- Advertisement -

Ауыл шаруашылығын өркендетуге негіз бар

97

- Advertisement -

026-(1)Өткен сенбі күні Меркі ауданында дәстүрлі «Егінжай-2017» облыстық семинар-кеңесі болып өтті. Оған өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев бастаған облысымыздың барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан озық шаруашылықтардың жетекшілері мен аграрлық саланың мамандары, ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар-кеңеске қатысушылар Жамбыл ауылдық округіндегі «Балабек» шаруа қожалығының алма бағымен, жеміс-жидек сақтайтын 300 тонналық жаңа үлгідегі қоймасының жұмысымен танысудан бастады.
Қожалық жетекшісі Казим Рустемов мемлекеттен ешқандай субсидия, несие алмай-ақ негізін өзі қалаған алма бағымен таныстырды.
– Алма бақты 2003 жылы 17 гектарға отырғызып, содан бері осы шаруамен тұрақты айналысып келемін. Жыл сайын өнім алуды дәстүрлі жолға қойдық. Былтыр әр гектардан 30 тоннадан алма жинадық, жиын-терін кезінде 30-40 адам жұмыспен қамтылды. Биыл да сондай өнім аламыз деп отырмыз. Өткен жылы өзімізге 300 тонна алма сақтайтын қойма салып алдық, – деді Казим Рустемов.
Осы арада сөзге араласқан облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы алма өнімінің әр келісін 100 теңгеден өткергеннің өзінде қыруар пайда табуға болатынын, сондықтан сұранысқа ие алма өнімін өсіру қожалыққа да, халыққа да зор пайда әкелетініне тоқталды. Қожалық жетекшісінен өнімдерін қанша теңгеден, қайда саудалап жатқанын сұрады.
– Негізінен алманы өз облысымызға, содан соң Астана, Қарағанды облыстарына өткереміз. Әр килосын жүз елу теңгеден өздері келіп алып кетеді. Сақтап, жоғарырақ бағамен де сатамыз, – деді бағбан.
Стендке орналастырылған кесте бойынша «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-ның тыныс-тіршілігімен таныстырған облыстық мәслихаттың депутаты Бақыт Сауранбаев облыстағы байырғы шаруашылықтың бүгінгі таңда орта және аласа бойлы элиталық «Голден Делишес», «Стар Крымсон», «Ред Делишес», «Апорт», «Іле Алатауы», «Суйслеп», «Мелба», тағы басқа алма көшеттері мен алмұрттың «Талғар сұлуы», шабдалының «Вира», қара өріктің «Ванета», сары өріктің «Никитинаның қызылшырайлысы» сияқты түрлерін өсіріп, облысымыздың, одан тысқары еліміздің барлық өңірлеріне саудаланатынын баяндады.
– Көріп тұрғандарыңыздай Казимнің алма бағының жапырағы көкпеңбек болып жалтырап, көз тартып тұр. Ешқандай құрт ауруы, күйік сияқты дертпен ауырмаған, Меркінің таза ауасы өсімдіктерге де дауа. Сондықтан облыс бағбандары ешқандай қауіптенбей осы көшеттерді көптеп алып ексе еш ұтылмайды, – деді ол.
Одан әрі бағбандықпен айналысатын «Гүлдер» қожалығының басшысы Александр Бондарь да озық тәжірибесімен бөлісті. Қожалық 2015 жылы 12 миллион теңгеге алма бағын тамшылатып суаратын қондырғы алып, жыл сайын 100-110 мың түп алма көшетін өткеретінін айтып берді.
Бір таңғаларлығы ол тамшылатып суаратын қондырғының резіңке шлангтарын ғана сатып алып, қолдан екі құдық қазып, одан арнайы бассейн жасап, Қытайда жасалынған су айдағыштарын орнатып, өзіндік тәсілмен жеміс ағаштарын тамшылатып суарып, жоғары жетістіктерге жетіп отыр.

– Осы Меркі ауданының өзінде элиталық көшет өсіретін шаруашылықтар өткен жылы 300 000 түп көшет өткеріп, 75 миллион теңге субсидия алды. Тек соңғы үш жылдың өзінде облыс бойынша 325 гектар алма бағы отырғызылды, оның ішінде «Сады Востока», «Шайқорық» бауы ӨК, «Агро КZ», «Алтын алма», «Шоқай жеміс», «Совет» ШҚ, «Ниет» сынды шаруа қожалықтары бар, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов.
