- Advertisement -

Қаржы мен қамқорлық бар, нәтижелі жұмыс неге жоқ?

106

- Advertisement -

осындайда халқымыздың «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген  мақалы еске түседі

Облыс әкімдігінің кезекті аппараттық кеңесінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтар әлеуетін пайдалану, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту бойынша Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов ауыл шаруашылығы жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 миллиард 520 миллион теңге бөлініп, өңірімізде 1 сәуірге дейін 17 сүт қабылдау пункті, 488 отбасылық мал бордақылау алаңы, 172 отбасылық тауарлы-сүт фермасын ашу жоспарланғанын баян етті. Бүгінде сүт қабылдау пунктін салу – 100, мал бордақылау алаңын құру – 140, 70 отбасылық тауарлы-сүт фермасын ұйымдастыру – 246, 13 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспары 123 пайызға орындалған.
Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы тоқтатылып, оның орнына «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» қолданысқа енгізілгені белгілі. Осы орайда, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков жаңа бағдарламаның бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Оның айтуынша, биыл бағдарлама аясында 10,4 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 4,8 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 5,6 миллиард теңге бөлініп, 12 456 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отырған көрінеді.«Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» туралы бірінші бағыт аясында 5119 адамды оқытуға 1412,5 миллион теңге бөлінген. Соның ішінде 770 адамды кәсіптік даярлауға 152,7 миллион теңге, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарында 4349 адамды оқыту үшін 1259,8 миллион теңге қаралып отыр. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» атты екінші бағыт бойынша 1380 адамды қамтуға 4003,6 миллион теңге қаржы бөлінген.

Ал қалалардағы шағын несие екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы беріліп, оларды қорландыру «Даму» АҚ арқылы жүргізіледі. Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда берілетін микрокредиттерді кепілдендіруді – «ҚазАгроКепіл» АҚ, қалаларда – «Даму» КДҚ» АҚ жүзеге асырады. Бағдарламаның үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту аясында жастарға кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіліп, жұмыссыздарды бос жұмыс орындарына орналастыру, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі және ақылы қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылады. Бұл бағыт бойынша барлығы 6257 адамды қамтуға 4953,0 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Сондай-ақ, «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру», яғни жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мақсатында бағдарлама шеңберінде өз еркімен қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру қарастырылған. Бүгінгі күнге солтүстік өңірлерден (СҚО, Павлодар, ШҚО, Қостанай облыстары) келіп түскен сол өңірлерге қажетті мамандар бойынша лауазымдық бос жұмыс орындарының тізімі барлық аудандық/қалалық жұмыспен қамту орталықтарына уақтылы жолданып отыр», – деді Жорабек Нұрмергенұлы.
Кеңеске төрағалық еткен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауыл шаруашылығын дамытуда белсенді жұмыс атқарылуы тиіс екенін қадап айтты. Себебі Елбасы Н.Ә.Назарбаев әр Жолдауында бұл мәселеге айрықша назар аударумен келеді. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру – басты міндеттің бірі. Кәрім Нәсбекұлы сондықтан жыл басынан бері құрылған 20 ауыл шаруашылығы кооперативімен шектелмей, осы бағыттағы жұмысты ширата түсуді тапсырды. Сондай-ақ, «Аграрлық университеттің 46 ғалымын шақырып, әр ауданға бөлдік. Шаруашылықтардағы кемшіліктер, проблемалар төңірегінде қазір олар не істеп жатыр? Нәтиже бар ма?», – деген сауалына Нұржан Нұржігітов аталмыш жұмыстардың келісімшартқа сай жүйелі жүріп жатқандығын айтты. Ал Жорабек Баубековтен ірі кәсіпорындардың жұмыс орындарын қысқартпау және «Жол картасы» бойынша қандай жұмыстардың атқарылып жатқандығы сұралды. «Қазір еңбек нарығында 38 мамандық бойынша сұраныс бар. 31 оқу орындарымен бастапқы келіссөздер жүргізілді. Жұмыстан босайтын ахуал болған жағдайда 4349 адамды басқа мамандықтарға оқытуға, яғни қысқа мерзімді курстан өткізуге дайынбыз», – деді ол. Кәрім Нәсбекұлы одан бос жұмыс орындарына өткізілген жәрмеңкелер жайын сұрап, сонымен қатар солтүстік өңірлерге мамандардың қоныс аударуы жұмыстарын жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар, жиында аудан әкімдерінен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың жайы туралы сұрады. Өңір басшысы өз сөзін «Бүгінде ауыл шаруашылығы саласынан қаржыны аяп жатқан жоқпыз. Қаңтар айында нақтылау болғанда, 1 миллиард 700 миллион теңге тағы қосымша қаржы берілді. Қызылша десең қызылшаға, мал десең малға, инфрақұрылымға, несиеге ақша беріліп жатыр. «Алдыңа ас қойдық, екі қолды бос қойдық» дегеннің кері. Тек қана жұмыс істеңдер», – деді.

Қарлығаш есбергенова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support