- Advertisement -

«Ас атасына» ауылда да сұраныс көп

132

- Advertisement -

«Забиболла» наубайханасы
күніне 300-ге дейін нан жабады

Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуының арқасында ауданда өз кәсібін ашуға ниет білдірген азаматтардың саны артып келеді. Бүгінде ауыл тұрғындарының бірқатары қиырдан жұмыс іздеп қыр аспай-ақ, жеке ісін дөңгеленткен кәсіпкерлер айналасына шоғырланған. Туған жердің ертеңі үшін тер төгіп, көркеюіне үлес қосқан ілкімді де іскер азаматтарға жұршылықтың алғыстан басқа айтары жоқ.

Солардың қатарында барды ұқсатып, жоқты жасап, нәсібін кәсібінен айырып отырған Қайсар Мелдебековтің де есімі аталады. Ол 2014 жылы Есейхан ауылынан өзінің жекеменшік «Забиболла» наубайханасын ашқан екен. Округ тұрғындары үшін қолдан күн сайын нан жабудың машақаты өз алдына, дайын өнімді ала салатын қалаға да жиі жолдары түсе бермейді. Наубайхананың арқасында есейхандықтардың қолы біршама ұзарып қалды. Нан – ең өтімді өнім ғой. Бүгінде кәсіпкер Қ. Мелдебеков Есейханнан басқа, «ас атасы» саналатын нан өнімдерін Қасқабұлақ ауылына да өз көлігімен жеткізіп беруде. Наубайханада күніне 300-ге дейін нан пісіріледі. Өнімдердің саны да, түрі де ауыл тұрғындарының қандай нанға тапсырыс беруіне байланысты. Осылай наубайхана ауылдың 1300 тұрғынына өз қызметін ұсынуда. Кәсіптің бұл түрі айтуға оңай болғанымен, атқаруға қиын шаруа екені белгілі.
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы тірлігімді бастадым. Алдағы уақытта 2 адамды жұмысқа тарту, нысанның көлемін кеңейту жоспарда бар. Жұбайым Сұлушаш екеуміз кәсіптің қыр-сырын толыққанды меңгеріп келеміз. Ал ұнды тікелей өндірушілерден аламыз. Ел тапсырыс беріп жатса, бөлішке, тандыр нан пісіруге де дайынбыз, – дейді кәсіпкер азамат.
Жалпы наубайхананың шағын дүкені де бар. Мектептің дәл іргесінде орналасқандықтан, оқушыға қажет ұсақ-түйектің бірқатары осы дүкен сөресінен де табылады. Әрі мұнда келіп сауда жасайтын адамның қарасы да азайған емес.
Осындай ілкімді, іскер азаматтарының арқасында ауылдың ажары артып, тіршілігінің түтіні түзу шығатыны анық. Біз жоғарыда айтқан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуді, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтауды және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құруды көздейтіні белгілі. Кәсіпкерлікке қолдау күшейсе, қосымша жұмыс көзі көбейіп, ауылдықтардың өмір сүру сапасы да жақсара түседі. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудағы негізгі мақсат та осы.

Нарбол ҚАШАҒАН,
журналист.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support