- Advertisement -

Орыс тілді оқушылар қазақша тест тапсырды

165

- Advertisement -

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен орыс тілінде оқытатын мектептерде «Қазтест» байқау сынағы ұйымдас­тырылды. Оқушылар арасында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында жүргізілетін сынақ республика бойынша өңірімізде алғаш рет өтіп отыр.
Бұл – биыл қазан айында өтетін «Қазтест» жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуге дайындық шарасы. Екі күнге созылған шараның алғашқы күнінде Тараз қаласындағы «Мыңбұлақ» мөлтек ауданында орналасқан №41 С.Пушкин атындағы және «Талас» мөлтек ауданында орналасқан №40 гимназиялардың оқушылары тест тапсырды. Жалпы, қаладағы алты мектеп-гимназия қамтылды.
Байқау сынағына Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері қатысты.
– Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен, тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен өткен орыс тілінде білім алатын оқушылар арасындағы «Қазтест» байқау сынағында 343 оқушы білім-білігін байқап көрді. Бұл – өте маңызды шара. Осы бастаманы өзге облыстар да қолдап, жамбылдықтардан үлгі алады деп ойлаймын. «Қазтест» жүйесі – Қазақстан Республикасының тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсатты индикаторларының бірі. Өйткені бағдарлама бойынша мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесін 2020 жылға қарай 100 пайызға жеткізу көзделген. Яғни әрбір түлек мемлекеттік тілді өзін таныстырып, сұраққа жауап беру деңгейінде меңгеруі міндетті, – дейді Ұлттық тестілеу орталығының тестілеуді ұйымдастыру ғылыми-әдістемелік зертханасының меңгерушісі Мира Сәдуақасова.
Облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының міндетін атқарушы Алтын Әбдрахманованың айтуынша, тестілеу барысында қатысушылар тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым бөліктері бойынша жабық түрдегі 150 тест тапсырмасын орындады. Тест мазмұны мектеп оқушыларына бейімделген.
Байқаудың екінші күні №1 Ә.Бөкейханов, №39 И.Панфилов атындағы және №24, №7 мектеп-гимназияларының оқушылары сынақтан өтті. Тестілеу қорындысы Астанаға жіберіліп, он күннен кейін жауабы келеді. Қорытынды нәтиже бойынша әр оқушы өз деңгейін шамалап, тиісінше мемлекеттік тілді меңгеруге зейін аударуы тиіс.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support