- Advertisement -

Атына заты сай басылым

97

- Advertisement -

SAM_3114Асық Уәли, зейнеткер,
Қордай
ауданының
Құрметті
азаматы.

Тоқсан бес жылдық тарихында әртүрлі атаулармен шығып келген облыстық газетіміз 1990 жылдан бері «Ақ жол» аталады. Осы мезгілде газет жаңа атына заты сай басылымға айналды деп айтуға негіз бар. Мен бұл газетті инженерлік мамандық алып ауылға келіп жұмысқа кіріскен қылшылдаған отыз жасымнан бері, яғни, жарты ғасырдан аса үзбей алып оқимын. Оның беттерінен әр оқырман өзіне керегін тауып оқиды. Республикалық маңызды жаңалықтардан бастап, облыстың өзге аудандарында болып жатқан жайлармен жан-жақты танысуға мүмкіндік бар. Әрине, оның ішінде өз ауданымыздан жазылған мақалаларды жиі оқимыз. Жақсы істерге сүйініп, әттеген-айларға күйініп отырамыз.
Мені өңірдегі шаруашылық, өндірістік істерімен қатар, тарихи танымдық материалдар қызықтырады. Жаһандануға бет алған мынадай кезеңде жас ұрпақтың ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздан, салт-дәстүр, мәдениетіміздің тәрбиелік мәні жоғары жоралғыларынан қол үзіп қалмауы маңызды. Өлкеміздегі жер-су атауларының сырына үңілу де керек. Жуырда «Ақ жолда» осы тақырыпқа арналған «Атамекен атаулары» деген жаңа айдар пайда болғанын дұрыс санаймын. Ұлы Абайдың өзі аяқ басып сұлулығына тамсанған «Сұлутөр», алты ай қыста қасқа жолды адуын ақ боранмен бөгеп, қаһарына сан мінетін «Қордай асуы», аспанға найзадай шаншылған «Әулие шоқы», атақты «Аңырақай даласының» қай-қайсысы да жазуға сұранып тұрған, өскелең ұрпақтың туған жерге сүйіспеншілігін оятып, патриоттық сезімін нығайтатын тақырыптар.
Мен өзім сөз өнеріне бүйрегім бұрып тұратын, өлең сөзге бейімім бар болғандықтан әдебиет тақырыбының да жиірек жазылуын қалаймын. Бұл жөнінен де «Ақ жол» меселімді қайтарған емес. Белгілі жазушылар мен өнер адамдары, спорт қайраткерлері туралы естеліктер, жергілікті жазушылардың шығармаларынан үзінділер жариялап тұрады. Екіншіден, өңірден шыққан жас таланттардың қаламын ұштап, насихаттап отыруы да өте құптарлық.
Қысқасы, «Ақ жол» – өңірдегі әрбір қазақ отбасы жаздырып алса, еш өкінбейтін басылым. Газетті біздің отбасы мүшелерінің барлығы – зайыбым, балаларым, келінім, ересек немерелеріме дейін оқиды. Өйткені, «Ақ жолда» олардың әрқайсысы үшін маңызды, қызықты тақырыптар бар.

Қарасай батыр ауылы,
Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support