- Advertisement -

Ұлт кадрларын өсірудің ұстасы болатын

128

- Advertisement -

Берден Байқошқаровты қордайлықтардың көбі ұмыта қойған жоқ. Кеңестік кезеңнің алпысыншы-сексенінші жылдарында шаруашылық басқарған, партия және кеңес органдарында басшылық қызметтер атқарған, Қазақстан Компартиясы XII съезінің делегаты, Президиум мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы, оныншы шақырылымдарының депутаты болған Бекеңнің он жылға тарта өмірі киелі Қордай жерінде өтті. 1974 жылдың қараша айында Қордай аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне ауыстырылды. Арада тура алты ай өткенде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, бұл қызметке 1984 жылға дейін отырды.
Ол ауданды басқарған алғашқы күндерден-ақ бұрынғы таптаурын болған жұмыс стилін түбегейлі өзгерткен еді. Оның аудан әлеуетін көтерудегі еңбегін ескермеу дұрыс емес. Шаруашылықтарда жылдан-жылға суармалы егіс көлемі артып, жаңбырлатып суару технологиясы жаппай қолданысқа енгізіліп жатты. Қант қызылшасының егіс көлемі он мың гектардан асып, облыс бойынша қанттың үштен бірі осы ауданда өндірілді. Сондай-ақ, облыс бойынша мемлекетке астықтың, еттің бестен бірін, сүттің төрттен бірін берді. Бүкіл аудан құрылыс алаңына айналып, шаруашылық нысандарымен қатар, жаңа мектептер, ауруханалар мәдениет ошақтары көптеп бой көтерді. Бұл жөнінде «Қайнар» баспасынан 1979 жылы жарық көрген «Қордайдың бүгіне мен ертеңі» атты кітапта да жан-жақты жазылған. Ең бастысы ол бұған дейінгі сірескен сеңді бұзып аудандағы бірыңғай өзге ұлт өкілдері басқарып келген ірі өндіріс орындарының, ұйымдар мен мекемелердің, шаруашылықтардың басшылығына біртіндеп жергілікті ұлт кадрларын әкеле бастады. Олардың көпшілігі сенімді ақтап ауданның дамуына сүбелі үлесін қосты, бірқатары жоғары басшылық қызметтерге өсті. Осылайша Байқошқаров Қордайда айқын таңбалы ізін қалдырып еді. Ол жөнінде бірге қызмет атқарған азаматтар былай еске алады.
Александр Шупта,
облыстың Құрметті азаматы:

– Біз Берден екеуміз көп жылдар бойы бірге қызмет еттік. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» болды. Ол аупарткомның бірінші хатшысы мен ауаткомның төрағасымын. Бекең келген бетте жұмыс тәсілін өзгерткен-ді. Меніңше, ауатком ауыл шаруашылығы, аупартком идеология мәселелерімен айналысуы керек, бір-біріміздің жұмысымызға араласпағанымыз жөн. Әркім өз ісін білсін. Бұл менің ұстанымым, пікірім ғой. Бекеңнің басшылығы кезінде бұлай болмады. Ол аудандағы барлық іске білек сыбана араласты. Бүгін берілген тапсырма бүгін орындалып отырды, ешқандай да іс кейінге қалдырылмайтын. Өйтпесе іс өрге баспайтын еді. Егіншілік, мал шаруашылығы, өндірісте жұмыс қат-қабат. Осы жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы штаб та құрдық. Оған ауыл-аймақтардан өздеріне не жетпейтінін айтып, шаруашылық басшылары жиі қайырылып тұрды. Қандай мәселе болсын 1-1,5 сағат ішінде, түнгі 12-2-ге дейін созылатын жиналыстарымызда шешіп беріп, бір-ақ тарасатынбыз.
Бекең бір түрлі болған жоқ. Ол әр қырынан танылды. Рас, тым қатал-ақ. Өмірде өсекке, өтірікке, аярлыққа, жағымпаздыққа төзбеді. Алайда, қандай мәселені де адамгершілік безбеніне салып, парасаттылықпен шешті. Оның бойына жиған ілімі де мол. Сан саладан хабары болды. Ауыл шаруашылығының ғана емес, ғалымның да, мұғалімнің де, дәрігердің де, агрономның да, басқа саланың да жұмысын сол салада жұмыс істейтіндерден артық білмесе, кем білген жоқ. Ғажайып еңбекқор, темірдей тәртіптің адамы еді ол!
Рас, кезінде менің де алдыма біраз адам келді. Оларға сонда: «Өзің кінәлі шығарсың. Бір нәрсені үш рет айтқызу Бекеңе жат нәрсе. Мінезін білесіңдер ғой. Не тапсырса да жедел әрі сапалы етіп орындаңдар. Осындай сапалық қасиет – ол кісіге керегі» дейтінмін. Бекең, шын мәнінде, кішіпейіл, әділ болды. Басшы, қосшы деп алалап бөлмейтін. Менің қызметте өсуіме де көмектесті. 1983 жылы Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынылғанымда, жақсы мінездеме беріп мені қолдады. «Сен өте жұмсақсың, аздап қатал болу артықтық етпейді» деп ақыл-кеңес те бергені бар. Берден Байқошқарұлы өзіндік еңбек мектебі қалыптасқан адам еді. Ол басқа біреудің ісін, стилін қайталаған жоқ.