Қант қызылшасын өсіретін «Трансферт» шаруа қожалығының 43 гектар қызылша алқабы менмұндалап желмен тербеліп, көк теңіздей жайқалып тұр.  Осында облыстағы қант қызылшасының жай-күйіне тоқталған Нұржан Нұржігітов өткен жылы облыс бюджетінен 220 миллион теңге бөлініп, оған Франциядан «Авонтаж», Германиядан КВС фирмасының қызылша тұқымдары алынғанын айтты. «Орталық Азия қант корпорациясы» арқылы алынған тұқым, қызылша өсірушілерге алдын ала төлемсіз беріліп, өнім өткерген соң  ғана ақысын қайтаратынын, бұл балтамыршылар үшін үлкен көмек екенін айтып берді.
Одан соң Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков ауданның егін және мал шаруашылығы, қант қызылшасын өсірудің жаңа технологиялық картасымен, жаңадан алынған техникалармен таныстырды. Ал «Трансферт» шаруа қожалығының  жетекшісі Владимир Александрович өзінің қызылша өсірудегі бай тәжірибесімен бөлісті.
– Көріп тұрсыздар, бұрынғы кеңестік заманда бір гектардан 500 центнер өнім алса, оған Социалистік Еңбек Ері атағын беретін. Ал біздің Володя 900 центнерге дейін өнім алды. Мына қызылшасы қазірдің өзінде (суретте) 4,5 келі тартып тұр. Әлі тәтті түбір қазығына дейін 2-3 ай бар. Міне, еңбек деп осыны айт. Сіздерді көрсін деп әдейі Меркіге алып келдім, – деді облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы.
Бұдан соң семинарға қатысушылар «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің егін алқабында болып, биыл ғана Шу қаласында «Қамқор Локомотив»  цехында қарастырылған  бір «Лида 1300» астық комбайны мен Ираннан әрқайсысы 15 миллион теңгеден сатып алынған комбайндардың жұмысымен танысты. Зауыт өкілдері семинар қатысушылары алдында өз техникаларының артықшылығын таныстырып, қалай сатып алуға болатынын баяндап, іскерлік байланыс жасауға шақырды.
Егіс алқабы басында егін шаруашылығының білгірі, академик Рахым Оразалиев өздері өсіріп, өндіріске батыл ендіріп жатқан дәнді дақылдың жаңа сұрыптарымен таныстырып, «Сыпатай батыр» серіктестігімен тығыз байланыс орнатып, ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын баян етті.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев семинар-кеңеске қатысушылардың алдында жаңа комбайндардың өнімділігін, жұмыс процесі кезінде дән шашылып, төгіліп, ысырап болмайтынын, «Қамқор Локомотив» құрастыру цехы, дәлдік нүктемен себетін түрлерін де шығаратынын айтып, ауыл шаруашылығы құрылымдары, оның ішінде дихандар байланыс жасаса дән сепкіш және отырғызғыш техникалардың ұтылмайтынына тоқталды.
Сонан соң жыл сайын қант қызылшасын 200 гектардан аса жерге орналастырып 400-500 центнерден тәтті түбір жинауды жолға қойған сыпатайлықтардың егіс алқабымен іргелес орналасқан қант қызылшасын аралап, іс-тәжірибесімен танысты.
Семинар-кеңеске қатысушылар Жаңатоған ауылдық округіндегі «Жасыл белес» көшет өсіретін қожалықтың да жұмысымен танысты. 2014 жылы құрылған бұл шаруашылық үш жылда 250 000 түп көшет өткерсе, биылғы жылы 100 мың түп жеміс ағаштарын нарыққа шығарғалы отыр.
«Жасыл белестің»  табысты жұмысына разы болған кеңеске қатысушылар Кеңес ауылындағы 250 гектарға тәтті түбір егіп, оның 150 гектарын тамшылатып суарып отырған «СмартАгро Каркара» ЖШС-ның  қызылша алқабына ат басын тіреді.
Мұнда серіктестік директоры Сабыржан Бектемісов тамшылатып суару жүйесін қолданудың артықшылығын, оған қоса 836 гектарға майлы дақыл мақсары еккендерін жеткізіп, үш шақырымға электр энергиясын тартуға көмек бергені үшін облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлына алғыстарын білдірді.
