- Advertisement -

Дауылпаз дирижердің жалғасы

172

- Advertisement -

Ерлан Бақтыгерей Таразда шеберлік сабағын өткізді

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген, Ш.Қажығалиев атындағы I республикалық дирижерлер аламанының, Н.Тілендиев атындағы I республикалық және халықаралық дирижерлер байқауларының лауреаты, жерлесіміз Ерлан Бақтыгерей облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы шақыруымен туған жеріне атбасын бұрып, облыстық филармония залында шеберлік сабағын өткізді.
Меркінің тумасы бұл ұсынысты қуана қабыл алыпты. Ол облыстық филармонияның қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің, «Алатау» фольклорлық ансамблінің, «Кәусар» вокалдық тобының және Тараз мемлекеттік университетінің музыкалық білім кафедрасы хорының қатысуымен өткен шеберлік сабағында жиналғандарға бар білгенін айтып, түсіндірді. Оның басқаруындағы оркестр құрамындағы өнерпаздардың үйлесімі, шығарманың орындалу барысындағы музыка үнінің гармониясы мүлдем бөлек екен. Әр аспап иесіне жеке көңіл аударған дирижер музыка үні қашан өзінің көңіліндегідей шыққанша тыным таппады. Жақсы орындаушылардың шеберлігін де атап өтті. Музыканың сырына қанық дирижердің сабағына оркестр мүшелері үлкен қызығушылық танытты.
Кейіннен Ерлан Бақтыгерей оркестр мүшелерін – жамбылдық өнерпаздарды үнемі шығармашылық тұрғыдан өсіп отыруға шақырып, әлемдік деңгейдегі дирижер Карлос Глайбердің, өз еліміздің хас таланттары Шамғон Қажығалиев пен Нұрғиса Тілендиевтің өнер өлкесінде бағындырған белеcтеріне тоқталды. «Алатау» фольклорлық ансамбліне, «Кәусар» вокалдық тобына және Тараз мемлекеттік университетінің хор ұжымына да өзінің ескертпелері мен ұсыныстарын айтып, олқылықты түзету қажеттігін сөз етті. Шын шебердің жетекшілігімен өткен сабақтан аталған ұжым мүшелері ерекше әсер, тәлім алғаны анық.
Соңында облыстық филармония директорының орынбасары Жандос Омаров осында өткізген шеберлік сабақтары үшін Ерлан Бақтыгерейге шынайы алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support