Төле Сүгірбай,
Қордай ауданының Құрметті азаматы:

– Ауыл мектебіндегі басшылық қызметімнен аупарткомның үгіт және насихат бөлімінің меңгерушілігіне шақыртылып, бюро мүшесі болып тағайындалған мен Берден Байқошқарұлымен ұзақ жылдар бір кеңседе тізе қоса еңбек еткендердің бірімін. Бекең өте ұлтжанды азамат еді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қордай – нағыз орыстанған ауданға айналған болатын. Жиналыстар жаппай орыс тілінде өтетін, ірі кәсіпорындар мен аудандық мекемелердің басшылары негізінен «аға ұлттың» өкілдері болды. Қазақтар тек ауыл шаруашылығының, мәдениеттің төңірегінде жүретін. Ондаған жылдар бойы сірескен осы сеңді алғаш бұзған Бекең болды. Ол ауданға келгелі қазақ тіліне бетбұрыс басталды. Жиналыстарда тілін бұрап орысша сөйлеуге мәжбүр болып келгендер, енді ойын өз ана тілінде жеткізуге мүмкіндік алды. Тек, тіл ғана емес, қазақи дәстүр-салтқа да мән берілді. Ұлттық жоралғы, жөн-жоба, тіпті, дастарханға дейін қазақиланды. Жасыратыны жоқ, бұрын обкомның хатшысы келсе де борщ, котлет сияқты «өркениетті» аспен дастархан жаю қалыптасып кеткен ауданда, енді қазақшалап ет асып, құрметті мейманның алдына қойдың басын тарту, иығына шапан жабу тәрізді дәстүр енгізілді. Бекең аупарткомның бюро мүшелерін тегіс осыған үйретті.
Бекең кадрларды іріктеуде де батыл қадамдарға барды. Басшылық қызметтерге іскер қазақ азаматтары келе бастады. Олардың ісі ілгері басқандарын демеп, болашағынан үміт күтерлік жастардың жоғары қызметтерге өсуіне қолдау жасады. Мәселен, партия, комсомол қызметтерінде танылған Байжан Әденов, Исахан Кәметов сынды жастар облыстық партия комитетінің аппаратына қызметке жоғарылатылды. «Коммунистік» колхозының төрағасы Исмар Манезов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Бекеңнің кезінде ауданның егістік көлемі 53 мың гектарға дейін жетіп, қуатты сораптардың көмегімен суармалы жерлердің іргесі кеңейді. «Днепр», «Фрегат» сынды жаңбырлатқыш қондырғылар кеңінен пайдаланылды. «Қарақоңыз» су қоймасы салынды. Әр шаруашылықта астықтың сабанына дейін кәдеге асырып малға түрлі қоспалардан құрама жем дайындайтын жемшөп цехтары іске қосылды. Соның нәтижесінде егіншілікте де, мал шаруашылығында да ауданның тасы өрге домалап, республикалық, тіпті, одақтық деңгейде ауыспалы жүлделерді талай мәрте иеленді. Ол басшылық еткен тұсында Қордай облыстағы ең әлеуетті аудан болды.
Осыдан екі жыл бұрын Қордайда Бекеңнің кеудесіне «Ауданның Құрметті азаматының» белгісі тағылып, жұрт алдында қошемет көрсетілді. Бұл кездесуге ол зайыбы Сәбира мен бүгінде Ұлттық медицина қауымдастығының «Алтын дәрігер» атағының иегері болған биология ғылымының докторы, еліміздегі тұңғыш «Экомед» медицина орталығының негізін қалаған қызы Салтанат Байқошқаровамен бірге келген болатын. Салтанат та, Бекеңнің өзге балалары да орта мектепті біраз жыл осы Қордайда оқыған. Аудандық орталық кітапхананың оқырмандар залында мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің мәртебелі мейманмен кездесу сұхбаты ұйымдастырылды. Сол кезде сексен жасты еңсерсе де жады берік, өмірінің елеулі бөлігі өткен киелі өңірді жүрек түпкірінде сақтап, әрдайым сағынышпен еске алып отыратын Берден Байқошқарұлы емен-жарқын әңгіме тиегін ағытып, өткен күндерге шолу жасады, кітапхананың естеліктер кітабына өз қолтаңба тілегін қалдарған болатын.
Елмен етене жүріп еңбек еткен Байқошқаров жайлы қордайлықтардың пікірі осындай. Ол зейнетке шыққаннан кейін де Қордайын ұмытқан жоқ. Қордайлықтар Берденін естен шығармады. Бұл өңірде оның елеулі еңбегін айтып жүретіндер көп.

Құрманбек Әлімжан,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support