- Advertisement -

«Бәрібір Шымкент бола алмаймыз» деген кертартпалықтан арылуымыз керек

113

- Advertisement -

Облыстық «Aq jol» газеті өңірдегі өзекті мәселелерді жүйелі көтеріп келеді. Оны бас басылымда жариялап қана қоймай, одан шығу жолдарын да талдап, тарқатып жазады. Айтпақ пікірімді білдірмес бұрын халық пен биліктің арасындағы көпірге айналған шығармашылық ұжымға елдің көкейінде жүрген көкейкесті мәселелерді жариялап жататындары үшін ризашылығымды білдірсем деймін.

Газеттің биылғы 9 маусым күнгі санында басылымның директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлының «Тараз қаласының тұрғындары қайтсе көбейеді?» деген көлемді талдау мақаласы облыс ардагерлерінің көңілінен шықты. Тараздан ғана емес, облыстың аудандарынан телефон соғып жатқан қадірменді қарияларымыз қолдауын білдіріп жатыр. «Aq jol»-да бұл мәселе бұрын да жазылған. Жыл басында газет тілшісі Амангелді Әбіл «Таразда халық саны кеміп барады» деп дабыл қақты. Онда да тұрғындар санының көбеюдің орнына кеміп жатқанына нақты дәйектер келтірген. Ал енді газет басшысының мына дүниесінде де қала тұрғындарының санын көбейтудің жолдары деректер мен дәйектерді молынан пайдалана отырып жазылыпты.
Қала тұрғындарын өмірге келіп жатқан нәресте санымен көбейту мүмкін емес, әйтпесе туу көрсеткіші жылдан-жылға артып жатқанын статистика деректері айғақтайды. Мәселе – облыс орталығының іргесіндегі елді мекендерді қалаға қосуда. Оны бас редактор орынды көтере білген. Кезінде қазақтың даңқты композиторы Шәмші Қалдыаяқов тұрған, Жамбыл ауданына қарайтын бұрынғы Дунгановка, бүгінде Жалпақтөбе аталатын ауыл қаламен біте қайнасып кеткен. Байзақ ауылына қарасты Қызыл Жұлдыз ауылы да сондай, автобекетпен араны жол ғана бөліп тұр. «Бұл екі ауыл, әрине, қалаға қосылуға ең бірінші кезекте «сұранып тұрған» елді мекендердің дерегі мен дәйегі», – дейді қаламгер-журналист. Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылы да қалаға қосылуға «сұранып-ақ» тұрған елді мекендердің бірі. Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты мұндай ауылдың атын атап, түсін түстей берсең, тізбектеліп кете береді. Әлбетте оның барлығы мақалада кеңінен қамтылып жазылғандықтан, қайталап шығудың қажеті жоқ шығар. Тек қана сондағы жазылған нақты пікірлерге қолдау көрсету қажет.
Тағы бір мәселе – қаладан тыс аймақтарға қоныс аудару. Тараздықтардың Астана мен Алматы сынды үлкен қалаларға көшуін былай қойғанда, іргедегі Жамбыл және Байзақ аудандарына қоныс аударушылар саны артып келеді дегенді естиміз. Қазақта «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз бар. Егер басында баспанасы, екі қолға бір жұмысы болса, Тараздай шежірелі шаһарды ешкім тастап кетпес еді. Бірінші, халықты баспанамен қамтамасыз етіп, екінші, жұмыс болса болды. Ал енді баспана мәселесі көп ұзамай шешімін табатын сыңайлы. Оны қалада тұрғын үй құрылысының қарқын алып жатқанынан байқауға болады. Халықты баспанамен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың да шапағатын тараздықтар сезіне бастады. Кезінде үздіксіз жұмыс істеп, түрлі себептермен жұмысын тоқтатқан кәсіпорындардың тамырына қан жүгіріп жатқаны да көңіл қуантады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қым-қуат шаруалармен қатар бұл екі өзекті мәселені күн тәртібінен түсірген емес.
Мен облыс ардагерлерінің жетекшісі ретінде ауылдық-тардың қалаға жаппай қоныстануына қарсымын. Ауыл – алтын бесік. Бүгінде көп ауылдарда негізінен қарт кісілер қалды. Жастар жағы аз. Сондықтан да ауылда тұрып жатқан жұртқа мүмкіндігінше қолдау-көмекті аямау керек. Үкімет тарапынан көрсетілетін көмек бірінші ауылдықтарға берілсе. Ал енді жоғарыдағыдай қала іргесіндегі елді мекендерді Таразға қосып, қала халқының санын көбейту шараларын уақыт өткізбей қолға алған жөн.
Біз бірінші Тараз қаласы тұрғындарының санын 500 мыңға жеткізуді межелеп алсақ. Онда «жылына қанша отбасы баспаналы болады, қанша адам тұрақты жұмысқа тартылады, өмірге қанша нәресте келеді» деген мәліметтер жоспарланса. Сосын сол бағытта жұмыс істеу керек. Одан арғы 500 мың болашақтың еншісінде болмақ. Қалада халық көбейсе облыс экономикасы қарыштап өседі.
«Қанша айтқанмен Тараз Шымкент бола алмайды» деген пиғылдан арылуымыз керек. Көрші қала бір күнде миллионер болған жоқ. Тәуелсіздік жылдары үнемі өсіп, өркендеумен болды. Архитектураның соңғы ерекшеліктерімен салынған зәулім тұрғын үйлер бой көтеріп, сондай әр үйге жүздеген отбасы қоныстанып жатты. Іргелі кәсіпорындар көптеп ашылып, шағын және орта бизнес қарқын алды. Бұл халқының санын еселеп арттырды. Оның үстіне іргесіндегі елді мекендер қалаға қарады. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде облыс орталығы мәртебесін қасиетті Түркістанға беріп, еліміздегі Алматы мен Астана қалаларынан кейінгі үшінші мегаполис атанды.

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support