Жақсылық жаса адамға!

Жақсылық жаса адамға!
ашық дереккөз
Жақсылық жаса адамға!
Екатерина Цойды қаратаулықтар жақсы таниды. Ұлты кәріс болғанымен, жаны – қазақ ол қашанда қайырымдылығымен көптің қошеметіне ие. Әсіресе, тұрмысы төмен отбасыларына, жалғызілікті кісілерге, мүгедектерге қолұшын беруге даяр тұрады. Осы мақсатта әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға арнап дүкен де ашып қойған. Кәсіпкердің «Анжелика» атты асханасынан денсаулығы нашар бірнеше адам арзан бағада тамақтанады. – Төсегінен тұра алмайтын мүгедектерге арзандатылған бағамен тағамдарды үйіне дейін апарып тұрамыз, – дейді ол. Қайырымды кәсіпкер аудандағы демеушілік жасау бағытындағы іс-шарадан еш тыс қалған емес. Барын беріп, алғыстарын алып жатады. Аудандағы мүгедектер қоғамын басқаратын Екатерина жақында тағы бір игілікті істің ұйымдастырушысы болды. Қаратау қаласындағы «Үміт» интернатының оқушыларын, қарттар үйіндегі қариялардың басын қосып, «Жақсылық жаса адамға» атты акция өткізді. Қарттар үйінің директоры Айтолқын Әбдібекова жанары мұңға толы жандарға қолұшын беріп жүрген кәсіпкерге алғысын білдірді. Сазды әуен мен мың бұралған бимен жалғасқан кеште қаладағы Карл Маркс орта мектебі мен Балалар өнер мектебінің оқушылары өнер көрсетіп, іс-шараға қатысушылардың алғысын алды. Жиын барысында кәсіпкер Дәуталиевтер қарттармен мүгедек балаларға сый-сияпат жасады. – Біздің қоғамдық бірлестікте 1,5 мыңнан астам адам тіркелген. Әрине, олар мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Соған қарамастан, ондай жандар жақсы адамдардың көмегіне ділгір. Сондықтан, қолдан келгенше көмектескенге не жетсін?! Өкінішке қарай, бақуатты жандар осындай қайырымды іске келгенде тартыншақтап қалады. Әйтпесе олардың киім-кешектерін, азық-түліктерін дүкенімізге қабылдап, мұқтаж жандарға таратып отырар едік, – дейді Е.Цой.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Қаратау қаласы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар