- Advertisement -

Сақтанбасаң сан соғасың

148

- Advertisement -

былтыр облысымызда 63 өндірістік оқыс оқиға орын алған

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа мақсаттарға жетелейтін Жолдауынан туындайтын өндірісті цифрландыру, заманауи технологияларды және халықаралық стандарттарды енгізу талабы – еңбек қауіпсіздігін арттырудың бірден-бір жолы екендігі белгілі. Тараз қаласындағы «Ark VS» қонақ үйінің мәжіліс залында өткен кәсіптік тәуекел қаупін басқару стандарттарын енгізудің маңыздылығын түсіндіру бағытындағы семинар-тренингте осы міндеттерді жүзеге асыру жолдары талқыланды. Оған облыс аумағында орналасқан ірі және тәуекел қаупі жоғары өндірістер мен кәсіпорындардың басшылары мен мамандары қатысты.

Өндіріс нысандарында апат қаупін төмендетуді, қоғамға және қоршаған ортаға тигізетін шығынды және кәсіпорындарда болатын жарақатты азайтуды, кәсіби аурулардың алдын алуды, еңбек өнімділігін арттыруды көздеген шарада Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты РМК облыстық филиалының директоры Асқар Мыңбаев кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды басқарудың жүйесін саралап, тәуекелдерді бағалау мен басқаруға басшылық жасау мәселесіне кеңірек тоқталды.
– Негізі кәсіптік тәуекел термині Халықаралық еңбек ұйымы 1977 жылы еңбекшілерді жұмыс орындарындағы ауаның ластануынан, шу мен дірілден туындайтын кәсіптік тәуекелден қорғау туралы №148 конвенциясымен бірге енген. Кәсіби тәуекелдерді басқару дегеніміз – бұл еңбекті қорғауда кәсіби тәуекелді анықтау, бағалау және оны төмендетуге бағытталған өзара байланысты кешенді іс-шара. Мақсаты – еңбек адамдарының жұмыс процесінде еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету, – деген Асқар Құрманұлы пайда табуды көздейтін жеке бизнес бұл стандарттарды кәсіпорындарға енгізу арқылы не ұтатындығын, қандай пайда табатындығын да егжей-тегжейлі жеткізді.
Оның айтуынша, кәсіптік қауіпсіздік менеджменті жүйесін (OHSAS 18001) енгізген кәсіпорын еңбек қызметі процесі кезінде қызметкердің қауіпсіздігі мен өмірін сақтауды қамтамасыз етуге, ұйымды жалпы басқаруды жақсартуға, өндірістік тәуекелдер және олармен байланысты жоғалтуларды төмендетуге, клиенттердің, серіктестердің, акционерлердің, инвесторлар мен басқа тараптардың көз алдында кәсіпорын беделін жақсартуға мүмкіндік алады. Басқа тиімді тұстары да аз емес екен. Жиында «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-ның облыстық филиалының бас маманы Татьяна Борода қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Өңірдегі осы салаға жауапты органның мәліметіне сүйенсек, облыстың 389 кәсіпорнында 60560 жұмыскер зиянды және қауіпті жұмыстарға тартылған. Бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға шаққанда 4,8 пайызды құрайды. Оның ішінде нормадан жоғары шу мен тербеліс жағдайларында 4450, жоғары газдалғандық пен тозаңдылық орын алған жұмыс орнында 2720 жұмыскер еңбек етуде. Ал жұмыскерлердің еңбек жағдайларының қолайсыздығы еңбек ұжымдарын елеулі экономикалық шығындарға ұшырататыны белгілі. Айталық, өткен жылдың қорытындысы бойынша, облыс еңбек ұжымдарында 30844 жұмыскер әртүрлі өтемақылар алған. Оның ішінде қосымша демалыс, қысқартылған жұмыс күні, тегін емдік-профилактикалық тағам, сүт немесе басқа да тең бағалы өнімдерді тегін алу, зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайлары үшін үстемеақы негіздері бар. Өтемақыларға жұмсалған шығынның жалпы сомасы 4,732 миллиард тенгені құраған. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш, 2016 жылы 4,2 миллиард теңге көлемінен аспапты.
Одан бөлек былтыр облыс ұйымдарында 63 өндірістік жазатайым оқиға тіркелген. 67 адам зардап шегіп, оның ішінде 16 адам қаза болған. 22 адам ауыр дәрежедегі, 29 адам жеңіл және орта дәрежедегі жарақат алған. Сонымен қатар 4 топтық жазатайым оқиға орын алып, мұнда 8 адам жарақаттанса, 3 адам көз жұмған. Биылғы 5 айдың өзінде 19 өндірістік жазатайым оқиға орын алып, 20 адам зардап шегіп отыр. Оның екеуі – қайғылы жағдай. 8 адам ауыр дәрежедегі, 10 адам жеңіл және орта дәрежедегі жарақат алыпты. Салыстырмалы түрде көрсеткіш кемігенімен қуантатын жағдай дей алмаймыз.
Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері зардап шегушінің абайсыздығы, өндірістің дұрыс ұйымдастырылмауы, автожол қозғалысы ережелерінің бұзылуынан болып отыр екен. Бұл туралы семинар барысында айтылып, жан-жақты сараланды.
Қалай десек те, еңбек қауіпсіздігін сақтау – баршамызға ортақ міндет. Ата Заңымызда мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі деп жазылған. Сондықтан да бұл бағытта тараптар бірлесіп, түсінісіп, еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау мәселесіне аса мән беріп, белгіленген талаптардың сақталуын барынша қамтамасыз еткені абзал.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support