- Advertisement -

Жатырқауды білмейтін жайсаң жұрт

156

- Advertisement -

Маржан Қожаева,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі

Кез келген мемлекеттің дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі – этносаралық қатынастардың тұрақтылығы. Елбасының 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 173 Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған 1 наурызда елімізде Алғыс айту күнінің аталып өтуінің үлкен мәні бар.
Бұл – елімізде тұрақтылық пен бірегейліктің, қазақстандықтардың өзара бейбітшілігі мен ынтымақтастығы, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың салтанат құрған күні. Бүгінгі таңда бұл мереке барлық қазақстандықтар үшін қайырымдылықтың, достық пен бірліктің жарқын үлгісіне айналып, ел азаматтарының ынтымағын одан әрі арттыра түсуге ықпал етуде.
Алғыс айту күні – қиын заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен барлық азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін күні. Бүгінде Ұлт Көшбасшысының сындарлы саясатының арқасында елімізде жалпыұлттық бірліктің бірегей үлгісі қалыптасқанын, Қазақстан халқы Ассамблеясы оның арқауына айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды.
1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді нығайтуға арналған қоғамдық-саяси институт әрі азаматтық қоғам – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, республиканың барлық өңірлеріндегідей, біздің облыста да өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамы мен маңызды кеңесші органдар ретінде облыс әкімі аппаратының жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, 175 қоғамдық келісім кеңесі, 27 Аналар кеңесі, 13 медиация кабинеті, 12 Ақсақалдар кеңесі, ҚХА кафедрасы, ғылыми-сараптамалық топ, қолөнер шеберлері мен журналистердің клубы, «Ақ желкен» жастар лигасы бірлесе жұмыс істеуде. Осы қоғамдық институт құрылғанға дейін облыста орыс, өзбек, түрік, шешен-ингуш, кәріс, ұйғыр, неміс, украин сияқты 9 этномәдени бірлестік болса, бүгінде олардың саны 26-ға жетті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық тұрақтылықты, ұлтаралық достық пен татулықты нығайту, облыстағы барлық этностардың мәдениеті, тілі мен дәстүрін жан-жақты дамыту бағытындағы қызметтерді жетілдіруге ықпал етуінің нәтижесінде бүгінде этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің үлгісі қалыптасты. Түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір этнос өкілдері сан алуан мәдениеті мен игі дәстүрлерін көрсету, түрлі мерекелерді бірге атап өтуі арқылы бірліктің ерекше рухын қалыптастыра білді. Белгілі қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың «Елбасы және қазақ мемлекеттігі» атты еңбегінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясы, бұл – осы жылдары өзін толықтай ақтаған Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани идеологиялық жобасы», – деп баға бергені де сондықтан.
Қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттерінің бірі – қайырымдылық. Қазақстанға қоныс аударған кешегі өзге ұлттарды, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде келген азаматтарды өзектен теппей, бауырына басқан қазақ халқының бойындағы мейірбандылық өзге этнос өкілдеріне де үлгі болды. Бұл туралы Елбасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» фестивалінде сөйлеген сөзінде былай деп атап өтті: «Қайырымдылық – біздің ата дәстүріміз, қайырымдылық – біздің қанымыздағы асыл қасиет. Қайырымдылық бірлігі жарасқан, ынтымақты елде қанат жаяды. Біздің халқымыздың бойындағы осындай киелі қасиет Тәуелсіздік жылдарында жарқырай көрінді».
Иә, қайырымдылық, бұл – азаматтық қоғам санасының жоғары деңгейге көтерілуінің, рухани құндылықтар маңызының артуының көрінісі. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім» деп көрсету арқылы қоғам алдында маңызды міндеттер жүктегені белгілі. Сондықтан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде қоғамдық келісімнің өзегі болып қана қоймай, Тараз қаласы мен барлық аудандардағы меценаттар, жеке кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктер мен бизнес өкілдерінің басын қосатын жиындар, қайырымдылық акциялардың ұйыстырушысы болып отыр.
Биыл еліміз Алғыс айту күнін үшінші рет атап өтуде. Жоспарланған мерекелік іс-шараларға облыс тұрғындарының барлық санаттары тартылуда. «Қайырымды Ел», «Қайырымды көршіге рахмет» «Алғысым шексіз анама!», «Отаныма мың тағзым!», «Жамбылдықтар алғысы», «Алғысымыз бар қарттарға», «Жанымда жүр жақсы адам» атты байқаулар мен ашық сабақтар және түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылуда. Бұл игі іс-шаралар барысында облыс жастары әлеуметтік желіде тілек білдіріп, сенбіліктерге шығып, ҰОС ардагерлері мен жалғызбасты қарияларға тұрмыстық көмектер көрсетіп, қоғамдық орындарда телерепортаждар жүргізбек. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен кәсіпкерлік субъектілердің қайырымдылық жәрмеңкесін, облыстық дәрігерлердің Ашық есік күні акциясы аясында тұрғындарға медициналық тексерулер өткізуіне мұрындық болып, мереке күні арнайы орындарда кездесулер, театрландырылған қойылымдар мен концерттер өтіп, келушілерге жақсы көңіл-күй сыйламақ. Бұл бастамалардың қазақстандық бірегейлік пен бірліктің, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың нығаюуына ықпал етері анық.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support