- Advertisement -

БАТЫР ЖҰЛДЫЗЫ мәңгі ЖАРҚЫРАЙ БЕРЕДІ

217

- Advertisement -

Қызылорданың қақ ортасында үлкен даңғылдың бойында үш қабатты «Алтын балақай» атты балабақша бар. Осынау зәулім ғимараттың қабырғасындағы алтын жұлдыз алыстан жарқырайды. Бұл – Кеңес Одағының Батыры Ерденбек Ниетқалиев атындағы үлкен даңғылдағы жазу еді. Сыр өңірінің жұртшылығы бұл көшені қазір тағзым алаңына айналдырған. Былтыр қала әкімінің шешіміне сәйкес көшеге Ерденбек Ниетқалиев есімі берілді. Бүгінде бүлдіршіндер батырдың есімін жаттап, әр мереке сайын жырдан шашу шашады. «Біз Ерденбек атаны мақтан тұтамыз» дейді балақайлар.
…Кіші лейтенант Ерденбек Ниетқалиев 1914 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. 1936 жылы Алматыдағы зооветті бітірген. Қазір оқу орнында осы институттың алғашқы түлегі болған Ерденбек атындағы оқу залы бар.
Жас жігіттің еңбек жолы Сыр өңірінде басталады. Алғашында Арал қаласында жер бөлімін басқарады. 1940 жылы осы жерден әскер қатарына шақырылған. Ол сұрапыл соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Қазақтың батыры – Бауыржан Момышұлы секілді қайсарлық, отаншылдық рухпен шыңдалды.
Ерденбек алғашында Туланың қорғаныс шебінде жаумен арпалысты. Одан кейін Мәскеуді қорғауға қатысты. 1942 жылы Ржев-Вьязма бағытында Никишино селосында жауға қатты соққы берді. Үш рет жау шебін бұзып, қайталанбас ерлік көрсетті. 1944 жылы Рязань, Луки, Седрец бағытындағы селоларды жаудан тазартты. Польша шекарасынан өтіп, Ерденбектің атты әскери полкі 80 неміс солдаты мен офицерінің көзін жойды. 1945 жылы 150-дей жауынгері бар Ерденбектің эскадроны 400-дей фашисті жер жастандырды. Жаудың көптеген қару-жарағын қолға түсірді. Ерлігі осылайша аңызға айналып, көптеген наградаларға ие болды.
1945 жылы 24 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ерденбек Ниетқалиевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Батыр азамат Польшаның Оконек қаласында ерлікпен қаза тапты.
Оның майдан даласынан жазған хаттары жан тебірентеді. Туған жерге сағынышы әдемі жырға, сырға толы. Ол інілері Әнуар мен Оспанға деген сағыныш сезімін асқан тебіреніспен жеткізген. Бауыры Оспан майданда хабар-ошарсыз кетсе, Әнуар жау қолына түседі. Неміс офицерінің қорлығына шыдамай, оны ұрып жыққаны үшін «өлім лагеріне» жіберілген Әнуар кейін 10 жылға сотталады. Көп ұзамай Әнуардың ісімен танысқан ерекше бөлім оны қайтадан әскер қатарына қосады. 1946 жылы елге оралған азаматты «үш әріптің» адамдары ізіне түсіп, 1947 жылы Жетіқараға айдауға жібереді.
Сан жыл қиыншылықтан соң өмір Әнуарға қуаныш сыйлайды. Ол Жетіқарада жүріп Майымжан Жұматовамен отау құрып, Шолпан, Айман атты сәби сүйеді. 1954 жылы жер аудару мерзімі аяқталып, әке-шешесі тұрып жатқан Жамбыл қаласына қайта қоныс аударады. Мұнда келген соң есепші болып еңбек етіп, Айжан, Есет, Бекет атты ұл-қыздарының қуанышына бөленеді.
Майдангердің жары Майымжан отбасымен қазір Таразда тұрып жатыр. Үш ұлы мен екі қызы білім алып, ержетті.
Біз жоғарыда сөз еткен Ерденбек батырдың есіміне деген елдің құрметі ерекше. Мереке сайын оның әруағына бағыштап ас беру үрдісі қалыптасты. Жуырда Батыр атындағы көше асфальтталды. Ол көшеде 200-дей отбасы тұрып жатыр. Батыр есімін ырымдап қойған кішкентай Ерденбек, Еркенкүл, Ерденжан, Ерденбайлар жас құрақтай өсіп келеді. Міне, есіл ердің есімі өшпейді деген осы.
Батырдың алтын жұлдызы жарқырап, күн шұғыласынан қуат алған Ерденбектің суреті де асқақтап тұр. Асылы, өсер елдің өрелі ұрпағы тұрғанда ерлікке толы ғұмыр кешкен Ерденбек секілді ерлердің есімі ұмытылмайды.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
журналист.

Қызылорда облысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support