- Advertisement -

Әлемдік қауымдастыққа жаңа қадаммен танылатын болдық

116

- Advertisement -

Махметғали Сарыбеков,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Ширек ғасырдан астам даму тарихымызда еліміздің барлық сала бойынша қол жеткізген жетістіктері мен толағай табыстарын әлем елдері жоғары бағалайды. Қазақстанның алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына кіруге ұмтылуы, жаһандық сын-қатерлер мен дағдарыстарды еңсеруге деген талпынысы – демократиялық даму жолындағы басты қадамдар екендігі аян. Біз өз болашағымызды дұрыс бағамдап, болжай білдік. Барлық күшті ішкі және сыртқы саясатты бекемдеуге, нарықтық экономиканы еңсеруге, халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмылдыра білдік. Бүгінде соның жемісін көріп отырмыз. Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдында зор беделге ие болуын – түптеп келгенде, халық үшін адал қызмет атқарған Елбасының сындарлы да салиқалы саясатының нәтижесі деп білеміз.
Еліміз екі жаңғыртуды бастан өткерді. Ал рухани жаңғырулар сол кезеңдерден бастау алады. Қазақстан бұл бағытта тәуелсіздік алған тұстан бастап-ақ, ауқымды іс-шаралар жүзеге асырды. Оның нақты мысалы – «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарих және мәдениет, археология, сәулет ескерткіштерінің қайта жаңғыртылып, қазақ халқының мәдени мұрасын зерттеудің біртұтас жүйесі құрылғаны. Ұлттық және әлемдік ғылыми ой-санамыз мәдениет және әдебиеттің алтын қоры болып, баспадан жарық көрді.
Қазақстанның тарих ғылымының дамуына «Халық тарих толқынында» бағдарламасы серпін берді десек, артық айтпаймыз. Елімізде озық әдіснама мен әдістеме негізінде қазақ халқының ұлттық тарихы көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру, сондай-ақ, еліміздің қазіргі заман тарихын зерделеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Елбасы енді «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбында өзіндік көзқарастарымен бөлісіп отыр. Сондықтан жаңа кезеңдегі рухани жаңғыруды кешегі табысты өткен жаңғыртулардың лайықты жалғасы, еліміздің мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу жолындағы мақсатты бағдары деуге болады.
Ұлт Көшбасшысының «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» көзқарасы кез келген азаматты бейжай қалдырмасы анық. Себебі халықтың ұлттық сана-сезімінің өсуі – ұлтымыздың әлеуметтік дамуының басты үрдісі болып қала береді. Жаңару жағдайында бұл үрдіс ғылыми-техникалық революция ықпалымен әрі қарай дами түспек. Соңғы жылдары саясаттанушылар, социологтар, психологтар, философтар мен тарихшылардың осы тақырыпқа ерекше қызығушылық танытып жүргені де, сондықтан.
Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін жаңғырту арқылы болашаққа сеніммен қадам басамыз. Бұл жолда Елбасы бірнеше бағыттарды ұсынып отыр. Соның бірі – әлемдік қауымдастықта кең қолданылатын бәсекеге қабілеттілік. Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бәсекелестік қабілетті арттыруға негіз болатын цифрлық технологияны барлық салада кеңінен қолданысқа енгізуді тапсырғаны мәлім. Сол арқылы 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету және тағы да басқа перспективалы салаларды дамытуды міндеттеді. Сондай-ақ, төртінші басымдығын жүзеге асыру үшін үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесін күн тәртібіне қойды.
Педагогтар тәрбиесіз берілген білім тұл екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізден қол үзбеуіміз керек» деген ойын құптайды. Құндылықтарымызды жаңғыртқан жақсы-ақ, бірақ Мемлекет басшысы айтып өткендей, дәстүрді жаңғыртамыз деп, ысырапшылдық пен астамшылдық, даңғойлық секілді келеңсіз әдеттерге бой алдыратынымыз дұрыс емес. Бәсекеге қабілеттілік – орынсыз сән-салтанат емес, ұстамдылық пен қарапайымдылық әрі үнемшілдік. Кемеңгер ақын Абайдың сөзімен айтқанда, «мақтаншақ», «бекер мал шашпақ» секілді жағымсыз қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына жат ету бағытында тәрбиелік жұмыстар жүргізудің болашақ үшін маңызы зор.
Қазақ ұрпағының иманды да кішіпейіл, әдепті де арлы, білімді де білікті болуына ерекше мән берген. Қазіргі жаһандық ахуал білім саласына жоғары талаптар қойып отыр. Сол себепті елімізде білім беру жүйесін өзгерту үшін ауқымды реформалар қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Елбасының Жолдауларынан білім мәселесі тысқары қалмайтыны да, сондықтан. Яғни, Елбасының сөзімен айтқанда, «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім».
ХХ ғасыр – қазақ халқы үшін өте ауыр болғаны тарихтан мәлім. Ал ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басы ұлтымыздың рухани өсу мен кемелдену, түрлену мен толысу секілді қасиеттердің жаңа белеске көтерілуімен есте қалады. Бұл – ұлтымыздың даму эволюциясы – уақыт талабына сай өзінің мазмұны мен пішінін ұлттық арнаға қарай бұра бастады деген сөз. Елбасының эволюциялық даму туралы негізгі ұстанымдары – бейбітшілікті ту етіп, болашаққа бағдар алған еліміз үшін аса маңызды.
ХХІ ғасырда адамзат өз қиялынан да асқан ғылыми жаңалықтар ашты, ғылыми техникалық дамудың жаңа сатысына көтерілді. Ал сол технологиялар мен инновациялық жаһанданудың тілі – ағылшынша. Біз өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіруді көздесек, тіл меңгеруге қатысты кертартпа ойдан арылуымыз қажет. Бізге сананың ашықтығы әрі жаңаны үйренуге, меңгеруге деген талпыныс керек.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – үлкен стратегиялық мәні бар, қазақтың жарқын болашағын айқындап берген құжат. Елбасы «қазақ халқы әрі қарай қалай дамиды?», «қоғам қалай ілгерілеуі қажет?» деген сауалдардың нақты жауабын беріп отыр. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Елбасы 2012 жылғы жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшетіндігімізді айтқан болатын. Әрине, латын әліпбиіне көшу – барлық сала бойынша қолжетімділікті әрі қарай нығайтып, бәсекелестік жолында іргелі дамытушы күш беретін басымдық десек, артық айтқандық емес.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру» тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілген болатын. Жастарды тоғышарлықтан арылтып, ізгілікке баулуда бұл бағдарламаның өзекті болғандығын атап көрсетуіміз қажет.Ұлт Көшбасшысы, алдағы уақытта қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынатындығын атап көрсетті. Бұл – ғалымдарымыз бен зиялыларды дүр сілкіндірген жаңалық болды деуге болады. Себебі, осы бағыттағы әлемдегі таңдаулы оқулықтарды қазақ тіліне аударып, оқу үрдісіне енгізу – гуманитарлық салаға деген жастардың қызығушылығын арттыра түсері хақ.
Біздің мемлекетіміз қарыштап даму үстінде. Дегенмен дамыған 30 елдің қатарынан орын алу жолында алдымызда кездесер кедергілер де жоқ емес. Ал Елбасының сарабдал саясаты мен ұлт жолындағы ұстанымдары болашаққа бағдар көрсетумен қатар алдағы рухани дамуымыздың өзегі болары анық.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support