- Advertisement -

«Кемелді келешекке – кемеңгер Елбасымен!»

437

- Advertisement -

IMG_0332 IMG_0265Облыстық форумға қатысқан жас ұландардың ұраны осындай

Біз кемел келешекке бет түзеген елміз. Оған бәсекелік қабілетімізді арттырғанда жетеміз. Бір сөзбен айтқанда, ертеңіміздің жарқын болуы өскелең ұрпақтың еңбекқорлығы мен елжандылығына байланысты. Ал жастарымыздың бойында осындай патриоттық рух бар ма? Бұл сауалдың жауабын Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру, қолдау шаралары аясында өткізілген «Кемелді келешекке – кемеңгер Елбасымен!» атты облыстық жастар форумынан тапқандай болдық.
Облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін және «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталықтары бірлесіп ұйымдастырған шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, облыс әкімдігі білім басқармасының қызметкерлері, қалалық және аудандық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының үйлестірушілері, тәлімгерлері, белсенді жасұландықтар, жас қырандықтар қатысты.
Форумды республикалық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Сәдуақасова сөз сөйлеп ашты.
«Қадірлі жасұландықтар, жасқырандықтар! Әлемде қарқынды түрде өзгерістер орын алып жатыр. Біз осы үдеріске ілесуге дайынбыз ба? Көштен қалмауымыз үшін не істеуіміз керек? Әрине, ең алдымен ел жастары көпке ілесіп, еліміздің ізденімпаз, намысшыл перзенттері болуға ұмтылуы тиіс. Себебі, ел болашағы – жастардың қолында. Бірлік пен татулықты ту етіп, ел дамуына білімдеріңмен, өнер мен спортта қол жеткізген жетістіктерің арқылы үлес қосуға – міндеттісіңдер. Сондықтан бойларыңда жақсы қасиет көп, отаншылдық сезім жоғары болсын, – дей келе Динара Тайбасарқызы бір топ белсенді ұланды марапаттады.

Салтанатты шарада форумға қатысушыларға сәттілік тілеген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев өз сөзінде өңірде 18 мың жеткіншектің «Жас Ұлан» ұйымының, 60 мың жасөспірімнің «Жас Қыран» ұйымының мүшелері екеніне тоқталды. «Елбасы жастарға сенім артып отыр, жақсы білім, жоғары бәсекелік қабілетпен сенімді ақтау – жас ұландар мен жас қырандардың парызы»,– деп атап айтты.

Салтанатты шарада тараздық оқушылар «Жас Ұлан» ұйымына мүшелікке қабылданды. Бұл рәсімді партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы жүргізді. Мұндай мәртебеге Тараздағы №30 орта мектептің 10 үздік шәкірті ие болды. Аталған мектептің оқушысы Диляра Ортаева «Жас Ұлан» ұйымына қабылданғандардың атынан ант берді. Облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Айжан Әлібекова өңірдегі жасұландықтардың бірлесіп атқарған істерін айтып өтті.
Шарада «Алау» жасөспірімдер тобының әншілері «Ел қорғаны – Елбасы!» әнін орындап, патриоттық рухты жаныды. Меркілік жас дарын Айбол Алпысбайдың орындауындағы «Аманат» әні, «Ұлы дала» би тобының өнері,«Алау», «Ерке» топтары бірігіп шырқаған «Қазағым менің» әні жүректен-жүрекке жетті. Облыстық форум қордайлық «Мұрагер» тобының «Алға» патриоттық әнімен түйінделді.
Әуеннің сазы, өлең сөзінің құдіреті залдағы 500 адамды орнынан тік тұрғызды десек, артық айтпаймыз. Бұл шара жас патриоттар, жасөспірім таланттардың жүрегіне от беріп, рухын көтерді. Иә, елжанды ұрпақ барда елдің еңсесі биік, абыройы асқақ бола береді.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support