- Advertisement -

Тәтті түбірдің табысы тәп-тәуір

188

- Advertisement -

Қант қызылшасы – өсімтал дақыл. Мұны дихан қауымы жақсы біледі. Өткен жылы аудан бойынша 170 гектарға тәтті түбір егілген болатын. Өнім «Жаңаталап», «Күнекей» және «Ержан» шаруа қожалықтарында гектарына 210 центнерден айналды. Ал аудан бойынша орташа өнім 180 центнерді құрап, Тараз қант зауытына 1347 тонна өнім өткізілді.

Жалпы, алдыңғы жылы ауданда бір ғана құрылым «Жаңаталап» шаруа қожалығы 10 гектарға қант қызылшасы тұқымын сеуіп, күзде әр гектарынан орташа 200 центнерден өнім алды. Былтыр бұл шаруашылық қант қызылшасын 20 гектарға арттырып, 39 гектарға жеткізді. Сөйтіп гектарына 200-250 центнерден өнім жинады. Одан бөлек, Ақтөбе ауылдық округінде «Мұхиддин» – 10, Көкбастауда «Ержан» – 20, Мыңбұлақта «Күнекей» – 10 және Қызыларықта «Ахмет» шаруа қожалығы 95 гектарға қант қызылшасын сеуіп, жоспарды орындаған-ды. Биыл да бұл шаруашылық құрылымдары осы жұмысты қайта қолға алуға құлшынып отыр. Десе де биылғы меже, былтырғыға қарағанда, екі есеге артық. Яғни аудан дихандары 380 гектарға қант қызылшасын себуді жоспарлауда. Алдағы жылы тәтті түбірді өсіру, оның көлемін ұлғайту және өнімділігін арттыру ауданымыздың маңызды стратегиялық саласы болып қала бермек.
Қант қызылшасын егуде тәжірибесі бар Ақтөбе, Көкбастау, Қызыларық, Мыңбұлақ пен Ақсай ауылдық округтерінің шаруа қожалықтары биыл егістік көлемін 30-40 гектарға дейін арттырмақ. Ал Бауыржан Момышұлы ауылы 5 гектарға, Қарасаз, Жетітөбе мен Шақпақ ауылдық округтері 20, Қошқарата ауылдық округі 10 гектарға тәтті түбір өсіреміз деген міндеттемені алып отыр.
Қант қызылшасын өсіруде екі жыл тәжірибе жинақ­таған «Жаңаталап» шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Тәжіханмен сөйлескенімізде, ол күтімі келіскен қант қызылшасы алқабынан мол өнім алуға болатынын алға тартты.
– Биыл тәтті түбірді үшінші жыл өсіргелі отырмын. Былтыр әр гектардан 200-250 центнерден өнім жинадық. Биыл егіс көлемін біршама арттырамыз. Өткен жылы 3,5 миллион теңгеге қызылша жинайтын арнайы техника алдық. Бұл өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Б.Тәжіхан.
«Ержан» шаруа қожа­лығының жетекшісі Беріккүл Айнабекова биыл қант қызылшасы алқабын 10 гектарға арттырмақ. «Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Өткен жылы 20 гектарға қант қызылшасын егіп, гектарынан 200-250 центнерден өнім алдық. Тәтті түбір өсіруде аздап тәжірибе жинадық. Биыл бұл іске қайта кірісетін боламыз. Жалпы, қандай шаруаны қолға алса да шаруалардың қорықпай кіріскені жөн. Қазір өсірген өнімімді қайда өткіземін деп ойлаудың қажеті жоқ. Тараз қант зауыты өсірген өнімді далада қалдырмайды. Одан бөлек, беретін субсидиясы мен жеңілдіктері тағы бар. Қызылша өсіруге ниет еткендерге айтарым, қант қызылшасы – табысы мол дақыл», – дейді шаруа.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рахымғазы Құниязов­тың дихандарға жағымды жаңалығы бар.
– Бүгінгі таңда қант қызылшасын егемін деушілерге барлық жағдай қарастырылған. Тек аянбай тер төгіп, еңбек ету керек. Қазір қант зауыты шаруа қожалықтарымен жұмыс істеуге мүдделі. Олар өткізген өнімнің әр тоннасына 10 мың теңге субсидия төлейді. Субсидия өндірілген өнімге байланысты беріледі дегеннің өзінде, орта есеппен әр гектарға шаққанда, түсім 100 мың теңгеден кем болмайды. 100 тоннадан аса өнім өткізгендерге зауыттың қосымша сыйақысы тағы қаралған. Ал тұқым себілерде мемлекет оған субсидия төлейді, – деді.
Соңғы жылдарда қант қызылшасына деген сұраныстың артқаны анық. Ал оны өзімізде өсіріп, өңдеуге мол мүмкіндік бар. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов те қант қызылшасы егілетін алқап көлемін арттыруды аудан басшыларына нықтап тапсырды. Оған дихандар өз үлес­терін қосып жатқаны қуантады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support