Облыс дихандары биыл судан тарықпайды

Облыс дихандары биыл судан тарықпайды
ашық дереккөз
Облыс дихандары биыл судан тарықпайды

 Қордайда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Қырғыз Республикасы Шу және Талас облыстарының губернаторлары Бактыбек Кудайбергенов және Дайыр Кенекеевпен кездесуі барысында соңғы жылдары өзекті болып отырған егістік суы мәселелері бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Өңірлерді мемлекетаралық дамыту жөніндегі басқосуда, сондай-ақ сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, ветеринариялық, фитосанитарлық мәселелер де талқыланды. Өйткені, еліміздің қырғызбен арадағы 1241 шақырымдық шекарасының басым бөлігін алып жатқан Жамбыл облысының көршілермен бірлесе отырып қарастыратын жайлары аз емес. 

Жиынды ашқан облыс әкімі К. Көкірекбаев екіжақты экономикалық қарым-қатынасты нығайта түсудің маңыздылығын атап көрсетті. – Көршілес елдермен арадағы қарым-қатынас қашаннан өзекті саналады. Әсіресе, қазіргі әлемдік дағдарыс кезеңінде көрші бауырлармен түйіні тарқатылмаған ортақ мәселені дер кезінде бірлесіп шешіп алу керек. Бүгінгі басқосудың күн тәртібіне қойылған сол түйткілдердің бірегейі – суару маусымында дихандарды егістік суымен жеткілікті қамтамасыз ету, – деді Кәрім Нәсбекұлы. – Рас, былтыр ауа райының қолайлы, жауын-шашынның мол болуынан трансшекаралық өзендерден су алуда қиындық болған жоқ. Бірқатар шаруашылықтарымыз суармалы егістіктің әр гектарынан 55 центнерге дейін астық орды. Бірақ жыл сайын ауа райы қолайлы бола бермеуі мүмкін. Бұрынғы қуаңшылық жылдардағы орын алған су тапшылықтарын ұмытпау қажет. Ал суару маусымында біздің облысқа 2,8-3,0 миллиард текше метр су қажет болады. Оның 80 пайызы көршілес қырғыз елінен алынатындықтан, біздегі 173 мың гектар суармалы алқаптарды сумен толық қамтамасыз ету шараларын осы бастан белгілеп алуымыз керек.

Трансшекаралық өзен суларын бөлісу бойынша екі елдің көршілес облыстар басшыларының бұл бірінші кездесуі емес. Жыл сайын бірде бізде, бірде оларда кездесіп, өзара тиімді уағдаластыққа қол жеткізіп отыру дәстүрге айналған. Бұл жолғы жиында екі елдің облыс басшыларымен қатар сала мамандары да кезекпен сөз алды. Айтуларынша, дихандардың биыл да егістік суынан таршылық көрмеуіне негіздер бар екен. Сыйымдылығы 500 миллион текше метрлік Орта Тоғай су қоймасында жиналған су көлемі қазір 470 миллион текше метрге жетіпті. Таудағы қар да көп. Бұл Шу өзені арқылы қырғыз елінің – сегіз, біздің облыстың төрт ауданын ала жаздай сумен қамтуға молынан жетеді. Оның ішінде Үлкен Шу каналы арқылы Шу облысының алты ауданы мен біздің Қордай ауданы су алады. Сөйтіп, Қордай ҮШК-ден су алатын жетінші аудан саналады. Сондай-ақ біздің облыстың Жамбыл, Байзақ, Талас, Сарысу аудандарын, Тараз қаласын сумен қамтамасыз ететін Киров су қоймасында да 500 миллион текше метрден аса су жиналған. Сондықтан бүгінгі жиынның нәтижесін күтіп отырған дихандарымыздың еш алаңсыз көктемгі егіске білек сыбана кірісіп, астық, көкөніс дақылдары мен жеміс-жидекті түр-түрімен молынан еге берулеріне болады. Оның үстіне, Елбасы Жолдауында талап етілгендей егіс көлемін еселеп арттыруға да кедергілер жоқ. Өйткені, жиын соңында қол қойылған меморандумға сәйкес қырғыздар жағы су ресурстарын бөлуді бақылауға және бірлесе басқаруға кедергісіз қолжетімділікті, сондай-ақ Жамбыл облысының аудандарына үздіксіз су беруді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды тұрақты бақылауда ұстайтын болды.

Кездесуде, сонымен қатар сауда-саттық, шекаралық бақылау мәселелері де талқыға түсті. Қырғыз Республикасы Шу облысының губернаторы Б. Кудайбергеновтің айтуынша, Шу облысының Қазақстанмен арадағы сауда айналымы биылғы бір ғана қаңтар айында 8,5 миллион долларды құрап, былтырғымен салыстырғанда 175 пайызға артқан. Оның ішінде экспорт – 5 миллион, импорт 3,5 миллион долларды құраған. Екі жаққа да тиімді мұндай көрсеткіштерді алдағы уақытта еселеп арттыруға негіздер жасалып жатыр. Қазір екі елдің үкіметаралық келісімдеріне сәйкес, шекаралық бақылау-өткізу пункттерінің жұмысын жетілдіру шаралары қолға алынған. Алғашқы кезекте «Сортөбе» бекетінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ендігі кезекте орталық «Қордай» шекаралық бекетін, жүк көліктерінің өтуіне арналған «Қарасу» бекетін кеңейту шаралары атқарылады. Сөйтіп, жұрт Ыстықкөлге демалуға ағылатын жазғы маусымда тәулігіне екі жаққа қырық мыңға дейін адам, екі-үш мыңдай көлік өтіп жататын бұл өткелде халықтың иін тіресе сағаттап қаңтарылуын болдырмауға мүмкіндік туады. Осы замандық стандарт талаптарына сай сервистік қызмет түрлері де пайда болады. Сондай-ақ қырғыз шаруаларының бау-бақша өнімдерін біздің елімізге әкеліп саудалауына, тез бұзылатын өнімдер үшін жасыл дәліздер ашуға, оны әкелген көліктердің бос қайтпай қазақ жерінен өздеріне керекті құрылыс материалдарын, тыңайтқыштар алып қайтуын үйлестіруге ұсыныс жасалды. Осы ретте малдәрігерлік және фитосанитарлық бақылауды бірлесе жолға қою қарастырылады. Меморандум аясында көрші облыстар шекарадан өткен малды ветеринарлық алдын алу шараларынан өткізу, ет, сүт және сүт өнімдерін жеткізу мәселесінде әріптестік танытуға уағдаласты. Сонымен қатар өткен жылы орын алғандай, қырғыз шаруалары өткізген картоптан өсімдік ауруы анықталып кері қайтарылғаны тәрізді келеңсіздіктің қайталанбауы үшін арнайы бақылауды күшейте түсу жайы да пысықталды. Жиын соңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Шу облысының губернаторы Бактыбек Кудайбергенов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында бүгінгі кездесудің екі жаққа да тиімді, нәтижелі болғанын атап көрсетті.

Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар