жаңа өзгерістердің қазақстандықтарды пәтер немесе көлік сынды жеке мүлікті сатудан түскен кірісінің 10 пайызын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беруге міндеттегені туралы сыбыс тараған еді. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, елдің дүрлігуіне «Tengrinews.kz» сайтының «Uchet.kz» порталына сілтеме жасай отырып таратқан ақпаратынан басталған-ды.
Осы оқиғаға байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қандай кірістен зейнетақы жарнасы аударылатындығын дер кезінде түсіндіріп берді. «Барлық зейнетақы аударымдары азаматтардың тапқан табыстарынан ғана төленеді. Мәселен, кәсіпорын жұмысшылары үшін тапқан табысы оның жалақысы, жеке кәсіпкер үшін – бұл тікелей кәсіпкерлік қызметтен алынған кіріс, жеке нотариустар үшін – бұл олар көрсеткен қызметтен түскен табыс саналады. Ал өтемақылы шарт (азаматтық-құқықтық шарт деп аталады) негізінде заңды немесе жеке тұлға үшін жұмыстардың немесе қызметтердің белгілі бір түрін орындайтын азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарнасы аталған жұмыстарды немесе қызметтерді (жеке мүлкін сатудан емес) орындау нәтижесінде алынатын кірістер төленеді» деп жазды министрдің орынбасары «Фейсбуктегі» парақшасына.
«ҚР Зейне-тақымен қамтамасыз ету туралы» Заңының 25-бабында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлеуге жататын міндетті зейнетақы жарнасы айлық табыстың 10 пайызы мөлшерінде белгіленгенін еске салған ол заңнамаға енгізілген түзетулерге сай ағымдағы жылдың 14 шілдесінен бастап азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалар, сонымен қатар адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустер, кәсіби медиаторлар, жеке кәсіпкерлер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлемге жататын табысынан өз пайдасына міндетті зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады деп түсіндірді. Сонымен қатар азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт аясында алынған жеке тұлғалардың табысы ретінде азаматтардың орындаған жұмыстары немесе көрсеткен қызметі нәтижесінде алынған табысы айқындалғанын да атап өткен.
Ал «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар зейнетақы төлемін жасауға міндеттелген еді. Бұл туралы БЖЗҚ басқармасы төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева уақтылы төлем жасамаған фрилансерлердің қандай жауапкершілікке тартылатыны туралы айтқан болатын. «Уақтылы жарна төлемеген агенттер үшін өсім қарастырылады. Агент дегеніміз міндетті зейнетақы жарнасына ақша аударуға тиіс заңды, жеке тұлғалар. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң тұрғысынан оларға бірінші кезде айыппұл салынып, қайталанған жағдайда жауапқа тартылады»,– деді басқарма төрағасының орынбасары. Оның айтуынша, 2020 жылға қарай елімізде жалпы табысты декларациялау шаралары енгізіледі. Соған сәйкес басыбайлы табысты анықтау басталады. Зейнетақы жарнасын дұрыс тәртіпте әрі уақтылы жасауды мемлекеттік кірістер органдары қадағалайды. «Жаңа тәртіпке сәйкес азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс тауып отырған жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің айлық кірісі есептеледі. Содан екінші деңгейлі банктер арқылы 10 пайызы өндіріледі», – деді Сәуле Егеубаева.
Тағы да ««Tengrinews.kz» сайтына жүгінер болсақ, пәтер сатудан түскен ақшадан зейнетақы қорына жарна төлеу бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов та мәлімдеме жасап, зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның нормаларын түсіндірулерге қатысты проблеманы түзетулердің Үкімет қаулысына дер кезінде енгізілмегенімен байланыстырған.
Аталған мәселеге қатысты біз де облыстағы мамандардың пікірін алуды жөн көріп, Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жеке тұлғалардың ақпараттарын тіркеу, қабылдау және өңдеу орталығы бөлімінің бас маманы Мадина Оспановаға қайырылдық. ҚР салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдері туралы Салық кодексінің 330 және 331-баптарына сәйкес, жеке тұлғаның салық салуға жататын мүліктік кірісіне нелер жататынын және оларды өткізгенде құн өсімінен түсетін кірістеріне тоқтала келе, былай деді:
– Жоғарыда көрсетілген салық заңнамасының нормаларына сай, мүліктік табыс алған салық төлеушілер ҚР аумағында меншік құқығында болған тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар және жеке қосалқы шаруашылық нысандарын оларға меншік құқығы тіркелген күннен бір жыл аспай жатып өткізсе «Жеке табыс салығы бойынша декларациясын» және 10 пайыз мөлшерінде «Жеке табыс салығы» бюджеттік жүктемесіне әдеттегідей салық төлеу керек.
Ал ғаламтор желісіндегі мүлікті сатудан зейнетақы жарнасына 10 пайыз төленетіндігі туралы тараған ақпарат ҚР Қаржы министрлігі ресми түсіндірмесі болмауына байланысты мүліктік табыс алған салық төлеушілер салық міндеттемелерін қолданыстағы Салық кодексінің нормаларына сәйкес орындауы міндеттеледі. Демек, пәтер немесе көлік сынды жеке мүлікті сатудан түскен кірісінің қандай да бір бөлігін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару туралы ҚР Қаржы министрлігі тарапынан ресми түрде ешқандай рұқсат қағаздар келмеген және жолданбаған. Егер бұл мәселеге қатысты қандай да ақпарат болып жатса, халықты уақтылы құлақтандыратын боламыз. Ал әзірге мүлік табысы сол бұрынғысынша есептелінуде, – деп түсіндірді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысының міндетін атқарушы Өмірзақ Қоспанов.
Олай болса, нақтыланбаған жел сөзге даурығып, елді дүрліктірудің еш негізі жоқ!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support