- Advertisement -

Зілді әзілдің сардары

280

- Advertisement -

Шона Смаханұлының шығармалары насихатталды

Қазақ сатирасының сар­дары Шона Смаханұлының шығармалары қалың көпшіліктің есінде. Оның астарлы туындыларын оқырман ұмытпайды. Біз оған Шона Смаханұлы атындағы «Күлеміз бе?» атты облыстық әзіл-сықақ байқауында тағы бір көз жеткіздік. Байқау облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйым­дастыруымен облыстық қазақ драма театрында өтті.

Шараны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз сөйлеп ашып, Шона ақынның шығарма­шылығына тоқталды. Ақынның туысы Есенаман Бейсеуов те қаламгер өмірінен естеліктер айтып, рухани шараны қолдаған өңір басшысына, мәдениет басқармасына алғысын білдірді. Байқауды елімізге танымал пародист, республикалық «Әзіл әлемі» театрының әртісі Аманғали Сыпабеков жүргізіп отырды.
Қатысушы ұжымдар талап бойынша екі қойылымнан сахналады. Қордай ауданының өнерпаздары қойған Шона ақынның және Елен Әлімжанның «Тақталас» шығармасынан үзінді көпшілік көңілінен шықты. Шу ауданы сахналаған «Соқыршектегі «Волга» интермедиясы, Жуалы ауданы көрсеткен «Әженің әлдиі» қойылымдары көрерменнің езуіне күлкі үйірді. Ал Талас ауданының өнерпаздары көрсеткен «Арандатқыштар» қойылымы идеясымен де, мазмұнымен де ерекшеленді. Сусын баба мен Сүт анадан тараған Қымыз, Шұбат, Саумал, Айран «батырлардың» бүгінгі заманның сұранысқа ие «майталмандары» Арақ, Шарап, Темекіні тұтқындауы көпшілікке ой салды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері сахналаған «Келіндер кеңесі» қойылымының да көпшілікке берер тәрбиелік мәні жоғары болды.
Байқау қорытын­дысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Талас ауданының өнерпаздары иеленсе, жүлделі бірінші орын ТарМУ-дың студент жастарына берілді. Жуалылықтар екінші орыннан, шулықтар үшінші орыннан көрінді. «Көрермендер көзайымы» аталымын Қордай ауданының өнерпаздары иеленді. Ал Шона Смаханұлы атындағы арнайы сыйлық меркілік командаға бұйырды. Байқауды қазылар алқасының төрағасы, жазушы-драматург Болат Бекжанов қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар тапсырды.

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support