- Advertisement -

«Көгадыр» кенішінің келешегі кемел

175

- Advertisement -

20160905135606Кеңестік кезеңде ауданның тау бөктерлері зерттеліп, алтын, күміс, уран тәрізді қойнауы кенге бай орындар картаға түсірілген болатын. Соның бірі – аудан орталығынан небәрі отыз шақырымдай жердегі Көгадыр қырқаларын қопарып, жыныс құрамынан алтын, күміс, мыс тәрізді бағалы металдар айырып жатқан «Central Asia Gold Production» ЖШС жұмысын бастағалы үш жылдың жүзі болды. Ол үшін жүз гектарға жуық жер бөлініп берілген. Бүгінде кеніш Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ұйғарымымен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген нысандардың қатарында. Алғаш 1988 жылы ашылып, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде мұнда 1 мил-лион 300 мың унция алтын қоры жатқаны болжанған (1 унция=31,1гр.) болатын. Басқаша айтқанда, бұл маңайдағы жер қыртысындағы алтынның мөлшері бір тонна кенде 1,75 грамға есептелген.

2013 жылдан кен өндіру қолға алынып, еліміздің оңтүстігі мен Орта Азия аймағындағы бірегей алтын кеніштерінің тізіміне енгізілген «Көгадырдағы» жұмыс 15 жылға жобаланып отыр. Осы мерзімде бұл жердегі кен қоры толық игеріліп болмақ. Жобаны қолға алған «Central Asia Gold Production» ЖШС кен орны құрылысына 200 миллион АҚШ доллары көлемінде (2 миллиард 100 миллион теңге) инвестиция құйғандағы басты мақсаты – қымбат және түсті металдарды қорытып, өңдеу міндетін жобаға сай атқарып келеді. Өндірістің жобалық қуаты жылына 600 мың тонна кенді өңдеу. Жыныс құрамынан химиялық жолмен алтын айыруда қолданылатын басты компонент – натрий цианиді Сарысу ауданындағы «Talas invest Company» компаниясынан алады. Оны арзан бағамен Қытайдан да әкелуге болатынына қарамастан, отандық өндірісті қолдау мақсатында кәсіпорын осындай қадамға барып отыр. Кен жер қыртысын терең бұрғылап жару арқылы ашық әдіспен қазып алынуда. Ал өңдеу ұсақталған жыныстарды үймектеп сілтісіздендіре отырып одан катодтық сұйық алтын немесе Доро құймасын алуға негізделген. Бұл өнімдер одан әрі тазартылып саф алтынға айналу үшін еліміздегі афинаж зауыттарына жіберіледі.

Биыл кәсіпорын тарапынан 750 миллион теңге инвестиция салынып, тасты ұсақтау кешені жаңартылған. АҚШ-та шығарылып, алтын өндірісі кең қанат жайған Африка елдерінде құрастырылған кешен жуырда іске қосылды. Бұл келер жылдан бастап кәсіпорынды толық қуатына шығаруға мүмкіндік береді. Қазір кен орнында жұмыс істейтін екі жүздей адамның елу шақтысы – аудан тұрғындары. Әр жұмысшының орташа айлық жалақысы 150 мың теңгені құрайды. Өндіріс он бес күндік вахталық режімде жүргізіледі. Кеніште еліміздің әр шалғайынан, облыс аудандарынан келіп жұмыс істеушілер бар. Олар үшін мұнда үш жүз орындық жатақхана, асхана, монша жұмыс істейді.
«Көгадыр» кенішінде өндірісті толықтай ақырғы нәтижеге бейімдеу жолдары да іздестірілуде. Өткен айда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауданға жұмыс сапарымен келіп, кеніш басында болғанда, серіктестік басшысы Азамат Сапарғазинов осы жерден кен байыту фабрикасын салу ұйғарылып, маңайдан жер асты су көздерін іздестіру үшін бұрғылау жұмыстары жүргізілгенімен, оған қажетті мөлшерде су табылмай отырғанын айтқан болатын. Өңір басшысы оларға жақын маңайдағы Қақпатас су қоймасының суын пайдалануды ұсынып, тиісті сала мамандарына мұның мүмкіндіктерін жан-жақты екшеп көруді тапсырды.
2014 жылы желтоқсан айында Көгадыр кен өңдеу зауытының ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы: «Бұл өндіріс орны әлі-ақ аудан, облыс қана емес, еліміздің экономикасына сүбелі үлес қосатын болады» дегені есте. Алтын кенішінің жылдан-жылға өсе түскен көрсеткіштері осының айқын дәлеліне айналып отыр. Егер іске қосылған алғашқы 1915 жылы мұнда 246,4 миллион теңгеге 34 кило алтын өндірілген болса, былтыр 811,7 миллион теңгеге 67 кило өндіріліпті. Ал, биылғы тоғыз айдың өзінде 990,3 миллион теңгеге 75,7 кило алтын, 7 кило күміс өндірілген.
Жыл соңына дейін Доре қоспасы түрінде өндірілген алтын көлемін жүз килоға жеткізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек салықтар және басқа да міндетті төлемдер түрінде жергілікті бюджетке түсіп жатқан кіріс көлемі де арта түсуде.

Қордай ауданы.

Құрманбек әлімжан,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support