- Advertisement -

Көңіл толқытатын сәт

99

- Advertisement -

25 мамыр. Осы күні біраз жұрт ұйқысынан әдеттегіден ертерек оянып, бір киерін әзірлеп, абыр-сабыр болғаны анық. Жыл сайын бұл күні құрбы-құрдастар жиырма, тіпті отыз жылдық кездесуге, ал ата-аналар ұл-қызының соңғы қоңырау салтанатына қатысу үшін мектепке жиналады. Тоқтаусыз уақыт, зымыраған жылдар… Күні кеше олар да дәл осылай мектеппен қоштасып еді. Осыншама жыл бұрын арман қуып, сан тарапқа кеткен түлектер, енді міне туған жерге іскер басшы, білікті маман атанып оралып отыр. Көңілдері алабұртқан мектеп бітіруші бозбала мен бойжеткендер самайларына ақ түскен ағалары мен әпкелеріне қарап, көңіл демдейді. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар, сірә.

Тағы бір оқу жылы артта қалды. Бұл күні облыстағы 451 жалпы білім беретін мектепте соңғы қоңырау салтанаты өтеді. Осы күні өңірдегі 207455 оқушының 8826-сы алтын ұя – мектебімен қоштасады. Оның 6611-і қазақ тілінде, 2189-ы орыс тілінде, 26-ы өзбек тілінде оқыған. Ал 9-сыныпты 16074 оқушы бітіргелі отыр. Осы оқу жылында бірінші сыныптар бес күндік оқу жүйесіне көшкеніне қарамастан биыл 1-11 сыныптарда сабақ 25 мамырда аяқталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 24 наурыздағы «2016-2017 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттаудан өткізу туралы» №128 бұйрығында жазылған.

– Министрдің бұйрығына сәйкес барлық мектепте 25 мамырда оқу жылының аяқталуына арналған соңғы қоңырау салтанаты өтеді. 29 мамыр – 9 маусым аралығында 11-сыныптарда 5 пән бойынша, ал 30 мамырдан 9 маусымға дейін 4 пәннен 9-сыныптарда мемлекеттік қорытынды аттестаттау өтеді. Ал аттестат тапсыру кештерін 10-12 маусымда өткізу көзделген. Қорытынды аттестаттау нәтижесі бойынша 9-сыныпты бітірген оқушыларға негізгі орта білім туралы аттестат, 11-сыныпты бітірген мектеп түлектеріне жалпы орта білім туралы аттестат беріледі. Жоғары оқу орнына түсуді жоспарлаған түлектер Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға міндетті, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Айдын Досыбаева.
Биылғы оқу жылындағы бір жаңалық – «Алтын белгі» төсбелгісі және үздік аттестаттың кімге бұйыратыны бұрынғыдай ұлттық бірыңғай тестілеуде жинаған балына тәуелді болмайтындығы. Енді үміткерлердің мәселесін мектеп басшылығы шешеді. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2016-2017 оқу жылында 237 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне, 139 оқушы үздік аттестатқа үміткер екен. Былтыр «Алтын белгіге» үміткерлердің саны 220 болған. ҰБТ-да соның 130-ы ғана өз білімін дәлелдесе, үздік аттестатқа үміткер 86 түлектің 30-ы үмітті ақтаған еді.
Тағы бір оқу жылының аяқталғанын ескертіп, бүгін еліміздегі барлық білім ордаларында соңғы қоңырау соғылады. Сыныптан-сыныпқа көшкен оқушыларды алда үш ай жазғы демалыс күтіп тұр. Ал мектеп бітірушілерді мемлекеттік емтихан және ҰБТ күтіп тұр. Сондықтан, биылғы оқу жылының қорытындысын шығаруға әлі ерте. Осы маңызды сынақтарда түлектерге сәттілік серік болсын!

Ардақ үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support