- Advertisement -

Егінші – мәрт, жер – жомарт

123

- Advertisement -

Байзақ ауданының егіншілері ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, нарыққа өтімтал тауар ұсыну үшін елеулі игілікті істерді қолға алып, жүзеге асыруда. Ауданда кейінгі кезде майлы дақылдар, қант қызылшасын және мал азығындық өсімдіктерді өсіруге ерекше көңіл бөлінуде. Байзақтықтар өткен жылы лизингке және нақты ақшаға – 200 миллион теңгеге 30 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Мұның өзі науқандық жұмыстарды уақтылы еңсеруге игі ықпалын тигізуде. Мұнда 2015 жылы егістікті тамшылатып ылғалдандыру технологиясы 700 гектар алқапқа қолданылса, өткен жылы ол 800 гектарды құрады. Үстіміздегі жылы оны 900 гектар алқапқа енгізу көзделуде. Сондай-ақ кейінгі кезде дәнді, майлы дақылдардың, қант қызылшасының, дәндік жүгерінің және көкөністің жоғары өнімді сұрыптарын сатып алу жолында елеулі ізденістер жасалуда.

Байзақтықтар өткен жылы күзде үстіміздегі жылдың өнімі үшін 5 мың гектар алқапқа күздіктің «Стекловидная-24» сұрыпты тұқымын сіңірген болатын. Өсімдік тегіс өніп, жақсы қыстап шықты. Биыл ауданда арпа – 6800, дәндік жүгері – 2100, майлы дақылдар – 4720, қант қызылшасы – 2200, картоп – 600, үрме бұршақ – 50, көпжылдық шөп – 4700 және көкөніс 7500 гектар алқапқа орналастырылатын болады. Бұған қоса келесі жылдың өнімі үшін 5 мың гектар егістікте пар көтеріледі. Дәнді дақылдардың 80 пайызға жуығы тәлімі жерге орналастырылады. Ерте сепкен дәннің тез өнетінін жақсы білетін дихандар бұл іске күн жылт етіп, жер дегдісімен кіріскен болатын. Соның нәтижесінде олар ауа райының аса қолайсыздығына қарамастан осы мерзімде 6 мың гектарға жуық алқапқа арпаның «Бәйшешек» сұрыпты тұқымын сіңірген.

Бұл істе ауданда «Бапыш Сейсенбай», «Достық-99», «Байназаров» және «Түймекент-2030» шаруа қожалықтары ерекше белсенділік танытуда. Аталған шаруашылықтарда арпа тұқымын себу мәреге жақындап қалды. «Ақкүмбез» алқабында дән сеуіп жүрген «Бапыш Сейсенбай» шаруа қожалығының механизаторлары Нұртай Сәтімбаев пен Арман Беркеев таңның атысынан күннің батысына дейін егістікте бел шешпей еңбек етеді. Соның нәтижесінде олар күнделікті 50 гектар алқапқа дейін тұқым сіңіруде. Бұл жұмыс аяқталған соң олар мақсары және көкөніс тұқымдарын себумен шұғылданады. Жазда және күзде өсірілген өнімді жинайтын олар жерге қар түскенше тыным таппайды.
– Егіншілерімізге мемлекет тарапынан тұрақты үлкен қолдау мен қамқорлықтар жасалуда. Үстіміздегі жылы ауданға жеңілдетілген бағамен 1200 тонна дизель отыны бөлінді. Қазірге дейін дихандар 100 тоннаға дейін бағасы нарықтағыдан біршама арзан отын алды. Көктемгі дала жұмыстарына арналған қалған отынды олар сәуір айына дейін толық алатын болады. Үкімет шаруалар алатын минералдық тыңайтқыштың жарты бағасын жабатын болады. Биыл негізінен мемлекет субсидияны мал азығын өсіретіндерге береді. Диханның қант зауытына өткізілген әр килограмм қызылшасына зауыт 8 теңгеден, мемлекет 10 теңге төлейді. Әлбетте, бұл егіншілеріміз үшін үлкен жеңілдік, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбеков.
Жалпы, ауданда үстіміздегі жылы егін 51720 гектар алқапта өсіріледі. Оның 28800 гектары суармалы. Арпа себуді аяқтаған бірқатар шаруа қожалықтары майлы дақылдар мен қызылша тұқымын себуге кіріседі. Биыл 450 гектар қант қызылшасы тамшылатып суарылады. Бұған қоса, ауданда кейінгі кезде интенсивті алма бағын өсіруге басымдық берілуде. Бұрын мұнда 287 гектар алма бақ болса, өткен жылы ол 55 гектар алқапқа ұлғайды. Былтыр «Ниет» шаруа қожалығы – 5, «Казэкофрукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 50 гектар егістікке интенсивті алма бағын орналастырды. Оның көшеттері Польшада әкеліп, отырғызылды. Алма ағаштары бір жылдан кейін өнім бере бастайды. «Сады Востока» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан аумағында келешекте 95 гектар алқапқа интенсивті бақ орналастыруды көздеп отыр. Қазір серіктестік бұл жобаны жүзеге асыруға қаржы қарастыруда.

Байзақ ауданы.

Ақылжан Мамыт,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support