- Advertisement -

«Зерденің» мақсаты зор

166

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмаларға сәйкес жастарды халқымыздың ұлттық дәстүрлі құндылықтары негізінде тәрбиелеу мақсатында техникалық және кәсіптік білім мекемелерінің базасында рухани дамыту орталықтарын ашу ұсынылған болатын. Осыған орай облысымызда тұңғыш болып Жамбыл политехникалық колледжінде «Зерде» орталығы ашылды.
«Орталықты ашудағы мақсатымыз – білімгерлеріміздің бойында бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жаңғыру жолында нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуге, туған жерінің, өз елінің патриоты болуға тәрбиелеу, ұлттық кодымызды сақтай білуге тәрбиелеу. Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды талап етіп отыр. Осыған байланысты Елбасы бірнеше жоба ұсынған болатын. Соның бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.
Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Бізде облыстық білім басқармасы, оқу әдістемелік кабинетінің басқаруымен «Тарихи өлкетану» және «Әдеби өлкетану» міндетті оқу бағдарламасы колледж оқытушыларының қатысуымен жасалып, бекітілді. Бұл бағдарламаны облыс көлемінде басқа да кәсіптік-техникалық оқу орындары оқу жоспарларына енгізіп, оқытатын болады», – деді орталықтың салтанатты ашылу рәсімінде колледж директоры Жанар Орынбаева.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыста атқарылған жұмыстар жайлы айтып өтті. Білім басқармасы «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында «Өлкетану», «Отаным – тағдырым», «Саналы Азамат», «Кітап – білім бұлағы» бағыттары бойынша 25 жоба әзірлеген. Жобаларды 2017-2022 жылдар аралығында жүзеге асыруға 232 миллион 700 мың теңге қарастырылған. «Өлкетану» бағытының мақсаты – жастарды туған өлке тарихын зерделеуге ынталандыру. Енді осы бағыт негізінде колледждің 1-2 курс студенттері жаңадан ашылған рухани дамыту орталығында «Тарихи өлкетану» және «Әдеби өлкетану» бойынша курстар оқиды.

Шынар Сағиева,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support