- Advertisement -

Чемпион Белбеуінен айырылды

63

- Advertisement -

Жанат Жақиянов Райан Барнеттке жол берді

ZZКәсіпқой бокс әлемінде ZZ лақап атымен танылған жеңіл салмақтағы қазақстандық боксшы Жанат Жақиянов солтүстік ирландиялық Райан Барнеттпен бірлескен тұжырымдар бәсекесін өткізді.
WBA (super), IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынған шайқасты қазақстандық жанкүйерлер сенбіден жексенбіге қараған түні кірпік қақпай тамашалады. Қарсыластың шаршы алаңында жұдырықтасқан Жанат Жақияновқа бұл айқаста қалайда айқын басым түспесе, төрешілердің бүйрегі Барнеттке бұрып кетуі мүмкін екені сан мәрте айтылған. Сондықтан Жанат Жақиянов гонг үні естіле салысымен шабуылға иек артты. Жекпе-жектің алғашқы раундтарынан бастап Жанат қарсыласын қыспаққа алды. Барнетт болса, қорғана жүріп, шабуылдау әдісін қолданды. Алайда Райан Жанатқа қарсы таза бокстасты деп айта алмаймыз. Жақын қашықтыққа келген қазақ боксшысының қолын қайта-қайта байлап алып, соққы жасауға мүлде мұрша бермесе де, төрешілер Райанды райынан қайтаруға ұмтылмады. Несіне таңғаламыз? Бұл Барнеттің елі!
Сонымен алғашқы төрт раундта Райан Барнетт бірді-екілі мәрте қарсы шабуылға шықпаса, басқа түк те өндірген жоқ. Қайта қысымын арттырған Жанат Жақиянов жақын қашықтықтан қысқа соққылар жасап, шаршы алаң қожайынын әбден әбігерге салды. Біз Жанаттың осы бір әрекетіне тамсанып отырдық. Алайда іште бір күдік атой салды. Шіркін, Жақиянов қарсыласын бір-екі мәрте сұлатып салса деген ой да маза бермеді. Жекпе-жектің ортасына қарай Барнетт белсене бастады. Алыс қашықтықтан бірнеше дөп соққысын тигізді. Дегенмен, Жанат Жақиянов тайсалмады. Қайтадан жақын қашықтыққа барып, Райанды бұрышқа тақап алып, соққының астына алды. Рас, кей соққылар нысанаға дәл тигенімен, біршама соққылар ауа қармап жатты. Ал енді кейбір сәттерде лас әрекетінен танбаған Барнетт Жанаттың қолын байлап ұстап, жібермей, басын төмен салып, әйтеуір қазақстандық боксшыдан соққы алып қалмаудың барлық айла-әрекеттерін жасап бақты. Шаршы алаңдағы төреші де оның бұл әрекеттеріне ләм-мим демеді.
Шайқас ортасынан ауа бастаған шақта Жанат Жақиянов біршама демігіп қалғандай көрінді. Алайда намысты бәрінен биік қойған қазақтың қайсар ұлы сыр бермей, алдыға ұмтылды. Сериялық шабуылдар ұйымдастырды. Десе де енді көптеген соққылар нысанаға жетпей жатты. Бірақ, Барнетт батырыңыз да түк қатырмады. Бірнеше мәрте қашықтықтан соққы жұмсап көрді. Жекпе-жек соңында қос боксшы да аянып қалған жоқ. Барын салып бақты. Дегенмен, Райан соңғы сәттерде өзінің шаршы алаң қожайыны екенін есіне алып, қашықтықтан әдемі комбинациялар жасады.
Жекпе-жек аяқталды. Жанаттың қарсыласына жол бермегенін ішіміз сезсе де, көкейде үміттен гөрі күдік басым. Өйткені, Ұлыбритания мен Ирландия, Солтүстік Ирландия төрінде өткен шайқастарда жергілікті боксшылар үшін төрешілер «аянбай тер төгетінін» талай рет көргенбіз. Тура солай болып шықты. Үш төреші де Райан Барнетті жеңімпаз деп тапты. Осылайша, Жанат Жақиянов WBA (super) белбеуінен айрылып қалды. Десе де шаршы алаңда жанкештілік танытқан қазақстандық боксшы белбеуін жоғалтқанымен, абыройын жоғалтқан жоқ. Қарсыласымен арыстанша алысты. Тек төрешілер дұрыс бағалағанда кем дегенде тең түсіп тұрған. Амал нешік.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support