Агросалада ауқымды істер атқарылуда

Агросалада ауқымды  істер атқарылуда
ашық дереккөз
Агросалада ауқымды істер атқарылуда

Өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов пен Байділда Жылқышиев, Марат Бопазов пен Жанат Омарбекова Меркі ауданына барып, бірқатар өндіріс ошақтарын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты.

Алдымен «Орталық Азия қант бірлестігі» ЖШС-ның Меркі бөлімшесіне атбасын бұрып, серіктестік қызметкерлерімен сөйлескен мәжілісмендер өнімдерді дайындау процесімен танысты. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерді тілге тиек етіп, бірқатар мәселелерді алға тартты. Ал мәжілісмендер Марат Бопазов пен Жанат Омарбекова «Меркі ірімшік зауыты» серіктестігінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанықты. Қызметкерлердің хал-жайын сұрап, олардың қойған сұрақтарына тұшымды жауап берді. Бұдан кейін Марат Бопазов пен Жанат Омарбекова «Бахор» шаруа қожалығына атбасын бұрды. Қазір шаруашылықтағы сиырлардың бәрі бұзаулап жатыр екен. Қорасы малға толып, ісі алға басқан «Бахордың» төрағасы «Ырыс» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы қаржы алған екен. Сөйтіп тасы өрге домалаған қожалық бүгінде аудан тұрғындарын сүтпен қамтып қана қоймай, етпен де қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Осыдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаттары «Сыпатай» ЖШС-на барды. Серіктестік негізінен 200 гектардан астам жерге балтамыр егумен айналысады. Шаруалардың төккен тері далаға кеткен емес. Олар жыл сайын қызылша алқабының әр гектарынан 500-600 центнерден өнім алып келеді. Халық қалаулылары агросалада атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанатындықтарын жеткізіп, шаруалардың ісіне сәттілік тіледі. Өз кезегінде аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалының төрағасы Мейірхан Өмірбеков мәжілісмендерді атқарылып жатқан бұдан өзге де жұмыстармен таныстырып, мемлекет тарапынан қолдау көрген шаруашылықтардың жай-күйін айтып өтті.

Дарина Әлімқұлова

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар