- Advertisement -

Жеңіс қолдан сусып кетті

111

- Advertisement -

ВТБ бірыңғай лигасы баскетбол турнирінде топқа түсіп жатқан «Астана» командасы Ресейдің «Химки» командасымен кездесіп, азулы қарсыластарына 1 ғана ұпай айырмасымен есе жіберіп алды.
Қазақстандық команда Алексей Швед секілді жұлдызды ойыншысы бар командаға қарсы ойнағанын айта кету керек. «Астана» қарсыластың беделіне қарамастан, керемет ойын үлгісін көрсетті. Өзара он екі кездесудің он бірінде «Химкиге» есе жіберген елордалықтар осы жолы жеңімпаз атануға бар күшін салды.
Алғашқы он минуттықта «Химки» командасы өздерінің шын мықты екенін танытып, 26:17 есебімен алға шықты. Алайда, «Астана» баскетболшылары жеңіліп жатса да, жанкештілік танытты. Нәтижесінде, отандастарымыз үлкен үзіліске дейін есеп айырмасын қысқарта алды. 36:38 есебімен ұтылып жатқан «Астананың» ойыны ширай түскендей көрінді.
Үзілістен кейін «Астана» баскетболшылары жеңіске деген құштарлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Әрбір сәтті ұтымды пайдаланды. Сәт сайын «Астана» есепте алдыға шығып отырса, «Химки» қазақстандық команданы қуып жетумен болды. Әрине, олардың сапында ойнаған әйгілі Алексей Швед командасын өрге сүйреумен болды. Әттең, сол Швед сәтсіз ойнағанда дестік. «Астана» сенсациялық жеңіске соңғы сәтке дейін жақын тұрды. Алайда, әлгі Алексей Швед 1 минуттың ішінде командасына 7 ұпай сыйлап, көңіл-күйімізді бұзып жіберді.
Десе де 72:71 есебімен ұтылып жатқан «Астана» баскетболшылары соңғы секундта жеңісті жұлып алатын мүмкіндікке ие болған еді. Алайда, екі бірдей айып добын мүлт жіберіп алды. Өкініш өзекті өртеді. Әйткенмен, соңғы сәтке дейін ойыншылар құрамы мығым командамен арыстандай арпалысқан «Астанаға» ішіміз жылып қалды.
«Астана» сапындағы Энтони Клеммонс, Джастин Картер сынды саңлақтарымыз спорттық бабына қайта оралды. Олар осы ойында барын салды. Демек, «Астананың» алдағы ойындарынан жеңіс күтуге болатын секілді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support