- Advertisement -

Сыбайлас жемқорлықпен күресті әр адам өзінен бастауы тиіс

142

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастырумен М.Үркімбаев атындағы «Жастар сарайында» «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» атты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық форум өтті. Форумға «Нұр Отан» партиясы облыстық, аудандық мәслихатындағы депутаттық фракцияның, облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері, басқарма басшылары, құқық қорғау және үкіметтік емес ұйымдардың, ақпараттық құралдардың өкілдері мен студент жастар шақырылды.
Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев ашып, сөз сөйледі. Елбасының «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет» деген сөзін ел есіне салған ол мемлекетіміздің даму жолдарына, айқын мақсаттарына тоқтала келіп, осы жолда сыбайлас жемқорлықтың кедергі болмауы тиіс екенін ерекше атап көрсетті.
«Бұл орайда «Нұр Отан» партиясына жүктелген міндеттерді сіздер жақсы білесіздер. Жауапты сәттерде «Нұр Отан» партиясы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар жүргізудің өзіндік тәжірибесін орнықтырды. Партияның облыстық, қалалық және аудандық филиалдары жанындағы қоғамдық комиссиялар бұл жауапты істе көрегендік көрсетіп келеді.
Бұл бағытта облыс аумағында көптеген қоғамдық-саяси шаралар өтті. Тіпті, сыбайлас жемқорлықпен күресті әрбір қазақстандық азамат жеке өзінен бастау керек деп ойлаймын. Өйткені, бұл – ортақ ұлттық мақсат және ел тағдыры», – деді Мұратхан Жүнісәліұлы.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте облыстық филиалдың жұмысында нәтиже бар. Мәселен, ішкіпартиялық тәртіпті бұзған партия мүшелерінің саны 2014 жылмен салыстарғанда бүгінгі таңда 3 есеге азайыпты. Бұл – оң нәтиже. Алайда, партия Жарғысы мен партия мүшесі Этика кодексінің талаптарын бұзғаны үшін соңғы екі жылда 62 партия мүшесінің партиялық жауапкершілігі қаралып, 25 партия мүшесі сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін партия қатарынан шығарылыпты.
Келесі сәтте сөйлеген «Жаңару» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» қоғамдық бірлестігі Тараз қалалық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев бұл дертпен күресу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалғанын, жалпы халықтың белсенділігі жоғары болғанда жемқорлық сипатын барынша азайта алатынымызға тоқталды. Бұл пікірді Дүнген этномәдени бірлестігі жанындағы «Ақ желкен» жастар қанатының төрағасы Зайнуддин Махусеев те қолдап, қуаттады.
«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков биыл университетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру пәні жүргізіле бастағанына, екі жылдан бері электрондық журнал енгізілгеніне, жоғары оқу орындарында жүзеге асқан «Платонс» бағдарламасы арқылы әр студенттің үлгерімі бағаланатынына, студент пен оқытушы арасындағы сыбайластыққа тосқауыл қойылғанына тоқталды. Жастардың сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілігін қалыптастыру мақсатында университеттің ірі корпустарына қойылған қондырғылардан видеороликтер үнемі көрсетіліп тұрады екен.
Мұнан соң республикалық «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» байқауының жеңімпазы Мұстафа Бектұрғанов жалынды сөз сөйлеп, жастарды жемқорлықсыз қоғамға шақырып, Елбасымен кездескен кездегі әсерлерімен бөлісті. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенті, жас ақын Төлеген Сағадиевтің жастарды жемқорлықтан таза патриот болуға шақырған өлеңі көпшіліктің қолдауына ие болды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Бақтияр Алдашов қазақстандық әр азаматтың қолы, ары, жаны таза болуы қажеттігін атап өтті.
Форум аясында облыстық филармония әншілері Отан, туған жер тақырыбында ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», ақын Асхат Қылышбековтің сөзіне жазылған Руслан Мамытовтың «Жаса, қазақ!», Елбасының сөзіне жазылған Бекболат Тілеухановтың «Елім менің аңсаған» патриоттық әндері жүректерді тербеді.
Форум соңында «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» облыстық форумына қатысушылардың облыс жұртшылығына арналған Үндеуі жарияланды.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support