- Advertisement -

Әдептен озбайық, бұра тартып тозбайық

127

- Advertisement -

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында 6 мемлекеттік қызметшінің мәселесін қарау жоспарланған екен. Алайда, тәртібі қаралуға тиісті азаматтардың бірқатары белгілі себептермен жиынға қатысқан жоқ. Жиынды мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы – әдеп кеңесінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев ашып, жүргізіп отырды.
Бірінші болып, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Берген Омарбек пен осы аудандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мыңжасар Аймағанбетовке қатысты тәртіптік іс қаралды. Осы мәселеге зерделеу жүргізген маманның айтуынша, ауданда жаңадан ашылған көлік бағытының және салынған аялдаманың құжаттары талапқа сай рәсімделмепті. Аудан әкімінің орынбасары Б.Омарбек еңбекке жарамсыздығын растайтын қағазы бар болуына байланысты жиынға келе алмады. Ал М.Аймағанбетовке ескерту түріндегі тәртіптік жаза берілді.
Келесі кезекте Қордай ауданы, Қасық ауылдық округінің әкімі Айтжан Әбдібаевқа қатысты тәртіптік іс талқыға түсті. Мұндағы мәселе тұрғындарға бөлінген жер теліміндегі кейбір жөнсіздіктерден туындаған екен. Ауылдық округ әкімі А.Әбдібаев мұндай келеңсіздікке әкім болған 20 жыл ішінде бірінші рет тап болып тұрғанын, енді мұндай олқылыққа жол бермейтінін айтып, кешірім сұрады. Ал Ауқатты ауылдық округінің әкімі еңбек демалысында жүргендіктен бұл жиында төбе көрсетпеді.
Бұдан кейін Тараз қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Назира Сәбденалиеваның тәртіптік ісі қаралып, оның қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде тәртіптік жаза қолданылды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Сержан Бексұлтановтың қызмет жағдайында өрескел қателіктер жібергені анықталыпты.
Түйіндеп айтқанда, С.Бексұлтанов тарапынан «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі туралы» Заңының талаптары сақталмағаны өз дәлелін тауыпты. Оның мұның алдында да сөгіс түріндегі тәртіптік жазасы бар екен. Сондықтан, әдеп кеңесінің мүшелері С.Бексұлтановты қызметінен босату туралы ұсыныс жасауға бірауыздан келісті.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support