- Advertisement -

Жұрт өндірісті қалаларға көп шоғырланады

138

- Advertisement -

Халқымыз «Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады, ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» дейді. Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының облыстың бас басылымында жарияланған «Тараз халқының саны қайтсе көбейеді?» деген мақаласы көңілімнен шықты. Автор бүгінгі таңдағы өзекті мәселені көтерумен қатар, оны оңтайлы шешудің жолдарын да санаға саралап жеткізе білген. Ұсыныстары да көкейге қонады.

«Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?» деген сөз текке айтылмаса керек. Жұрт қалаға жақсы өмір сүру үшін арман қуып келеді. Өткен ғасырдың жетпіс-сексенінші жылдары Жамбылдағы химия зауыттарына, жүн және тері өңдейтін, аяқ киім шығаратын және басқа да өндіріс орындарына жұмыс істеуге ағылған жұртта есеп жоқ болатын. Осылардың есебінен Тараз халқының саны өсіп, аумағы ұлғайды. Ал сол ірі өндіріс орындары жұмысын тоқтатқан тоқсаныншы жылдары көп адам нәпақа табу үшін сыртқа кетіп қалды. Міне, солардың орны әлі күнге толмай келеді.
Рас, аз да болса ашылып жатқан жұмыс орындары бар. Бірақ олар бүгінгі жұрттың сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Балық терең суды, адам өмір сүруге қолайлы өңір мен тиімді жұмыс орнын іздейді. Сондықтан екі қолға бір күрек іздеп сыртқа кеткен оларды ешкім кінәлай алмайды. Осы жерде дәлелдеуді қажет етпейтін бір ақиқат бар. Ол – жаңа жұмыс орындары көптеп ашылған өндірісті қалаларға жұрт көп шоғырланады. Елбасымыз өңдеу өнеркәсібін дамыту, инеден бастап ұшаққа дейін өзімізде жасау туралы үнемі айтып келеді. Еліміздің бірқатар қалаларында халық тұтынатын тауарлардың алуан түрі шығарылып жатқанына қызыға қарайсың. Отандық тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан үлкен жеңілдіктер мен қаржылай қолдау да жасалуда. Кәсіпкердің сатып алған өндірістік жабдықтары мен техникасының құнының жартысына жуығын мемлекет жауып береді.
Өкінішке қарай, Тараз кәсіпкерлерінің тойхана салу «бәсекесінен» арыға бара алмай жүргені қынжылтады. Оларға оны салма деп ешкім айта алмайды. Біраз уақыттан бері ел арасында «Тараз – тойханалар қаласы» деген сөз тіркесі пайда болды. Әлбетте, бұл сөздің астарында мақтаныштан гөрі мысқыл басым тұрғаны белгілі. Өйткені қайда қарасаң да мейрамхана мен кафелерден көз сүрінеді. Шаһардағы 1000 адамдық зәулім де сәулетті тойханаларды салу үшін 100 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсалады екен. Шіркін, кәсіпкерлер сол ақшасын шағын өндіріс орындарын ашуға жұмсаса, қаншама жұмыс орындары ашылып, отандық тауарлардың қарасы молая түсер еді!..
«Ештен кеш жақсы» дейді. Жамбылдық кәсіпкерлер де ертең отандық тауар өндіруге бет бұрар, сол кезде Тараз қаласына да жұрт тұрақтап, еліміздегі ірі мегаполистің біріне айналар деген сенімдеміз. Бірақ құр сенімге малданып отыра бермей, қала басшылығы «Тараз тұрғындары қайтсе көбейеді?» деген мақаладағы қадау-қадау мәселелерге орай нақты іске кіріссе дегіміз келеді. Мысалы, облыс орталығына қосылып кеткен Жалпақтөбе, Қызыл Жұлдыз, Бектөбе, Пригородное, Түрксіб, Талас сияқты елді мекендерді Тараз қаласының әкімшілік-аумақтық бөлінісіне қосып алса, сол жерлерден ірі-ірі кәсіпорындар салуға мүмкіндік ашылар еді. Міне, қала басшылығының алдында тұрған үлкен міндеттің бірі – осы.

Ақылжан МАМЫТ,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support