- Advertisement -

Қала пәтерлерінде Жазда да жылы су болады

85

- Advertisement -

Бүгінде өңірімізде жылыту маусымы аяқталып, жылы судың тоқтатылуына байланысты түрлі тұрмыстық қолайсыздықтар туындауда. Биыл ыстық су беріле ме? Берілсе, қай кезден бастап қолға алынбақ? Тұрғындардың оған дейін, бәлкім, арнайы су жылытқыш электр құрылғыларын пайдалана тұруына тура келетін шығар? Көпшілікті толғантқан осынау сауалдарға Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен жылу беру мекемелері өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте нақты жауаптар қайтарылды.
«Тиісті санитарлық нормаларға сәйкес әрі сыртқы ауаның орта тәуліктік температурасының тұрақты +8 С болуына байланысты облыс бойынша жылыту маусымы үстіміздегі жылғы сәуірдің 11-інен 12-сіне қараған түні тоқтатылды», – деді аталған басқарма басшысының орынбасары М. Шәкіров. Оның айтуынша, биыл жылыту маусымының жалпы ұзақтығы 178 тәулікті құраған, яғни тиісті нормативтен 14 тәуліктей артық.
Сондай-ақ, бүгінде жылу желілерін есепті температуралық және гидравликалық сынақтан, күрделі және ағымдық жөндеуден өткізу жұмыстарына байланысты ыстық су берілуі біраз кешеуілдейтін сыңайлы. Тиісті іс-шаралар жоспарына сәйкес «Таразтрансэнерго» МКК тарапынан көп пәтерлі үйлерді үстіміздегі жылдың 26 мамырынан бастап, 4 қыркүйегіне дейін сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал «Тараз энергия орталығы» АҚ-ның ыстық суын 705 көп пәтерлі тұрғын үй тұтынады. Белгіленген кестелерге сәйкес қаланың бірқатар бөліктерінде жөндеу жұмыстары аяқталған соң, ыстық су беріле бастайды.
Баяндамашы «Жамбыл-Жылу» МКК-на қарасты РК-4 жылу көзі тарапынан 27 сәуірден 1 тамызға дейін «Қаратау», «Қарасу» шағын аудандары мен «Қарасу», «Қант зауыты» тұрғын жай алқаптарындағы 82 көп пәтерлі тұрғын үй тұтынушыларын жылы сумен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын да атап өтті. Ал 1-27 тамыз аралығында қаланың бұл бөліктерінде жылу жүйелерін сынау және ақауларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Жөндеу жұмыстары аяқталысымен жылы су беру 28 тамыздан 1 қазанға дейін жалғасатын болады.
Бұдан басқа «Теміржол-Жылу» МКК-ға қарасты Байзақ батыр көшесіндегі «Газовая» қазандығы арқылы 19 көп пәтерлі үй 27 сәуірден 1 шілдеге дейін жылы сумен қамтамасыз етілмек. Ал 1 шілде мен 29 тамыз аралығында бұл аумақта да жөндеу жұмыстары межеленуде. Жөндеу ісі аяқталысымен, жылы су беру одан әрі жалғастырылады.
Мамат Сәдуұлы бүгінгі күні отын-энергетика кешені мекемелері тарапынан жазғы маусымда өткізілетін жөндеу жұмыстары мен іс-шаралар жоспары жасалып, мақұлдану үстінде екенін де атап өтті.
Басқосуда журналистер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға тиісінше жауаптары қайтарылды.

Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support