- Advertisement -

Дәулетімізге сәулетіміз сай

125

- Advertisement -

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды орындау – Қасқабұлақ ауылдық округі әкімдігі қызметкерлерінің басты міндеттері. Ондағы айтылған тапсырмаларды басшылыққа алып, арнайы іс-шара жасап оны жүзеге асырудамыз. Ауылдағы экономикалық-әлеуметтік, рухани салаларда өркенді өзгерістер – осындай стратегиялық мәні бар жоспарлардың нәтижесі.
Округте 1225 адам тұрады. Олар 13 шаруа қожалығына бірігіп, 500 гектар егістік алқабын игеріп отыр. Жайылымдық пен шабындық жер де жетерлік. Ауылымызда бір орта мектеп, фельдшерлік пункт, Мәдениет үйі, кітапхана бар.
Соңғы жылдары Үкіметтік бағдарламаларға сәйкес «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша несие алып мал өсіріп, оның өнімдерін нарыққа шығарып, тұрмысын түзеген шаруалар саны да көбейе түсті. Жондағы егіс алқаптарын да игеру үстіндеміз. Тұрғындар өздеріне қажетті жемшөптерін дайындап алды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарға қажетті отындар жеткізілді.
Ауылымыздағы әлеуметтік мәселелер де оң шешімін табуда. Үстіміздегі жылы 50 балаға арналған мектептің құрылысы басталған болатын. Қазір ол нысанда жұмыстың 75 пайызы атқарылды. Сәтін салса, қасқабұлақтық оқушылар келер оқу жылында заманауи үлгідегі мектепте оқитын болады. Таяу жылдары ауылға ауызсу құбырын тарту да жоспарланып отыр. Сол сияқты Қаратау қаласынан Есейхан би ауылына, ол жақтан ауылға қарай қатынайтын асфальт жол да жөнделеді деп отырмыз.
Ауылдық округ әкімдерінің облыстық кеңесін жыл сайын асыға күтеміз. Себебі, аудандарда бір-біріміздің жұмысымызды саралап, бағалайтын әріптестеріміз бар. Округ әкімдерінің де айтары жоқ емес. Бұл – біздің ойымызды жеткізуге, тәжірибемізді бөлісуге берілген мүмкіндік. Ауыл әкіміне жүктелген жауапкершілік те ауыр. Сондықтан, округ әкімдерінің беделін әлі де көтерген дұрыс. Әрине, облыстық семинардан күтеріміз өте көп.
Біздің ауылда негізінен күрді халқының өкілдері тұрады. Дегенмен, жанымыз да, жүрегіміз де қазақ халқымен бірге. Биыл ұлтымыздың сонау Әзірбайжаннан Қазақстанға күштеп жер аударылғанына 80 жыл толды.
Қазақстан біздің туған Отанымыздай. Ендеше, Елбасының «Туған жерге туыңды тік!» деген бағдарламасы бізге де ортақ. Ауылымыздан шыққан, қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген күрді ұлтының өкілдері Қасқабұлаққа атамекеніміз деп атбасын бұрып, жиі келіп тұрады. Қолдарынан келгенше ауылды көркейтуге демеушілік жасап жүр. Әсіресе, мектепке көп көмек беруде.
Әр адамға рухани жаңғыру керек екенін біз жақсы түсінеміз. Ол дегеніміз – сананың, болмыстың өзгеруі. Үлгілі қасиеттер елімізді төрге оздырып шығарады. Оның ең озығы – ұлтына қарамайтын толеранттылық. Қазақстандық бірегейлік пен біртектілікті қалыптастыру – барлығымызға сын. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуі үшін қасқабұлақтықтар да тер төге беретін болады.
Сулхаддин Мұстафаев,
Қасқабұлақ ауылдық округ әкімі.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support