- Advertisement -

«Еркіндігімізден артық бақыт жоқ»

257

- Advertisement -

Сембек Сейдәзімов,
облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы,
«100 жаңа есімнің» жеңімпазы:

– Сембек Әбетайұлы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында өткізілген «100 жаңа есім» байқауының жеңімпазы болғаныңызбен құттықтаймыз!
– Рахмет. Бұл жетістігімді жерлестерімнің, елдің ықыласы деп бағалаймын.
– Сұхбатымыз ел тәуелсіздігінің 26 жылдық мерейлі мерекесіне сәйкес келіп отыр. Сіз еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген сәтте қай қызметте едіңіз? Қазақ еліне келген еркіндікті қалай сезіндіңіз?
– Мен ол уақытта Таразда кірпіш шығаратын «Кирпичник» кәсіпорнының директоры едім. Жүрегіміз жарылып қуанып, сол қуанышты қарапайым тұрғындармен, еңбек адамдарымен бөлістік. Тәуелсіздігіміздің баянды, тұғырлы болуын, Елбасының әлем алдында мәртебелі болуын тіледік.
– Қазір бәрі көрген түстей. Алайда, тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиындықтар аз болмады ғой. Оны өзіңіз де жұмыс барысында сезінген шығарсыз?
– Әрине, бір жүйеден екінші жүйеге ауысу қалыптағыдай жүре салмайды ғой. Әшейін, киіз үймен жайлаудан күздеуге көшкен малшылар да біраз жайланып алғанша әбігерге түседі емес пе?! Тәуелсіздікке қол жеткізген бір елдің қалыптасуы қайдан жеңіл болсын! Оның қиындықтары болды. Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыз ол күндердегі ауыртпалығы мол жағдайлардан да жол тауып, елдің жүрегіндегі сенімді нығайта білді ғой. Оған отаншыл азаматтар демеу болып, қолдау білдірді.
Бұл өзгерісті біздің кәсіпорын да сезінді. Кедергілер аз болмады. Соған қарамастан, жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз. Тәулігіне 30 мың кірпіш шығарып тұрдық. Алғаш ашылғанда 65 адамды жұмыспен қамтып едік. Осы жылдарға дейін 70 адамды еңбекпен қамтып келеміз. Біздің кірпіш өніміміз аурухана, емхана, мектеп, балабақша құрылыстарына пайдаланылады. Сапасы жоғары. Жылына 10 миллион данадан астам кірпіш шығарып келген едік. Соңғы жылдары Елбасының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылы Украинаның Харьков құрылыс машиналары зауытынан жаңа қондырғы алу нәтижесінде бүгінгі таңда жылына 15-30 миллион дана күйдірілген кірпіш шығаратын дәрежеге жеттік. Қондырғыларымыз жаңарғанмен, жұмысшылар саны қысқарған жоқ. Еңбек адамдарының да мүддесін ойлап отырмыз.
– Өңіріміздің дамуына үлес қосып, облыстық мәслихаттың үш шақырылымына депутат болдыңыз. Сіз көздеген қандай жұмыстар жүзеге асты? «Әттеген-айыңыз» бар ма?
– Үш шақырылымда да Жамбыл ауданы №14 сайлау округінен сайланып жүрдім. 13 мың 300 сайлаушым болды. Әрине, олардың барлығының тілек-ниетін орындап, көңілдерінен шығу оңай емес еді. Бұл округке Гродеково, Жасөркен, Қызылқайнар, Жалпақтөбе, Ақбұлым ауылдары және Қаратау деген бөлімше қамтылады екен. Жалпақтөбеде жаңа мектеп және емхана, Мәдениет үйінің салынуына ықпал еттік. Жасөркенде және Қаратау бөлімшесінде жаңа мектеп бой көтерді. Мұның барлығы тәуелсіз еліміздің өркендеуінің арқасында жүзеге асқан қомақты істер. Біз халық қалаулысы ретінде себепкер, дәнекер ғана болдық. Бұл – Елбасының дана саясатының, қалалар мен ауылдарға жасаған қамқорлығының жемісі.
Үш шақырылымға депутат болғанымда сайлаушыларымның көпшілік тілегін орындай алдым. Жалпы, мақсатымның 98 пайызын жүзеге асырдым деп айта аламын.
– Қазір облыстық қоғамдық кеңесте хатшы қызметін атқарасыз. Оған қоса, облыстағы мониторинг тобын басқарып келесіз. Қандай түйткілдер бар?
– Былтырдан бері облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі қоғамдық кеңестер құрылғаны белгілі. Бұл кеңестерде көптеген қоғамдық мәселелер аудан басшыларының, облыстық басқарма, саяси ұйым басшыларының қатысуымен қаралып, оң шешімдер қабылдануда. Облыстық қоғамдық кеңесті тәжірибелі маман Жандар Кәрібаев іскерлікпен басқарып отыр. Мұның барлығы ел ертеңі жастарға болысу. Солардың тәжірибесін шыңдауға жол ашу деп білемін. Себебі, тәуелсіз еліміздің болашағын нұрландыратын – сол жастар.
– Жақында «100 жаңа есімге» еніп, Елорда төрінде Елбасы өткізген арнайы жиынға қатысып қайттыңыз. Жиыннан алған әсеріңіз қандай?
– Облысқа келген сапарларында және «Нұр Отан» партиясының 5 мың адам бас қосатын үлкен республикалық жиындарында Елбасын көріп жүрмін ғой. Ал бұл жолғы әсерім өте жоғары болды. Себебі, Елбасы 100-ден астам адамның ғана басын қосып, сұхбат өткізді. Керемет толқып, көңілге көп жайды түйдім. Ол кісінің ел дамуындағы даналығын, табандылығын тағы да сезіндім. Елбасының «Кешегіні есте сақтау керек. Бүгінгі жұмысты атқару керек. Болашаққа жоспар жасау керек» деген сөзі көңілімде қалып қойды. Бұл – барлық қазақстандықтар көңіліне түйіп жүретін сөз.
– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз…
– Өмірлік жолдасымның аты – Мемлекет. Үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Немерелеріміз бар. Арман деген немеремнің ертеңінен үлкен үміт күтемін. Барлығына тәубе!
– Жерлестеріңізге айтар тілегіңіз?
– Әр қазақстандық азамат тәуелсіздігіміздің бағасын білсе екен деймін. Әрбір жас – елдің жарқын болашағы екенін сезінсе ұтарымыз көп. Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, әр шаңыраққа бақыт, береке тілеймін! Тәуелсіздігіміз мәңгілік алтын тұғырынан таймасын!
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support