- Advertisement -

Туған жерге ту тігейік

91

- Advertisement -

Бақыт Сауранбаев,
«Нұр Отан» партиясының
облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі.

Ұлы Даланы мекендеген қазақ халқы қашанда ұлттық сананың кемелденуіне баса мән берген. Ұлан-ғайыр даласын аттың жалы, түйенің қомында жүріп, ақ найзаның ұшымен, құрыш білектің күшімен қорғап, ұрпағына мирас етумен қатар қол бастаған батырларымыз бен сөз бастаған сұңғыла шешендеріміз, кесімді сөз айтып, дауды шешкен билеріміз өз ісімен өшпес өнегесін қалдырған. Осылайша тағылымды тәрбиесімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен ұлттық сананы қалыптастырған. Елбасы Н.Ә.Назарбаев бағдарламалық мақаласы арқылы небір алмағайып кезеңді бастан кешірген ұлтымыздың тамырын тарихтың тереңінен алған рухани кодының сақталғанын көрсетті.
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Ұлт Көшбасшысының елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасы еліміздің өткені мен болашағын таразылаған, ұлттық сананың толысқанын аңғартып, ұрпағына ой тастаған, болашақты болжаған тарихи мәні бар құжат. Мемлекетіміздің рухани кемелденуіне аса қажетті Елбасы мақаласын оқып, ой елегінен өткізе отырып, осылай ой түйдім. Саналы қоғам құруға үндеген Президентіміздің терең де зерделі ойына тәнті болдым. Өйткені, мемлекеттің тұтастығын сақтап, қоғам ілгерілеуі үшін үлкен идеологиялық тұжырым қажет. Осы тұрғыдан қарасақ, бұл қазақстандық қоғамға керек бетбұрыс, яғни өмірдің даму философиясы.
Мақаланы оқып отырып, Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылы қасиетті Ұлытауға барған сапарында берген сұхбатында айтқан сөздері ойға оралады. Сол жолы Елбасы ұлтымызды қадірлеудің, ұлы құндылықтарын сақтау мен оны насихаттаудың, тарлан тарихымызды ұрпаққа жеткізудің сара жолын көрсетіп берген еді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, Ұлытаудың төрінде ұлтымыздың мәңгілікке бірігудің таңбасы тұр, етегінде халқымыз өткен қиын-қыстау өмірінің ізі жатыр емес пе?! Болашаққа бастар даңғыл да осы жерден бастау алатыны анық. Президент сөзімен айтсақ, жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.
Мақалада Елбасы: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыру тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыртуларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – дей отырып, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтті. Шын мәнісінде рухани жаңғыру халқымыздың өткенімен сабақтасып жатуы тиіс. Ол бүгінгі біркүндік іс-әрекетімізбен өлшенетін іс емес. Бұл – заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырту арқылы болашаққа жол бастайтын алтын көпір.
Біз әрқайсымыз «Үшінші жаңғыру кезеңінде біз қандай нәтижеге қол жеткіземіз?» деген сауалдың жауабын білуіміз керек. Ол – әркім жеке басының қандай да бір іске қос-қан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғамды құратынымыз. Елбасы айтып өткендей, бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. Тек адал қызмет етіп, зияткерлік өнім мен еңбек ресурстарын ұтымды пайдаланатын боламыз.
Мақалада ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесі жан-жақты айтылған. Оның екі жарқын қыры көрініс тапқан. Оны Мемлекет басшысы былай деп атап көрсетеді: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Иә, тамыры терең ұлттық рухтан нәр алмайынша, бәрі бекер.
Санасы сергек жанның үш артықшылығы бар. Зерделі азамат өз елінде, айналасында, жаһанда не болып жатқанын түсіне алады. Соған қарай өзінің жоспарын түзеді. Екіншіден, ол жаңа технологиямен бірге келетін өзгерістердің бәріне дайын болады. Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңдермен салыстырғанда біздің өмір салтымыз көп өзгерген. Қазірдің өзінде осыдан бес жыл бұрынғы дағдымыз іске алғысыз болып қалған. Алдағы он жылда жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері қазіргіден де өзгеше болуы ғажап емес. Мемлекет басшысы осы өзгерістерге дайын болуымыз керек дейді. Бұны өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі деп санайды. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы дамуы – бізге жарқын мысал екенін айтады.
Бүгінгі таңда қоғамның дамуына көп тіл білудің де тигізер ықпалы ерекше. Жаңа технологияны игеру, әлемдік озық тәжірибелерді барлық салаларға енгізуде тіл білу – үлкен қажеттіліктің бірі. Мен тіл маманы болмасам да, қазақ тілін кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшіру туралы ұсынысын қолдаймын. Өйткені, біз ерте ме, кеш пе осы латын әліпбиіне ауысуымыз керек. Ғалымдар бұл қадам қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін сақтауға мүмкіндік беретінін айтуда. Қазір балабақшада, мектепте ағылшын тілі оқытылатыны белгілі. Сондықтан, латын әріптеріне көшу – жастарға қиын соқпасы анық.
Ұлт Көшбасшысының бағдарламалық мақаласындағы көпшілік арасында үлкен резонанс тудырған бастаманың бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Өйткені, саналы қоғам ел ертеңі, ұлт мұрагері жастардың бойында туған жер, Атамекен, туған Отан деген киелі ұғымдарды сіңіруге ұмтылады. Иә, Елбасы айтқандай, Туған жер – әркімінің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан болмасы айқын.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support