- Advertisement -

Қорға жарна төлесең, қор болмайсың

102

- Advertisement -

Жалпы, медициналық сақтандырудың екі түрі бар. Соның бірі – міндетті медициналық сақтандыру. Бұл – медициналық көмектің сапасын арттыру, яғни «сақтандырылған» азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ететін жүйе. Ал ерікті сақтандыру әркімнің қалауы бойынша ғана жүзеге асырылады. 1 шілдеден басталатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 80-қадамының жүзеге асырылуының нақты көрінісі.
Бұл – денсаулық сақтау саласында емдеу ісін түбегейлі қайта өзгертуге мүмкіндік беретін қадам. Бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылып келген тегін медициналық қызмет түрлері аталған сақтандыру жүйесі арқылы орындалатынын, 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері мен мүмкіндігі шектеулі жандар, студенттер, магистранттар, үш жасқа дейінгі баласы бар әйелдер секілді негізгі 15 санатқа жатқызылған азаматтар жарна төлеуден босатылатынын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов пен медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Құрманалиева бүге-шүгесіне дейін тарқата айтып, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
– Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылар, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар, жеке тұлғалар екі айдан кейін қорға жарна төлей бастайды. Ал мемлекет әлеуметтік аз қамтылған азаматтар үшін төлем төлеуді келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қолға алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Дәрігерлерге емдеу ақысы сол қор арқылы төленеді. Қазір облыс тұрғындарының ішінде кімнің қай санатқа жатқызылатынын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы арқылы жарнаны кімдер үшін жұмыс беруші төлейтіні немесе кімнің өзі төлейтіні және мемлекет төлейтін топтағы азаматтар анықталады. Яғни, кез-келген азамат маусым айының соңына дейін медициналық ұйымдарға барып, тіркелуі тиіс. Жұмыссыз азаматтарға жұмыспен қамту орталығы жұмыс тауып беруге міндетті. Егер олар ұсынылған жұмыстан бас тартса, ай сайын ең төменгі жалақының 5 пайызын (1414 теңге) қорға төлеп отыруы тиіс. Олай етпеген жағдайда медициналық қызмет ақылы. Мәселен жеке көлігімен адам тасымалдайтын таксистер жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік кірістер департаментіне тіркеуге тұруы тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да жарнаны өзі төлейді. Ал қорға жарна аударып отырған азаматтар үшін еліміздің кез-келген өңірінде медициналық қызмет тегін көрсетіледі, – дейді Марат Сейітбекұлы.
Негізі, әскерилер мен құқық қорғау, орган қызметкерлері үшін де міндетті әлеуметтік медициналық жарнаны мемлекет төлейді екен. «Себебі олардың арнайы емдеу мекемелері бар», – дейді Марат Сейітбекұлы. Тағы бір айта кетер жайт, бүгінде жеке медициналық қызмет түрі өте қарқынды дамып келеді. Егер осы жүйеге енгізілген жеке меншік емханалар болса, олар ұсынған қызмет аталған қор есебінен жүргізілетін көрінеді.

Нұрым сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support