- Advertisement -

Мемлекет мәйегі – Мәдениет

90

- Advertisement -

Мәкен Рақымжанова,
Қазақстанның халық әртісі, облыстық қазақ драма театрының әртісі.

Елбасымыздың «Бола-шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы «Рухани жаңғыру – ең біріншіден, халқымыздың ұлттық рухани тамырынан нәр алып, сол негізде дамып, тереңдеуі тиіс» деген түйінге негізделген. Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан бергі 25 жыл ішінде, біз Елбасымыздың көрегендік саясаты арқасында, ең әуелі халқымыздың әл-ауқатын жақсарту мақсатында, ел экономикасын өркендетіп, дамудың даңғыл жолына түстік. Бұл – 25 жыл бойы жүргізілген экономикалық реформаның жемісі.
Ел ішінде халықтардың мызғымас бірлігі мен ынтымақтастығын сақтап, алыс-жақын көрші елдермен тату-тәтті қарым-қатынас орнаттық. Енді 25 жылдан кейін салтанат құрған сол жемістеріміз бен жеңістерімізді рухани жаңғырту арқылы алыс болашаққа бағдар жасап, одан әрі жалғастыратын кез келді.
Мен Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан осындай үлкен мақсат-міндеттерді көріп отырмын. Рухани жаңғырудың мән-маңызы неде? Халқымыздың тағылымы мол тарихы, ықылым заманнан үзілмеген салт-дәстүрі, мәдениеті мен өнерін алыс болашаққа сенімді жеткізіп, өркениет биіктерімен шендестіріп, ұрпақ тәрбиесі үшін пайдалануымыз қажет.
Мәдениет – мемлекет мәйегі. Әлемдегі 30 алдыңғы қатарлы елдің қатарына қосылу үшін ең қажетті шарттардың бірі – осы мәдениет пен өнерді дамыту. Елбасымыз өз мақаласында біздің қазіргі насихаттап жүрген Абай, Мұхтар, Жамбыл, Құрманғазы сияқты даналарымыздың еңбектері – рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана дей келе, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар мұрасын кеңінен таныту қажеттігін еске салады. Әлемдік деңгейдегі тұлғалар бізде де бар екендігін дәлелдеуіміз шарт. Сондай бәсекелестікте ғана ұлттық бірегейлігімізді сақтап, дамыта аламыз. Бұл – Елбасы мақаласындағы Отаншыл болудың басты талаптарының бірі.
Әлбетте, табысты болудың бір факторы – білім. Біз көп тіл білу арқылы – білімімізді асқақтатамыз, меңгеретін көкжиек кеңістігімізді кеңейтеміз. Латын әліпбиіне көшуден қорқып, үрікпеуіміз керек. Оны енгізу біздің тілді халықаралық тілдерге жақындата түседі. Өздерінің ұлттық дәстүрлерін, тілін қашанда жоғары ұстайтын жапон, қытай, тағы да басқа мемлекеттер неге ағылшын тілін білуге ұмтылады? Неге немістер, француздар латын әліпбиін пайдаланады? Өйткені, бұл әліпби әлем жұртшылығының ғылым-біліміне жақындатады, ортақтастырады. Ол – заман талабы. Сондықтан біздің жастар замана ағымынан қалуға қақысы жоқ.
Демек, мәдениет пен өнерімізді дамыту және латын әліпбиіне көшу – әлемдік өркениетке ұмтылу. Латын әліпбиіне көшу, ағылшын тілін меңгеру – өз мәдениетімізді, тілімізді мансұқтау емес. Мақаладағы тіліміз, тарихымыз, салт-дәстүрімізді дәріптеу жайлы кемелді ой – осы ұлттық құндылықтарымызды қадірлеуге, өркендете түсуге үндеп тұр.
Тілсіз – ел жоқ. Елсіз – мемлекет жоқ. Тіл – өнер мен мәдениеттің тиегі. Осыны жастар санасына сіңіруді ойлауымыз қажет. Қорыта айтқанда, мәдениет пен өнер, туған жер, ел тарихы, ана тіліміз – біздің ұлттық кодымызға, ұлттық брендімізге айналуы тиіс.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support