- Advertisement -

Жүргіншіге жағдай жасалса, жол апаты азаяды

201

- Advertisement -

Қарбаласқа толы қала тіршілігінің күретамыры – жол. Ерсілі-қарсылы ағылып жатқан көлік қозғалысы бір сәт те дамылдамайды. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар мен жерүсті, жерасты өткелдері және арнайы жолақтардан өтпесеңіз, ары-бері ағылып жатқан көліктерге кедергі келтіріп, өз өміріңізге қауіп төндіресіз.

Жасыратыны жоқ, қазір үлкен жолда, қала ішіндегі көшелерде ірі жол-көлік оқиғалары жиі орын алуда. Соның кесірінен адамдар қайғылы жағдайға душар болып жатқаны да ащы шындық. Әлбетте көлік тізгіндеген жүргізуші де, жаяу жүргінші де діттеген жеріне межелі уақытында жетуге асығады. Әйтсе де жол ережелерін сақтау – баршаға ортақ. «Жол – қателікті кешірмейді» деген қарапайым қағиданы жадымыздан шығармауымыз қажет. Олай болмаған күнде, жолдағы апаттардың санын азайту мүмкін емес.
Дерекке сүйенсек, облыс аумағында өткен жылы 1386 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 166 адам ажал құшса, 2240 адам әртүрлі дене жарақатын алыпты. Қаза тапқандар мен жарақаттанғандар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда азайғанымен, көрсеткіш бәрібір көңіл көншітпейді. Оған жоғарыда біз айтқан келеңсіз жайттар да кесірін тигізіп отыр. Айталық, былтыр дәл осы белгіленбеген орындардан кесіп өткен 200 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Шынында да, жаяу жүргіншілердің жол-көлік оқиғасының орын алуына себеп болуы – алаңдататын жайт. Сайып келгенде, бұл жүргіншілердің әлі де болса жол жүру мәдениетін қаперге алмай жүргенін көрсетеді. Жоғарыда келтірілген нақты деректерден соң, жолдың өз ережесінің болатынына әрі оның ұсақ-түйек қателіктерді де кешіре бермейтініне көз жеткізу қиын емес. Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы» ережесінде жаяу жүргіншілердің тиісті талаптарға бағыну керектігі тайға таңба басқандай жазылған. Аталмыш ереженің 3,3-тармағында жаяу жүргіншілерге арналған жолақ, оның ішінде жерасты және жерүсті өткелдерімен, ал олар болмағанда қауіпсіз қиылыстардан, тротуарлар мен жолақтар бойымен кесіп өтуі тиіс деп көрсетілген. Демек, заң жүзінде жаяу жүргіншілердің қалаған жерінен өтуіне жол жоқ. Әрине, әбір адам өз өмірі үшін жауапты. Сондықтан да келеңсіздіктердің алдын алу, одан сақтандыруды ұйымдастыру тек полиция қызметкерлерінің немесе атқарушы билік өкілдерінің еншісінде деген түсініктен түбегейлі арылу қажет. Апаттың алдын алып, толассыз көлік ағынына кері әсерін тигізбес үшін жаяу жүргіншілер де жауапкершілікті жете сезінгені жөн.
Бұл бағытта жұмыс жасап отырған мемлекеттік тиісті орындар жоқ емес. Соның бірі – Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау академиясы. Аталмыш академия жол жүру қауіпсіздігінің ұлттық тұжырымдамасын да жасап шыққан болатын. Осы ұлттық тұжырымдамадан байқағанымыздай, егер билік бұл мәселеге нақты назар аударып, білек түре кірісер болса, қандай қасірет болмасын, оның алдын алуға, санын азайтуға мүмкіндік бар екен. Біріншіден, көлік жолдары барлық талапқа сай болуы қажет. Әрбір көлік жүретін жолда жаяу жүргіншілер өтетін жерасты не жерүсті өткелдері, сондай-ақ арнайы белгіленген жолақтар міндетті түрде салынуы қажет. Мұндай өткелдердің болмауы – адамдарды ажалға итермелеумен бірдей. Сонымен қатар мүмкіндігінше кейбір көше қиылыстарындағы жайсыз жағдайларға да көңіл бөлу керек. Өйткені жол-көлік апатының бірқатары осы жол қиылыстарында орын алып жататыны белгілі. Мысалы, Тараз қаласындағы Жамбыл даңғылы мен Асанбай Асқаров, Желтоқсан мен Төле би, Қойгелдімен түйісетін Қазыбек би, Абай мен Қазыбек би көшелерінің қиылыстарындағы ыңғайсыздықтарды атап өткім келеді. Қазір көлік көбейген, ал жоғарыда айтылған көше қиылыстарындағы бағдаршамның көк түсі жанатын секунд бұрынғыдан көбеймеген. Олардың біразында солға бұрылатын көлік үшін көптеген қиындықтар туындайтынын талай көргенбіз. Бағдаршамның көк түсі жану уақытының аздығынан, ортада қалып қойған көлік жол ережесін бұзуға мәжбүр және апатты жағдай туындатуына да себепші болуы әбден мүмкін. Сондықтан осы жол қиылысындағы жағдай қайта жаңғыртылса дейміз. Бағдаршамның жану бағыттарын реттеп, уақыт жиілігін де қайта қалпына келтірсе, құба-құп болар еді.

Ақназар НҰРТАЗАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың Көлік техникасы және технологиялар кафедрасының оқытушысы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support