- Advertisement -

Көгілдір көзді көкөрім неге жылады?

311

- Advertisement -

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына

(эссе)

Айтары жоқ, бүгінде әлеуметтік желі дегеніңіз айрықша әлеуетке ие. Кім кім де от басы, ошақ қасында, тіпті қауырт шаруамен қызметте жүрсе де смартфонына қарай қойса-ақ  ауыл-аймағың не, төрткүл дүниенің жаңалығына қаныға алады. Көз майын тауыса сүзіліп, газет-журнал, кітап оқып та әуре болмайды. Әлеуметтік желіде кез келген оқиға бейнетүсірілімімен негізделіп, тәптіштей түсіндіріліп беріліп жатса, енді не істеуің керек?

Бірде осы желіден бүлдіршін беларус қызының «Сенің ұлтың басқа ма, қалай?» дегеніне бола «Жоқ, мен қазақпын» деп дес бермей, сұқбат алушымен біраз егеске барғанын көріп, біртүрлі елжіреп кеттім. Бейнетүсірілімге түсіруші қанша шатастырса да, «қазақпын» деуінен танбады ол. Қазақшаға ағып-ақ тұр. Қанша айтса да, өзінің қазақ екеніне сендіре алмағанына  ызаланды ма, ақыр соңында жылап қалды. Оны аяп, басынан сипап, жұбатқым келген. Ал ол неге жылады? Әке-шешесі оған «Сен Қазақстанда туылдың, демек қазақсың» деп күнбе-күн нықтап түсіндіріп, санасына сіңірумен жүре ме екен? Әлде, достарының бәрі қазақ болған соң, өзі солай шешті ме? Дархан даласы, айдынды шалқар көл, өзені, асқар таулары бар қазақ жерінде туылғанын мақтаныш ете ме, сол сезімінен еш айырылғысы келмеуден ме, ортақ үй – Отанын шынайы сүюден бе бұл? Бәрі де мүмкін. Ең бастысы, бар-жоғы төрт-бес жастағы балақайдың періште көңіліне еш кірбең түспеуі ғой! «Ақпыз, қара, сарымыз, бауырласпыз бәріміз» дейтіндей, кішкентайларымыздың барлығы да ұлтына, нәсіліне қарамастан Қазақстанды сүйеді, олар өздерін Ұлы Дала елінің перзенттеріміз деп санайды. Бұл құбылыс ұлты әрқалай бүлдіршіндердің бір мақсат, бір мүдде аясына топтасуының, ауызбіршілігі мен болашаққа ұмтылысының  ырымалды жоралғысы да болғай!

Осы күні неге екенін қайдам, кішкентайларымыз тәрбиеленіп жатқан балабақшалар жанынан  әлдебір сүйсініс сезіміне бөлене нық басып өтемін. Әлгі бір бейнебаянның да әсері бар болар. Бәрі де тамаша! Тек… үлкендер тарапынан орын алар кейбір әрекеттердің ілкі іш жидыратыны болмаса…

Үлкендер болғанда, ішінара орыстанған өз қандастарымыз. Көшеге шықсақ-ақ көз қарықтырар отшашулар, шетел сөздерін меншіктеген маңдайша жазулар… Мейрамхана, қонақ үй, дүкен иелері – кәсіпкерлердің неге осындай қадамға барып, жарнама туралы заңның басын жарып, көзін көгертуге құмартып тұратынын түсінбейсің. Қазақша атаулар  латынша жазу үлгісімен жазылып ілінсе бір жөн ғой. Қай елде жүрміз, өзі деуге мәжбүрсің. Мемлекеттік тілді менсінбей тұрған мұндай атаулар қашанғы «жараның бетiн тырнай бермек»?  Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жолында күресу үшін бізге не жетпейді, осы? Мүмкіндіктің бәрі де бар.   Елбасымыз өзінің бір сөзінде тіпті  Парламент пен Үкіметтің де  тек қазақ тілінде жұмыс істеуі тиістігін атап көрсеткені белгілі. Алайда алқалы жиындарда «жалпыға түсінікті тілде сөйлейін» деп ресми тілде қолтығы жазыла көсілетін шешендеріміздің қатары әлі селдіремей тұр. Сонда қалай, мемлекеттік тіл «түсініксіз» тіл болғаны ма?

