- Advertisement -

Несіпбек Дәутайұлы – халықаралық «Рух» байқауының жеңімпазы

456

- Advertisement -

Біршама уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелерді іске асыру, қоғамдық сананы жаңғырту, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде таныту, жаһандағы қазақстандық мәдениетті дамыту мақсатында елімізде алғаш рет халықаралық «Рух» әдеби байқауы ұйымдастырылған болатын.

«Проза: роман, повесть», «Проза: әңгіме, эссе», «Поэзия: поэма», «Поэзия: өлеңдер», «Үздік драматургия», «Әдеби сын», «Балаларға арналған поэзия», «Балалар прозасы» сынды сегіз аталым бойынша өткізілген байқауға мыңнан астам шығарма түсіп, оның жарамды деп табылған 899-ы «Әдебиет» порталында жарияланған-ды. Әдебиет аламанына Ресейден – 55, Украинадан – 12, Беларусьтен – 6, Әзірбайжаннан 2 шығарма орыс тілінде қатыстырылса, Қытайдан – 40, Моңғолиядан – 23, Түркиядан 5 туынды қазақ тілінде келіп түсіпті. Жалпы, байқаудың қазақ бөліміне 403 шығарма қатыстырылса, орыс бөліміне 493 еңбек, ағылшын тілінде 3 туынды жолданыпты.
Тұңғыш рет өткен Халықаралық «Рух» әдебиет додасының барынша әділ өтуіне барлық жағдай жасалыпты. Ұйымдастырушылар қазақ әдебиетінің жаңа тұрпатына зер салып қана қоймай, сондай-ақ байқауға қатысқан шет мемлекеттер әдебиетінің де бүгінгі деңгейі мен тынысына барлау жүргізуді, олардың ортақ үйлесімін таразылауды мақұл көргені сөзімізді айғақтай түседі. Сонымен қатар, жас ұрпақты өмір ақиқаты мен көркем шындық ықпалы арқылы тәрбиелеуге де ұйымдастырушылар баса ден қойғаны қуантады. Осы байқау арқылы біз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы әдебиетке үлкен серпіліс әкелгенін аңғардық. Ауқымды дүниеге ақын-жазушылардың айрықша ықылас танытқаны да көңіл тоғайтады.
Шынын айту керек, елімізде ашық-жабық шарттарға сай әдебиет аламандары көптеп өтіп келеді. Алайда «Рух» додасындағыдай деңгей бұрын-соңды болған емес. Мұнда әдебиет мәртебесіне деген бүгінгі дәуірлік көзқарас айқын сезіледі. Шараның түпкі миссиясы әдебиетке деген құрмет пен сүйіспеншілікті орнату болды. Қазылар алқасы да осыншама көп шығарманың ішінен ең үздіктерін тани білді.
Қаламгерлер қауымының рухын аспандатқан бірінші «Рух» халықаралық байқауында жерлесіміз, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, өзінің шығармашылық өмірбаянында көптеген ашық және жабық әдебиет аламандарында жеңімпаз, жүлдегер атанған белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы «Проза: әңгіме, эссе» номинациясында «Тағдыр» атты әңгімесімен сынға түсіп, Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Бұл – жерлес жазушының кезекті үлкен табысы. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында өтті. Салтанатты шара барысында ұйымдастырушылар Несіпбек Дәутайұлын 2 миллион теңгемен, дипломмен және кәдесыймен марапаттады.
Таяуда ғана Еуразия жазушылар қауымдастығының шешімімен Несіпбек Дәутайұлы аталмыш қауымдастықтың құрметті мүшелігіне қабылданған болатын. Жалпы, Еуразия жазушылар қауымдастығына 20 шақты елдің тек мықты қаламгерлері мүше бола алатыны әу бастан белгілі. Бұл ұлт және өңір әдебиеті үшін толайым табыс екені сөзсіз. Алдағы күндері жазушының түрік тіліне аударылған «Аты жоқ әңгіме» жинағының тұсаукесер рәсімі Түркия елінің астанасы Анкара қаласында ресми түрде өтпек.
Жерлесіміздің шығарма-шылығының шарықтай түсуіне тілектеспіз!

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support