- Advertisement -

Биыл оқу бағдарламасына «Өлкетану» курсы енгізілді

94

- Advertisement -

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатын «Туған жер» бағдарламасын ұсынғаны белгілі. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – оның рухани серпіліс әкелгенінде әрі әлеуметтік жауапкершілікті оятатын ішкі қуаты бар екендігінде.
Адам кіндік қаны тамған жерінен, атамекенінен, алтын ордасынан, салт-ғұрпынан тамырын үзетін болса, ұлттық болмысынан біржола ажырайды. Өткенің – бүгініңнің жалғасы, бүгінің – болашақтың бастауы. Арманға апаратын жолдың да туған жерден басталатыны содан болса керек. Сондықтан рухани жаңғыру кезеңінде «Туған жер» бағдарламасының маңызы ерекше.
Тарихына терең бойлай алған ұрпақ қана Отанына адал, жауапкершілігі жоғары азамат болып өсетінін өмірдің өзі дәлелдеген. Сондықтан білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев бұл пәнді қосымша сабақ ретінде облыстағы барлық білім мекемелеріне енгізуді тапсырды. Алматы, Атырау, Оңтүстік Қазақстан секілді бірқатар облыстар да биыл мектептерде «Туған жер» бағдарламасының шеңберінде «Өлкетану» пәнін факультативтік курс ретінде оқытуды бастамақ.
Жалпы, менің ұстаз ретіндегі ұстанымым – шәкірттерімді туған жерін, өлкесін, топырағын, тарихын қастерлей білуге тәрбиелеу. Сол себепті Ақшолақ орта мектебінде 2012 жылдан бері «Өлкетану» үйірмесін жүргізіп келемін. Бұдан бөлек біздің білім ошағында оқушылардың «Таным» ғылыми қоғамы құрылған.
Өлкетану – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің бір жолы. Жас ұрпақ аймақтың археологиялық ескерткіштерімен танысып, ауылының, көшесінің атауын, тарихын, географиясын терең білуі керек. Біз осы мақсатымызды жүзеге асыру үшін ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұра нысандарының» тізіміне енген, ауылымызға іргелес орналасқан Ақыртас қамалы туралы «Көне Ақыртастың құпиясы», туған ауылымыз жайлы «Ақшолақ атауы қайдан шыққан?» деген тақырыптар бойынша оқушылармен бірлесе отырып, зерттеу жұмыстарын қолға алдық. Соның арқасында оқушыларымыз «Қазақстан археологиялық ұйымының» төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақовпен бірге қазба жұмыстарына қатысып, көптеген тарихи деректермен танысты.
Өскелең ұрпаққа тек тұрған жерінің ғана емес, облыстың тарихын да таныстыруымыз қажет. Біздің өңіріміз – тұнған тарих. Мәселен, Жамбыл ауданындағы Қарасай және Қамыстыбұлақ жартастарындағы петроглифтер, Сарысу өңіріндегі Сарысу-Созақ көтерілісі, Қара ноғай оқиғасы, Меркі өңіріндегі «Меркі-Жайсаң» ғибадатханасы, ондағы балбал тастар мен мүсіндер, Мойынқұмдағы Хантау, Шу шекарасында қазақ хандығының алғашқы туы тігілген жерлердегі көптеген өлкемізге қатысты тарихи деректерді көпшілігі біле бермейді. Ал «Өлкетану» курсы осы олқылықтардың орнын толтырады деп ойлаймын.
Бұл пән теориялық сабақтан гөрі, ара-тұра экскурсиялық бағытта өткізілгені дұрыс. Ол үшін өлке тарихы туралы жастарымыздың терең танымын қалыптастыруға облыстың жоғары оқу орындарының ғалымдары, зерттеушілер, тарих-география пәнінің мұғалімдері атсалысып, белсенділік танытуы қажет деп ойлаймын.

Телжан Рахманов,
Ақшолақ орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support