- Advertisement -

Парасатқа толы пайымдар

86

- Advertisement -

Тәкен Молдақынов,
«Ежелгі Тараз ескерткіштері»
қорық-музейінің директоры.

Тәуелсіздік таңы атқан күндеріміздің өнбойымен ұласқан ұлы мұраттарымыздың бірі де, бірегейі де – ұлтымыздың рухани өресін өсіретін құндылықтарды саралап, бабаларымыздың келер күнге аманат еткен асыл қазыналарын ардақтай білу тәлімі болып келе жатқандығы даусыз. Ұлттық идеология, ұлыстық таным өресін жаңа заман, жаңа уақыт, жаңаша жаңғырулар үрдісіне кіріктіріп, ең бастысы – айтаңбалы асылдарымызды адамзатқа ортақ құндылықтар әлемімен үндестіретін уақыт келгелі қашан. Олар – дәстүріміз, дәуірлер тәлімімен үндескен әдет-ғұрпымыз, әрбірі бір-бір томдық өмір философиясын арқалап тұрған мақал-мәтелдеріміз, ауқымы кең ауыз әдебиетінің асылдары, жазба тарихы тапшылау далада қаздай тізілген тарих оқулықтары, мәдени мұраның інжу-маржандары – материалдық мәдениеттің жауһар жәдігерлері болып жалғаса береді…
Осы ретте қашанда арнасы кең кемел бастамалардың көш басында тұратын, болашақты болжай білетін, ауқымды алғырлығымен ерекшеленетін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты терең ойлы, тектілік тегеуріні мол мақаласы, көкейде жүрген көп ойдың орамын орынды қозғағандығымен, үлкен әсерге бөлегендігін айтамыз.
Рухани жаңғыру – кешеден келген кемел болмыстың, ертеден жеткен ерен дәстүрдің осы заман қалыптастырған құндылықтармен астасып барып ұлттық санаға сіңісуі, сана қуаты арқылы ұлттық бірегейлікті сақтап қалу немесе оның тарихтың тулаған ақжал толқындарының тегеурінінен сетіней бастаған тұсын қайтадан қалыпқа салып, өз иесіне қайтару болса керек. Білімді жас ұрпақ, білікті аға буын алдында тұрған парыз жүгінің ең ауыры да осы болар деп бағамдаймыз. Ұлы Даламыз өркениеттің елең-алаңынан бастап, адамзат дамуының алуан саласын қамти дамып, үнемі жетіліп отырған алдыңғы қатардағы өз орнының қадір-қасиетін көзінің қарашығындай сақтаған! Тұстас ұрпақ кезеңіне – Тәуелсіздік тәлімінің тәрбиесін көрген ұрпақ кезеңіне дәл келген бар мен жоғымызды зерттеп, ыждаһатпен бағамдап, басқаға көрсете білу парызының да бір парасы осыған саяды.
Президент мақаласында киелі Тараз топырағында толықсыған тарихтың тамыры терең «бәйтеректері» де аталып өтіпті. Ұлтымыздың арғы-бергі өткен өмірі мен кешкен ғұмырындағы көп жақсының басында тұрған Тараз жері, төл тарихымыздың «көзі тірі» куәсі десек артық айтқандық емес. Мемлекеттік құрылымның ішкі-сыртқы саясатына, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті жүздеген заңдармен қатар қабылданған ҚР «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану туралы» Заңы мен «Мәдени мұра» ұлттық-стратегиялық бағдарламасы аясында өздерінің алғашқы бейнесімен қауышқан «Ежелгі Тараз» құндылықтарының шуақты шапағаты, бүгінгі ұрпақтың игілігіне айналғандығы да, олардың ұлттық сананың ұлағатты нысандары биігіне көз алдымызда көтерілгендігі де, тарих керуеніне ілесіп келешекке қадам басып барады. Сондықтан Президент мақаласында сөз болып отырған салауатты сананың қалыптасуына игі ықпал етер іс-шаралар шоғыры – кемел келешектің де алғышарттары деп бағалаймыз. Өйткені, «кім едік, қайдан келдік, қайда барамыз?» деген сауал – кез келген кемел жұрттың жадынан шықпайды.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support