- Advertisement -

Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты

478

- Advertisement -

Биыл облыстық «Ақ жол» газетінің алғашқы нөмірінің халыққа жол тартқанына тоқсан бес жыл толды. 95 жыл… Ғасырға жуық уақыт. Осыншама уақыт аралығында аты мен заты сан мәрте өзгеріп, заманына сай түрлі бағытта қалам сілтеген, сөйте тұра өзінің ең басты міндеті – халыққа қызметін жалғастырудан еш танбаған басылым. Бұл – 1922 жылдың 1 мамырында Әулиеата ояздық «Вольная беднота» газетіне қосымша ретінде «Кедей еркі» деген атпен шыққан бүгінгі – «Ақ жол».
Шежіресі аса бай, абырой-беделі асқақ бұл басылымның бастауында қазақтың тарихындағы небір ұлы тұлғалардың тұрғанын біз бүгінде үлкен мақтанышпен айта аламыз. Мысал ретінде, сонау Қазан төңкерісінен кейін біздің өңірде мұсылман газетінің ашылуына көп көңіл бөлініп, Өлкелік бюроның Т.Рысқұловқа арнайы телеграмма жолдағанын айтуға болады. «Ташкент. Өлкелік бюро. Т.Рысқұловқа» деген сөздермен басталған телеграммада коммунистердің уездік съезі Әулиеатада мұсылмандардың «Мұсылман бюросының дауысы» («Голос мусбюро») атты газет шығару туралы бюроның протоколының мәтіні келтіріледі.
Газет атауы заманның беталысы мен саяси, қоғамдық науқанға, ұстанымдарға лайықты өзгеріп отырған. Әулиеата оязының аудан болып қайта құрылуына байланысты 1929 жылдың 1 қаңтарынан «Дихан дауысы» атты аудандық газетке айналды. «Жаппай ұжымдастыру» науқанына байланысты газеттің аты 1931 жылдың басынан «Колхозшы» деп аталса, 1938 жылы сәл өзгеріске ұшырап, «Колхоз жолына» өзгертілген.

1939 жылы Жамбыл облысы құрылғанда газет облыстық және Жамбыл қалалық партия комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің органына айналып, бірінші нөміріне редактор ретінде Күзембай Сүгірбеков қол қойған. Заман ағымына қарай 1944 жылға дейін «Коммунист», одан кейін «Сталиндік жол» атанған басылым 1958 жылдан бастап «Еңбек туы» деген атқа ие болды. Хрущевтің әпербақан саясатының салқыны «Еңбек туын» да айналып өтпеген. 1962 жылы облыстық бірден-бір қазақ газеті жабылып, бір жылдан кейін орыс тіліндегі «Знамя труда» газетінің аудармасы ретінде жарық көреді. Тағы бір жылдан кейін ғана қайтадан дербес басылымға айналады. Осы жылдарда газетті Сыдық Абланов, Ғабды Аманғалиев, Беген Байсақалов, Жайық Бектұров, Ғайса Сармұрзин, Төленді Оңғарбаев, Баттал Жаңабаев сынды азаматтар басқарды.

