- Advertisement -

«Мен қазақпын»

98

- Advertisement -

дәстүрлі әншілер, термешілер мен күйшілердің телевизиялық жобасы көрерменге жол тартты

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
«Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» РТРК» АҚ бірлесіп өткізілетін республикалық телевизиялық байқауы тәрбиелік мәні зор рухани мұрамызды дәріптеуді мақсат етіп отыр. Атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз – дәстүрлі ән-күйді одан әрі дамытып, бүгінгі күн талабына сай түрлендіріп, ұрпаққа насихаттау қазіргі өркениетті заманда, тіптен ерекше деп білеміз.
Бәрі де өмірден туады. Қобыз қонады, домбыра дариды. Ән де, күй де жүректен шығады. Ал бұл дегеніміз адам өмірінің ең асыл қазынасы ретінде халықпен бірге жасап, ұлттың жандүниесін байытады. Өсіреді, ойға қанат бітіреді, бойыңа күш-қуат әкеледі. Қазақтың таңғажайып өнерін жасаушы таланттар мен өнер дүлдүлдерінің өшпес мұрасынан ләззат алып, мейірі қанған халықтың ықыласы да алабөтен ыстық болатыны содан.
Ендігі ұлттың рухани дамуынан нәр алатын жас өнерпаздардың, яғни ән мен күйді, терме, толғауларды орындаушы талантты жастардың шеберлігін шыңдап, көпшілікке таныстыру түрленген форматта қолға алынуы сөзсіз, төл өнеріміздің көкжиегін кеңейтіп, мәртебесін биіктете түсуді бекемдеп отыр. Әрі осы мегажоба арқылы әр аймақта өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын жарқыратып, өзіндік өрнектерімен көрсету мүмкіндігі де жасалуда.
Негізгі идея елімізде дәстүрлі әнші-термешілердің және күйшілердің басын бір арнада тоғыстыру. Бұл өнерсүйер қауымның көптен күткен ірі байқауы деп айтсақ еш артық емес.
Байқау қалай өткізіледі? Оның да өзіндік ерекшеліктері мен сыр-сипаты бар.
Әуелі үстіміздегі жылы 5-28 маусым аралығында барлық облыс орталықтарында іріктеу турлары өтеді. Сөз ретінде айта кетейік, облыстың өнерлі азаматтарының алғашқы іріктеу сыны басталып та кетті. Ал іріктеліп алынған өнерпаздар 2017 жылдың тамыз, қазан, қараша айларында Астана қаласында «Қазмедиа» орталығында бақтарын сынайды. Жобаның жартылай және ақтық мәресі «Қазақстан» ұлттық телеарнасының эфирінен тікелей көрсетіліп, жүлдегерді анықтауға телекөрермендер «смс» дауыс беру арқылы қатыса алады.
Қазақ өнеріндегі жыршы-термешілердің және күйшілердің арасындағы ұлттық өнерімізді дамыту мақсатында алдын ала байқаудың Ережесі жасалып, бекітіліп, әлеуметтік желілерде, kaz.trk. сайтында, арнадан арнайы анонстар жіберіліп, өңірлерге таратылуда. Әрбір облыс орталықтарында іріктеу турлары өткізіліп, іріктелген жүйріктер республикалық телевизиялық байқауға жолдама алып, Астана қаласында бас қосады. Жанр бойынша әр аптада 2 термеші, 2 дәстүрлі әнші, 2 жұп күйшілер бақ сынасады. Әр қатысушыға шамамен (термешілер мен күйшілерге 3-5 минут, жыршыларға 5-7 минут) уақыт беріледі.
Әрбір қатысушының өнерін бағалау үшін елімізге танымал термешілер, күйшілер, жыршылардан құралған қазылар алқасының құрамы бекітілді. Ал ұйымдастырушылар тарапынан елге танымал бір тұлға елді мекендерде өтетін жобаның қазылар алқасына қосылады. Қазылар алқасының шешімі бойынша үздік деп танылған өнерпаз келесі айналымға жолдама алады.
Жарыстың өзі шынайы түрмен беріледі. Жүргізуші екеу болады. Бұл жоба ұлттық арнаның идеологиясына сиятын әдептілік пен сыпайылық форматына бағынып жасалынады.
Жобаға 18 бен 40 жас аралығындағы, халық композиторларының және халық әндерін домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын өнерпаздар қатыса алады. Бір ән, терме, күй үміткердің таңдауы бойынша халық әндері, халық композиторларының шығармасынан және екінші шығарма өз таңдауы бойынша еркін тақырыпта орындалады.
Байқауға қатысатын үміткердің сахналық киімі қазақы үлгімен тігілген, заманға сай болуы да назарда. Облыстан жеңіп шығып, республикалық байқауға жолдама алған үміткерлерді телевизиялық байқауға түсіру барысында әр үміткерді қолдаушы жергілікті дәстүрлі өнерді насихаттаушылардан құралған қолдаушы топ болады. Олар қазіргі қазақ дәстүрін насихаттап жүрген балуан, аңшы, құсбегі, зергер, әнші, күйші т.б. өнер иелерінен құрылуы шарт. Олар сахнада отырады. Олардың да киген киімі, жүріс-тұрысына баға беріледі. Асқан шеберлік танытқан үздік орындаушыға «Жылдың үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың үздік термешісі», «Жылдың үздік күйшісі», «Үздік ұйымдастырушы», «Үздік сахналық безендіру», «Жылдың үздік қолөнер шебері» деген атақтар беріледі.
«Мен қазақпын» телевизиялық мегажобасының облыстағы іріктеу сыны 17 маусымда өтеді. Бұл ұлттық өнер туын асқақтататын байқауға республика өнерпаздарымен қатар Қытай Халық Республикасы, Моңғолия және Ресей Федерациясынан өнер иелері қатысады деп күтілуде.
Сонымен, бала жастан санамызға сіңіп, жандүниемізді тербеткен өнер үні мен тылсым сырларын керемет қабілет-дарынымен ұқтыра алған жаңа таланттардың бағын ашып, жұлдызын жарқыратар ірі мегажоба көрерменге жол тартты.
Жамбылдай жыр жампозын, Кенендей ән-жыр саңлағын, Әбдімомын Желдібаевтай талантты күйшіні, Аяз Бетбаевтай сөз маржанын терген термешіні, Алтынбек Қоразбаевтай сәйгүлік әнші-композиторды дүниеге әкелген Әулиеата өнерінің өнерпаз ұл-қыздары жаңа тұрпаттағы өнер бәйгесінде көрермендерді дән риза етіп, ұлттық мұраның асыл мәйегін танытады, дүбірлі додада өздерін биіктен көрсетеді деп сенеміз.
Бұл мегажобаны жергілікті жерде тиянақты жүзеге асыруға облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының үлкен белсенділік танытып, нақты ұйымдастыру іс-шараларын өткізуге атсалысып келе жатқанын разы көңілмен атап айтуды жөн санаймыз. Әрине, ірі өнер байқауының жанкүйерлері де көп болады деп ойлаймыз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support