- Advertisement -

Ақ жауын

177

- Advertisement -

Бала кезімде әжем жаңбыр жауған сайын «мына жаңбырдың арты ақ жауынға айналмаса игі еді» деп отыратын. «Түссіз жауынның мөлдір тамшылары қалайша ақ болмақ? Әжем неліктен «ақ жауын» дегенді жиі айтады», – деп ойлаймын сонда, толассыз жауған жаңбырдың тамшыларына терезеден тесіле қарап тұрып.
Әлде ерте көктем, әлде күздің алғашқы айы ма, қазір есімде нақты қалмапты, нөсерлеткен жауын толассыз үш күн жауды. Балаң көңілмен әжем айта беретін ақ жауын, осы болар, деп тырс-тырс етіп терезені ұрып жатқан тамшылардан көз алмай ұзақ қарадым. Әлден уақытта сол мың-мың тамшылардың арасынан ағараңдаған белгісіз бірдеңе көрінгендей болды. Алғашында қорықсам да, артынан қайта қарадым… Ақ жауынның астынан әжемнің үлкен ақ жаулығы көрінді. Анықтап байқасам, ақ орамалын басына айқұш-ұйқыш ораған менің ақ әжем босағаға сүйеніп отыр. Текке отырған жоқ. Көкке алақан жайып, күбір-күбір етеді. Әжім басқан жүзінен тарам-тарам болып аққан жас па, әлде жауын ба жүзін жуған, ол жағын айыра алмадым.
Өмір көші тоқтаған ба? Уақыт толқынында қанша жайттар жұтылып, ұмыт болса да осы бір оқиға санамда жатталып қалыпты. Қазір жаңбыр жауған сайын әжемнің мына әңгімесі ойға оралады.
«Әу баста, адамзат баласы мына дүниеге ақ пейіл, таза жүрекпен жаны нұрға бөленіп жаралған екен. Бір-біріне қылдай қиянаты жоқ олар аппақ көңілдерін кір шалмастан күн өткізген көрінеді. Ізгіліктің дәні әрбір жүректе көктеп, мейірім шуағына нұрланған деседі. Адамдар арасындағы осы сүйіспеншілікті көре алмаған әзәзіл сол «ақ жүректерді» арбап, араларына алауыздықтың шоғын тастап, отын жағыпты. Әзәзіл араздықтың шоғын үрлеген сайын, оның жалыны күшейіп, алауы жүректердегі мейірімді шарпыпты. Осылайша, жамандық атаулы жер бетінде қанат жайып, адамдар арасына дендеп ене түсіпті. Анадан мейірім кетіп, ұрпағын жетім етіпті. Ағайыннан татулық кетіп, бірін-бірі жат қылыпты. Сол қорғансыз жетім мен жат бауыр ағайынның, қатыгездіктің құрбаны болғандардың көз жасы ақ жауынға айналыпты деседі».
Бұл әлде аңыз, әлде өз ғұмырында тағдырдың талай тауқыметін тартып, зұлмат замандарды бастан өткергенде де өз баласы тұрмақ, өзгенің ұлын өзекке теппеген, бар жан-жүрегімен жақсылықты көксеген қарт ананың қиялынан туған аңыз-әңгіме ме, ол жағы маған жұмбақ. Қазір ойласам, сол кезде әжем нөсер жауынның астында отырып, Аллаға жалбарынады, дұға оқып, тілек тілейді екен. Жаратушыдан адамзатты озбырлықтан, күншілдіктен, қатыгездіктен, безбүйректіктен, бар жамандық атаулыдан алшақтатуды сұрайды. Бүгінде, әжем аңсаған сол адами ізгі қасиеттер кеміп, әлемде озбырлықтың оты қайта тұтанғандай ма, қалай? Олай дейтінім, біз өмір сүріп отырған мына қоғамда күн сайын жан шошып, жаға ұстатарлық жайттар орын алуда. Бұрын-соңды естіп-білмеген, қазақ қоғамына мүлде жат жағдаяттардың көптеп орын алуы осы адами құндылықтардың азаю салдарынан деп білем.
Алла Тағала пендесін жаратқанда жүрегіне мықты іргетас болу үшін иманды қоса берді, тек, оның мөлшерін адамзаттың өз еркіне қалдырған екен. Иманы толық жанның мейірімі теңізден терең, шыңнан биік болса, иманы әлсіздердің бойында қазіргі қоғамда көптеп орын алып отырған безбүйректік әрекеттер жасырынып жатады. Тек ұдайы жақсылық жасауға ұмтылу ғана жүректерді тасқа айналудан сақтап, адамдарды азғындықтан алшақтатары сөзсіз.
…Жаңбыр жауған сайын әжемнің арман-тілегін еске алам. «Ана жүрегі текке алаңдамаған екен ғой» деп ойлаймын. Ақ әжемнің сол ақ ниеті бүгінде менің тілегіме айналып, әркез Ұлы Жаратушыдан жер бетіне мейірім шуағын сеуіп, жан-жүрегімізді ізгілікке толтыруды сұраймын.

Мәдина Жарас.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support