1972 жылы газет өзінің елу жылдық мерейтойына орай КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен наградталса, он жылдан кейін, яғни Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1982 жылғы 30 сәуірдегі Жарлығымен Құрмет грамотасымен наградталады.
Қоғамдағы түбегейлі өзгерістерге байланысты 1990 жылдың 3 сәуірінен бастап газет «Ақ жол» деген атпен шыға бастайды. Тәуелсіздік жылдарында «Ақ жол» атанған газетті Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев басқарды. Әр редактордың газетте өзіндік қолтаңбасы бар.
Жалпы, газеттің өткеніне көз жүгіртіп, архив материалдарын ақтара берсеңіз, онда мақтануға тұрарлық, үлгі етіп аларлық талай тағылымды дүниелерге кезіккен болар едіңіз. Бұл – басылымның тарихы, бұл – өңіріміздің өткені.
Әлбетте, кез келген басылымның бір міндеті – халық пен биліктің ортасын жалғап, алтын көпір болу болса, ендігі бір үлкен міндеті – рухани орта қалыптастыру. «Ақ жол» бұл міндеттің де үдесінен шыға білген шаңырақ. Бұл шаңырақта кімдер қызмет атқарып, кімдер мақала жазбады дейсіз?! Әдебиетіміздің классиктері С.Мұқанов, М.Әуезов, И.Байзақов, С.Аманжолов, Қ.Аманжолов, Ж.Сыздықов, А.Тоқмағамбетов, Е.Ысмайылов, Ғ.Молдабаев сынды белгілі қаламгерлердің кейбір тың туындылары алғашқы рет «Еңбек туында» жарияланып, олардың өздері де осы басылымның табалдырығын аттаған, алдыңғы және кейінгі жылдарда да әдебиетшілер редакция шаңырағына үнемі бас сұғып, тыныс-тіршілігіне араласып жүрді. Ал Шәмші Қалдаяқов, Күләш Байсейітова мен Шара Жиенқұлова сынды көптеген қазақтың маңдайына біткен біртуарлары да редакцияның құрметті қонағы болған. Бұл дәстүр әлі де жалғасып келеді.
Жалпы алғанда, жалғасын тауып жатқан игі істер баршылық. Оның ең бастысы – редакция ұжымын талапты, жас кадрлармен толықтыру, мұнда қызмет ететін журналистерді үнемі шыңдап, қаламдарын ұштап отыру. Ілгеріде мұнда қызмет еткендердің барлығы дерлік аудандық, қалалық басылымдарда жылдар бойы тәжірибе жинақтап, көптеген сыннан өтіп, сайдың тасындай іріктелген, жасы үлкен азаматтар болды. Ал бүгінгі журналистердің барлығы дерлік– жастар. Бұл – бүгінгі заманның талабы. Бүгінгі таңда редакция ұжымы бір отбасындай ұйысып, мемлекеттік саясатты насихаттау мақсатында аянбай еңбек етуде.
Журналистер түрлі тақырыптарда қалам сілтеп, тақырыптық, проблемалық және талдамалық мақалалар жазса, газет оқырмандарынан толассыз келіп жататын хаттар мен өтініштер, талап-тілек пен шағымдар да басылым бетінде көрініс тауып жатады. Оқырманынан ешқашан қол үзбеген «Ақ жолда», «Оқырман отауы» топтамасы ай сайын тұрақты түрде беріліп келеді. Сондай-ақ халық сұранысы мен тілегіне орай жастарға арналған «Маздақ», әйелдерге арналған «Айша бибі», әдебиетшілер мен жалпы оқырманға аса қызықты «Пырақ» пен «Шөкеңнің шошаласы», спортсүйер қауым үшін «Алаш-Арена», өмірдің таңғажайып сырлары мен құпиясына толы «Тылсым» арнайы жобалары бірнеше жыл бойы жалғасып келеді. Ал елге аты мәлім, өмірі мен жүріп өткен жолы жұртшылық үшін аса қызықты азаматтармен сұхбат ретіндегі «Бүкпесіз әңгіме», «Адамдар. Жылдар.Тағдырлар», «Алаш ардағы», «Ел мен Ес», «Ұлт пен Ұрпақ» сияқты тағы басқа да айдарлар аясындағы дүниелердің де тағылымдық, танымдық және рухани салмағы басым.
Заман талабына сай ізденіс үстіндегі басылымның соңғы уақытта жеке сайты ашылып, өңірде ақпарат таратудың жедел үлгісін көрсетіп отыр. Сайт материалдары қазақ және латын тілдерінде жарияланады. Сонымен қатар онда газеттің ПДФ нұсқасы уақытында беріліп отырады. Осы арқылы оқырмандар газеттің үйіне поштамен жеткенін күтпей-ақ, сайттан толық оқи алады. Газет сайтында «Ақ жол ТД» айдары бар. Онда қызықты видеолар топтамасы ұдайы жарық көріп келеді. Бұл бастаманың жалпы газеттер сайтында бұрын болмаған тың дүние екендігін мақтанышпен айтуға тиіспіз.
Газет шығарумен қатар, ұжымның қолға алған өзге де жобалары баршылық. Оның бірі – бұрыннан қолға алынып, жыл сайын жалғасып келе жатқан «Тоғызқұмалақ» ойынынан дәстүрлі жүлдеміз. Бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келетін талай жас жеткіншектер қатысып, ұлттық ойынның дамуына өз үлестерін қосуда.
Алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатов айтқандай, «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор». «Ақ жолдың» бүгінгі ұстынымы да осы.
Жүз жылға жуық тарихы бар газеттің өткені мен бүгінін айта берсе таусылмайтын деректер мен дәйектер жетерлік. Оның бәрін бір мақалаға сыйғызу, тіпті мүмкін емес. Бір анығы – қазыналы қарттың жасын жасаған бүгінгі «Ақ жолдың» бағындырған белесі биік, алда әлі талай асудан өтуіне Алла жар болсын демекпіз!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support