- Advertisement -

Бағдарлама аясында жамбылдық 2 тұрғын баспаналы болды

216

- Advertisement -

Естеріңізде болса, газетіміздің №83 санында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың банк өкілдерімен «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылуы бойынша өткізген кездесуін жариялаған болатынбыз. Онда Еркебұлан Әбілханұлы аймақта бұл бастаманы қолға алу жұмыстарына көңілі толмағанын жазған едік. Содан қорытынды шығара білген облыстағы жауапты тұлғалар өңірлік коммуникациялар орталығында бас қосып, бағдарламаның өңіріміздегі «әбден піскен» жүйесін халыққа таныстырды. Сәйкесінше «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» тақырыбымен өткен жиынға ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Биыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағыттаған бес әлеуметтік бастамасының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші бағытын іске асыру бойынша мамырда Ұлттық банк «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, «Баспана» ипотекалық ұйымын» құрған болатын. Оның ерекшелігі – халыққа 7 пайыз мөлшерлеме бойынша, кредиттелетін тұрғын үй құнының 20 пайыз мөлшерінде бастапқы жарна, сондай-ақ 25 жылға дейін несие мерзімімен ипотекалық кредит алудың теңдессіз шарттары ұсынылады. Меншік құқығында баспанасы және ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алатын бағдарламаға өтініш берушінің кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуы қажет. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алғанға Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25, ал қалған өңірлер үшін 15 миллион теңге деп ұйғарылғаны баршаға белгілі.
Осы мәселелерді тереңірек түсіндірген ҚР Ұлттық банкі Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин «Баспана» арнайы компаниясы «Еуразиялық банкпен», «Цесна банкпен», «Центркредит», «Халық», «АТФ», «РБК» және Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерімен келісімге келгенін жеткізді. Оның айтуынша, «Сбербанк» пен «Форте банк» қызығушылық танытып, техникалық жұмыстарын аяқтағаннан кейін ипотекалық бастама жөніндегі келісімге қол қоюға дайын екендіктерін тілге тиек етті.
– Егер несиенің сомасы 12 миллион теңге болса, ипотека алушы айына 85 мың теңгеден төлейді. Баспана құны төмен өңірлерде несие сомасы 7 миллион теңге болуы мүмкін. Бұл ретте сатып алушы айына 50 мың теңге төлемек. Осылай, «Баспана» компаниясының серіктес банктерінің кең тараған жүйесін ескере отырып, бағдарлама мемлекетіміздің барлық өңірлерін қамтиды және Қазақстан азаматтарына көптен күткен тұрғын үйге қол жеткізуіне көмектеседі деп күтілуде. Ипотекалық несиені сатып алу тетігі әріптес банктермен оңтайлы пысықталуда. Олар ипотекалық кредиттерді «7-20-25» бастамасының талаптарына сәйкес береді. «Баспана» өз кезегінде банктерден ипотекалық несиелерді сатып алады.
19 шілдеге дейін мемлекетте аталған бағдарлама бойынша екінші деңгейдегі банктермен қабылданған өтінімдердің жалпы саны 5 363 миллион теңге болып, 466 өтінішті құрады. 3 638,8 миллион теңгеге 312 өтініш мақұлданған. Ал өңірімізде дәл осы күнге шейін 31,03 миллион теңгеге 3 өтініш қабылданып, 18,3 миллион теңгенің 2 өтініші мақұлданды, – деді.
Жуырда аталған бағдарламаға сәйкес www.baspana72025.kz ресми сайты да пайда болды. Одан әрбір тұрғын өзіне қажетті ақпаратты таба алады. Сондай-ақ 8 (727) 227-20-25 тегін нөмірі бойынша Сall-орталық тәулік бойы қызмет етуде.Баспаналы болудың жаңа тетігіне қатысты мобильді қосымша да әзірленіп жатқан көрінеді. Егер ол іске қосылса, «App Store» мен «Play Маркет» арқылы көшіріп алам деушілерге қолжетімді болмақ.

Альмира Омарова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support