- Advertisement -

Атамекен – алтын бесігіміз

128

- Advertisement -

Жигули ДАЙРАБАЕВ,
облыстық фермерлер одағының төрағасы.

 Баспасөзде жарық көрген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы көпті көрген, көп жайды көңіліне түйген еңбек ардагері ретінде мені де көп ойларға жетеледі. Мемлекет басшысының, әсіресе, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынуын әбден құптаймын. Өйткені, біз көп айтып жүрген патриотизмнің өзі кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?

Президентіміз аталмыш мақаласында мұның да мән-мағынасын тарата айтып, «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деп атап көрсетті.
Ауыл – біздің алтын діңгегіміз. Қаншама ғұламаларымыз, мемлекет және қоғам қайраткерлері сол ауылдан шыққан. Бір кездері ауылдың азып-тозып күй кешіп, шаруасы шатқаяқтап кеткен кезі де болды. Бүгінде шаңырағын қайта тіктеп, шаруалар бірқатар мемлекеттік несиелік бағдарламалардың көмегімен мал мен егін шаруашылықтарын дамыту үстінде. Елбасының биылғы халыққа Жолдауында да аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиістігі аталып өтіп, алдымызға қыруар міндет қойылып отыр. Мұның бәрі ауылдың екінші тынысын ашуына мол септігін тигізбек. Елбасы айтқандай, ендігі жерде басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек-ақ. Мұның әркімде болуы мүмкін қалыпты және шынайы патриоттық сезім екенін де жоққа шығармаймыз. Дегенмен, мұндай бастамаларды ұдайы қолдап, ұдайы ынталандырып отырған жөн. Оның үлгілік-өнегелілік маңызы зор. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен өрістетеді деп сенеміз. Бұл орайда да алдымызда қыруар істер тұр.
Осыдан ой туындайды. Біз туған жеріміздің ен байлығын игеріп, ұқсата алудамыз ба? Аға ұрпақ өкілдері кезінде бидай, арпа, жүгері егіліп, ауылдар іргесіндегі егістік алқаптарының өзінен көл-көсір өнім жиналып, халықтың нанға, жемшөпке қарық болғанын ұмыта қойған жоқ. Міне, осы жерлер соңғы жылдары толықтай кәдеге асырылмауда. Ал нарық талабы бойынша оны мейлінше тиімді пайдалануымыз керек қой! Сонда ғана біз өзімізді-өзіміз арзан азық-түлік өнімдерімен жеткілікті қамтамасыз етеміз.
Елбасының осы мақаласындағы тапсырмалары одан бұрынғы Жолдауларында да алға қойылған, 5 реформа «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының да негізгі алтын діңгегіне айналып отыр. Біз осыны жастарға дұрыс түсіндіріп, ұғындыра алудамыз ба? Мәселе, осында. Осыған байланысты менің негізгі айтпақ ойым – жастарды жермен жұмыс жасауға үйрету бәрінен де маңызды. Жастар күшін тиімді іске пайдаланудың мезгілі пісіп-жетілген секілді. Оларға аға буын өкілдері тарапынан туған жердің, еңбектің, нанның қадірін ұғындыру жұмыстары күн тәртібіне өткір қойылуы тиіс. Міне, мұның барлығы да қазақстандық әрбір жасты отансүйгіштік рухында тәрбиелеуге мол үлес болып қосылатынына бек сенімдімін.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support