Бұл жерде израильдік «AIK» компаниясы және венгриялық «Келет» фирмасы су айдағыш стансалар мен тамшылатып суару жүйелерін жарнамалады. Жалпы, егін шаруашылығында, бау-бақша өсіру бағытында су үнемдеу технологиясын ендіру мәселесі жан-жақты талқыланды. Облыс бойынша 1555,5 гектар қызылша, 3525,5 гектар пияз, 1692 гектар жүгері, басқа дақылдар тамшылатып суарылуда. Солай десе де күн тәртібінде су үнемдеу технологиясын өндіріске батыл енгізу мәселесі өткір қойылып отырылғанына басты назар аударылды. «СмартАгро» серіктестігінің жемісті жұмысына облыс басшысы оң  баға берді.
Бұдан соң жиналғандар «Ақермен» ауылындағы «АгроСтан» шаруашылығының егіс алқабына бет түзеді. Биыл сатып алынған су жаңа 7 «Полеся» комбайнымен астық орып жатқан қой зауытының дихандары шөлейтті жердің өзінен «Богарная-56»  сұрыпты бидайдан 20-22 центнерден өнім алып жатыр екен.
– Бұл осы өңірдің тарихында болмаған өнім. Бұрын бұл жерлерден 9-10 центнер астық орылатын. Ерлегенде 13-ке жеткен шығар. Мынау ерен еңбектің үлгісі, – деген өңір басшысы жаңа комбайн руліне отырып, егін орып, жиналғандарды таңғалдырды.
Семинардың қорытынды басқосуы «Меркі ет комбинаты» ЖШС-ында өтті. Мұнда облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдері, асыл  тұқымды мал, бау-бақша, ет, сүт, балық, кондитерлік өнімдері көрмелері өтті.
«Талды бұлақ» шаруа қожалығы 2775 бас қазақтың «Ақбас» асыл тұқымды ірі қарасын өсіріп, 1415 бас сиырдан 1270 бұзау алып, көрмеге осы ірі қара малын қойыпты. Сол сияқты «Олжа» шаруа қожалығы бір жасар «Әулиекөл» бұқаларын, «Бахор» ШҚ асыл тұқымды, орта есеппен жылына 6148 литр сүт беретін қараала сиырларын, «Аспара» ӨК орта салмағы 105 келі тартатын меринос,  ал «Бақыт Ата» ШҚ еділбай қошқарларын, «Хадижа» ШҚ Пәкістаннан әкелінген «долана» саулықтары мен қошқарларын, «Ар-Ас» асыл тұқымды жылқы зауыты таза қанды ағылшын мініс жылқыларын, «Ғасырбек» ШҚ «дромедар» тұқымды інген түйелерін көпшіліктің назарына ұсынды.
Көрме барысында «Меркі ірімшік зауыты» сүзбе, ірімшік, әртүрлі майлылықты айраны мен қаймақ түрлерін, «Янтарь», «Дружба» балқытылған ірімшік, сүт өнімдерін қойса, «Севиль Мерке Строй» ЖШС сары май, табиғи йогурттар, ерітілген май, тұздалған брынза сияқты өтімді тауарларын көпшілік назарына ұсынса, жаңа балық  зауыты балғын көксерке, жон ет, көксеркенің, табан балықтың уылдырығының  мұздатылған түрін көпшілік талғамына ұсынып, үш кәсіпорын да облыс әкімінің шынайы алғысына ие болды.
Сол сияқты ауыл шаруашылығы дақылдары зиянкестеріне қарсы дәрі-дәрмектерін  ұсынған бірнеше фирма – «Қазфосфат», «Каз Азот», «ЕвроХим», «АстанаНан» сынды фирмалар дәнді-дақыл, жеміс-жидектен, қант қызылшасынан, жоғары өнім алуға мүмкіндік беретін минералды тыңайтқыштардың түр-түрін ұсынды.
Қатысушылар алдында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының дәнді, масақты дақылдар селекция және генетика бөлімінің меңгерушісі, академик Рахым Оразалиев сөз сөйлеп, дәнді-дақылдардың жоғары өнім беретін сұрыптарымен таныстырды. Бір ғана қара бидай мен бидайдың буданынан дүниеге келген «Третикалле» тұқымды бидай 100-160 центнерге дейін өнім береді екен. Сол сияқты Рахым Алмабекұлы облыста элиталық тұқым шаруашылығын дамыту,  «түйе жоңышқаға» да көңіл бөлу керектігіне баса назар аударып, осындай керемет семинар ұйымдастырып, қол жеткен жетістіктерімен ой бөлісіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасап отырған облыс басшысына алғысын білдірді.
Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу  институтының көкөніс бақша дақылдарының селекция және жылыжай бөлімінің өкілі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Серік Жантасов облыста көкөніс пен бау-бақша дақылдарын өсіруге айтулы көңіл бөлініп, нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанына айрықша тоқталып, ғылымның жетістіктерін өндіріске батыл енгізіп, жоғары табыстарға жетуге болатынын, оған облыста нақты қадам жасап отырғанына ризалығын білдіріп, бұл салада да элиталық тұқым өндіру ісіне аса назар аударуға, қолға алуға шақырды.
Семинар-кеңесті облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қорытып, сөз сөйледі.
– Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор   екенін атап өткен болатын. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Елбасы Үкімет пен әкімдіктерге бірқатар тапсырмалар берді.
Нақтылап айтқанда, жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру, жерді пайдалану тиімділігін арттыру, суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу, ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейту.
Бұл бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан аграрлық өнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, облысымызда бұл бағдарлама іске асырылуда.
Жылдан-жылға мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінетін қаржы көлемі ұлғаюда. Мәселен, биылғы жылы саланы дамытуға барлығы – 15,8 миллиард  теңге, республикалық бюджеттен – 6,7 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 9,1 миллиард теңге бөлінді. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің жалпы көлемі – 52,5 миллиард теңгені құрады.
Үстіміздегі жылы егін шаруашылығы саласының дамуына 3,9 миллиард теңге бөлінді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,7 миллиард теңгеге артық. Осындай қолдаулардың нәтижесінде басым дақылдардың алқабы ұлғайып отыр. Мысалы, қант қызылшасы биыл 9,0 мың гектарға егілсе, майлы дақылдар 89 мың гектарға жетті.
Биыл көктемнің кеш шыққанына қарамастан облыста көктемгі дала жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізілді. Соның нәтижесінде пайдаланылмай жатқан егістік алқаптарды айналымға енгізу арқылы егістік көлемі 623,0 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 29,8 мың гектарға артты. Соңғы үш жылда пайдаланусыз жатқан жер көлемі – 26,9 мың гектарға қысқарды.
Қазіргі кезде дихандар бітік шыққан астық пен мал азығын дайындау үстінде. Алдын ала жиналған болжамдық есептеулер бойынша масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан 22 центнерден өнім алынуда, – деді.
Одан әрі Кәрім Нәсбекұлы семинарға қатысушылар егінжай күнінде ауыл шаруашылығы дақылдарының салыстырмалы рентабельділігі, алма сақтайтын қоймасы мен алма өсірудің технологиялық картасы, алма ағаштарының питомнигі, сондай-ақ, қант қызылшасын тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу, бұл шараларға озық үлгідегі жаңа техникалар мен құрал-жабдықтарды пайдалану тәсілдері мен масақты дәнді дақылдарының жоғары репродукциялы алқаптарын нақты көріп, танысқандарын айта келіп, қызылша алқаптарына жүргізілген таксациялық есептерге сәйкес, облыс бойынша 155 мың тонна тәтті түбір жиналады деп күтілуде екенін, бұл 1995 жылдан кейін (154 мың тонна) алғаш рет қол жеткізгелі отырған көрсеткіш екенін, тіптен бір  Меркі ауданының өзі өнім көлемін 2-3 есе көбейтуге мүмкіндігі бар екенін, әлі де облыс бойынша қант қызылшасын өсіру технологиясы барлық жерде толық игерілмегендігін баса айтты. Сондықтан облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп осы дақылды өсіру технологияларын насихаттау мақсатында арнайы семинарларды жиі өткізуді қадап айтты.
– Жеміс бақтарының бүгінгі күні жоғары рентабелді, өнімдері сұранысқа ие, болашағы зор сала екені белгілі. Оның үстіне елімізде жеміс өсіруге тек оңтүстік өңірлер қолайлы екендігін тиімді пайдалана білуіміз қажет.
Күні кеше ғана «Аграрлық кредиттік корпорациясы» акционерлік қоғамы, «FTC Equity» («ФиТиСи» Экьюти) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  келіп, облысымызда «Агропарк Тараз» индустриалдық аймағын құру инвестициялық жобасымен таныстырды. Осы жобаны іске асыру мақсатында үш жақты Меморандум қабылданды. Бұл инвестициялық жобаның басты мақсаты облысымызда 1 600 гектар алқапқа үдемелі алма, жеміс-жидек бақтарын отырғызу болып табылады. Бұл жобаның жалпы құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды.