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің ана тілге деген сүйіспеншілігі мен қамқор көзқарасын белгілі композитор Е.Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында былай деп сүйсіне еске алатыны бар: «Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам – қарағандылық Б.Н.Орлов және мен – орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді  түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Сол сол ақ екен,  Жүргеновтің отты көздері ұшқындап кетті… Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене бүкжиген қайраткерлердің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» — деп ол дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! …Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?» — деп өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті».

Апырым-ай, ұлт намысы дегенде жанып кетер осындай батылдық бүгінгі қандас шенеуніктердің бойында болса ғой деп ойлайсың. Жүргеновтің қылышы жалаңдап тұрған сонау өткен ғасырдың 30-жылдарындағы мәрттігі бүгінгі ұрпақ үшін де зор тағылым. Оның «Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде ғана жетуге болады», — деген сөзі қазір де өзінің маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Алайда ана тілімізді дәл осы Темірбек Жүргеновше сүйе алмай отырмыз. Өкінішті-ақ.

Ақиқатына келсек, қазақ тілі мемлекеттік тіл деңгейінде тұтынуға жарамай отырған жоқ, жарата алмай, ұқсата алмай отырмыз. Былайша айтқанда, жібекті түте алмай жүн еткеннің кері. Көрнекті мәдениеттанушы, ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбектің  «Осыдан мың жарым жыл бұрын қалыптасқан жазба дәстүрдің шыңдауынан өткен қазақ тілінің, орта ғасырдағы Алтын Орда империясының мемлекеттік тіліне негіз болған қазақ тілінің, Қазақ хандығы кезінде қоғамдық өмірді жыраулардың қанатты поэзиясымен, би-шешендердің қисынды уәжімен реттеп отырған қазақ тілінің, ХХ ғасырда ғылымның барлық саласынан оқулықтар түзген қазақ тілінің, тіптен Маркс пен Ленин шығармаларының толық жинағын дүние жүзінде орыстардан кейін бірінші болып сөйлеткен қазақ тілінің, енді келіп, тәуелсіздік алып, Республикадағы қазақтардың саны 30 пайыздан 60 пайызға жетіп, түркі тілдес халықтардың саны 70 пайызды құрап отырғанда, қазақ тілінің қағажу көруін немен түсіндіруге болады?!» — деп шыр-пыр болғаны да естен шыға қойған жоқ.

Арада он бес жыл өтсе де бұл жағдай аса көп өзгере қоймаған секілді. Әлсін-әлі әлеуеметтік желіге назар салып қоямын. Кім біледі, өзінің қазақ екенін дәлелдеп бағатын бүлдіршін патриоттарымыздың қатары көбейіп-ақ қалған болар. Әлеуметтік желінің әлеуеті мол ғой. Міне, сол кішкентайларымыздың тілін, ділін ұмытқан тұстастарымызды бір сәт ойлантып, табан жолын көрсетіп, тәубесіне түсіруі де әбден мүмкін. Тілді үйренуді, құрметтеуді балабақшадағылардан үйренуімізге де тура келеді-ау.

Айтпақшы, әлгі көккөз көкөрімнің жанын, нала-назасын енді шынайы түсінген сияқтымын. Ол өзі алмай-бермей сүйетін, туғаннан ғашық болған, дауға салса, алмастай қиған, сезімге салса, қырандай қалқыған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, отты да ойнақы, аяулы қазақ тілінің құдіретін түсінбейтіндердің арамызда әлі де баршылық екеніне налып, қыстығып,  көз жасына ерік берген секілді…

Баймаханбет АХМЕТ,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support