- Advertisement -

Үш жүзге жуық жәдігер ұсынды

169

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыстық қазақ драма театрында «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы өтті.

Алғаш 2015 жылы басталған шара Астана қаласындағы Ұлттық музейдің төл жобасы саналады. Осы күнге дейін Алматы, Қызылорда, Қостанай, Орал, Петропавл қалаларында ұйымдастырылған акциялар барысында музей қорына жүздеген тарихи жәдігер тапсырылған екен. Енді, міне, тарихпен тамырлас Тараз шаһарына келген мәдени орталықтың қызметкерлері жиырма төрт азаматтың қолынан үш жүзге тарта тарихи дүниені қабылдап алды.
Тарих үшін таптырмайтын құнды жәдігерлерді қорға қабылдап алған Ұлттық музейдің бас қор сақтаушысы Рыскүл Бекталиева: «Бірер жыл бедерінде еліміздің бірқатар қалаларын аралап, акция аясында үш мыңнан астам жәдігерді қабылдап алдық. Кеңес одағының Батыры Бауыржан Момышұлы, малшылардың маршалы атанған Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов, даңқты ақын-жазушылар Шерхан Мұртаза, Күләш Ахметова сынды талай ірі тұлғалар дүниеге келген Жамбыл жерінің жиырма төрт азаматы белсенділік танытып, үш жүзге тарта жәдігерін сеніп тапсырып отырғаны бізді қуантады.
Бізге өткізілген құнды заттардың ішінде жоғарыда аты аталған айтулы тұлғалармен қатар, бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевтың қолғабы, дзюдодан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметовтің киманосы, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың заттары, суретшілердің туындылары, өзге де керемет тарту-таралғылар бар. Сол үшін жамбылдықтарға айтар алғысым шексіз», – деді өз ойымен бөлісіп.
Салтанатты шара барысында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина сөз сөйлеп, Ұлттық музей қызметкерлеріне ризашылығын жеткізсе, Рыскүл Бекталиева жамбылдықтарға алғысын жаудырды. Мәдени орталық қорына жәдігерлері табысталған ғалым, тарих ғылымдарының докторы Нығметулла Киікбаевтың қызы Гүлжаһан Киікбаева, Жазылбек Қуанышбаевтың келіні Ләйла Қожагелдиева, Бауыржан Момышұлының туыс інісі, облыстық «Знамя труда» газетінің директор-бас редакторы Бекет Момынқұл, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, «Отан», «Алтын жұлдыз» ордендерінің иегері Аягүл Миразованың сыныптасы Жеңіскүл Сейітқұлқызы бастаған азаматтарға құрмет көрсетілді.
Ұлттық музей қорына кино және театр өнерінің корифейі Асанәлі Әшімовтің, жазушы Әкім Таразидің, қылқалам шеберлері Николай Денисов, Аманат Назарқұлов, Қали Қораласбаев, Қазым Аманқосов, Айдархан Сихаев сынды өзге де азаматтардың құнды дүниелері табысталды. Кейін көпшілік «Ел жүрегі – Астана» атты арнайы дайындалған көрмені тамашалады.

Табиғат Мұсылманқұл

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support