Осыған орай, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік басқармаларына, аудан әкімдеріне, Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына «Агропарк Тараз» индустриалдық аймағын құру инвестициялық жобасын іске асыру бойынша тиісті шаруашылықтармен, кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізуді, тиісті құжаттарды рәсімдеуге жан-жақты қолдау көрсетуді, қажетті жер телімдерін анықтауды және басқа да қажетті жұмыстарды бірлесе атқаруды тапсырамын.
Біз тек алма бақтарымен ғана шектелмей, өңірімізде дәстүрлі түрде өсірілген жүзім алқаптарын да қайта қалпына келтіріп, оны тереңдетіп қайта өңдеуді ұйымдастырғанымыз жөн деп санаймын.
Елімізде таңқурай, құлпынай, шие, өрік сияқты жемістерге де сұраныс үлкен. Осы салаларды да дамытуға күш салу керек. Алынған өнімді жоғары бағаға өткеру және тұрғындарды жыл бойы қамтамасыз етіп отыру үшін заманауи жеміс қоймаларын салуды ұйымдастыру қажет.
Техника алғандарға Үкімет тарапынан инвестициялық субсидия қарастырылған. Оған биылғы жылы 2,7 миллиард теңге бөлінді. Егер шаруалар техника сатып алса, инвестициялық субсидия арқылы 25 пайыз төленіп беріледі.
Осыған орай, аудан әкімдеріне, ауыл шаруашылығы басқармасына облыста ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстарын жандандыруды, «Лида-1300» және «Иран комбайн-10551» егін ору комбайндарын алуды тапсырамын, – деді өңір басшысы.
Сол сияқты облыс әкімі мемлекеттік қолдаулардың арқасында облысымызда мал шаруашылығы да қарқынды дамып келетінін, 2017 жылдың 6 айында облыстағы мүйізді ірі қара саны – 4,4 пайызға артса, қой саны – 2,1, жылқы басы – 5,2 пайыз, ет өндірісі – 6,8 және сүт өндіру – 2,8 пайызға артып отырғанын, биылғы жылы мүйізді ірі қараның аналық басы (сиыр) – 9,9 пайызға артқанын айтты. Содан соң облысымызда 20 мың бас ірі қараны бордақылауға арналған 26 бордақылау алаңы жұмыс жасайтынын, өткен жылы бұл алаңдар 451,3 тонна сиыр етін экспортқа шығарғанын, ағымдағы жылы сиыр етін экспорттау көлемін 500 тоннаға жеткізу міндеті белгіленген. Облыста 2 ірі ет комбинаты өз жұмыстарын бастағанын, оның бірі Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал тағамдары» серіктестігі болса, екіншісі Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы» серіктестігі екенін, бұл біздің өзімізде өндірілген етті экспорттауға бағытталған зор мүмкіндік. Яғни, біз, іске қосылған осы ет комбинаттары арқылы облыста толық циклдағы ет кластерін (ет өнімдерін тереңдете өңдеу, өндіру және экспорттау) қалыптасқанын   жеткізді.
Облыс әкімі өңірде су ресурстары шектеулі әрі тапшы  екендігін айтып, оны  шешу жолдарының бірі – су үнемдеу технологияларын енгізу болып табылатынын, биылғы жылы облысымызда су үнемдеу технологиялары 15 мың гектарға орналастырыл, өткен жылмен салыстырғанда 3,1 мың гектарға (2016 жылы – 11,9 мың га) артқанын, семинарға қатысушылар су үнемдеу технологияларын енгізу тәсілдерін көргендерін, бұл шараларға озық үлгідегі жаңа техникалар мен құрал-жабдықтарды пайдалану арқылы жетуге болатынын айта келіп: осыған байланысты, ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне су үнемдеу технологияларын енгізуді шаруашылықтар арасында кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізуді, жылына 3,5-4 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізіп, 2020 жылға дейін 28 мың гектарға жеткізуді тапсырды.
Иә, семинар-кеңесте оған қатысушылар ауыл шаруашылығының қос қанаты егін және мал шаруашылығын өркендетудің, одан толағай табысқа жетудің жолдарын көзбен көріп, көңілге түйді. Бабын тапса жер жомарт, бағуын білсе төрт түлік табыс көзі екендігін және бір сезінді. Жалпы, дархан далада ауыл шаруашылығын өркендетуге негіз көп.

Серік Құралбай,
«Ақ жол».

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген
Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support