- Advertisement -

Тату елдер қашанда тіл табыса біледі

112

- Advertisement -

Көктем – қыр астында. Бұл мезгілдің шуағымен бірге шаруаның қарбалас тіршілігі басталатыны белгілі. Ал тіршіліктің нәрі – су. Біздің облыстың диқандары қажетті судың көпшілігін қырғыз еліндегі Киров су қоймасы арқылы алатыны белгілі. Бұл ретте айыр қалпақты ағайындардың шекаралас жатқан облыстарымен бірлесіп шешетін бірқатар мәселелер бар. Осыған байланысты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыс делегациясын бастап, Қырғыз Республикасының Талас облысына арнайы іссапармен барды. Онда облыс басшысын Талас облысының губернаторы Дайыр Кенекеев зор құрметпен қарсы алды. Мұнан соң тараптар екі өңірге де тиімді мәселелерді талқылау үшін «дөңгелек үстел» басында бас қосты.
IMG_5324 IMG_5483Жиынды сөз сөйлеп ашқан Дайыр Атақұлұлы ортақ мүдде үшін арнайы сапармен келген жамбылдық делегацияға, топ басшысы, облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлына алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол Таразда өткен «Тараз инвест» халықаралық форумының жетістіктерін еске салып, екі тараптың бүгін уағдаласар мәселелері маңызды екеніне тоқталды. Мұнан соң көрші елдегі губернатор өзінің командасын таныстырып, жиын барысына сәттілік тілеп, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа сөз берді.
Кәрім Нәсбекұлы ел-жұрт амандығын сұрай келіп, тіршіліктің жаңаратын кезі – көктем қарсаңында бірқатар мәселелер бойынша келісім жасау үшін жамбылдық делегацияны бастап келгенін айтып, оның құрамымен таныстырып өтті. Облыс басшысы Жамбыл мен Таластың шекарасы 337 шақырым аумаққа дейін өзара шектесіп жатқанын, осы аумақтарда 7 шекаралық бекет бар екенін атап өтіп, бұл жолы ағын су, ауыл шаруашылығы, өндіріс, сауда-саттық мәселелері бойынша ашық пікірлесуге мүмкіндік туып отырғанын жеткізді. Былтыр қар суының көптігінен Киров су қоймасынан Жамбыл облысына қарай секундына 250 текше метрге дейін су жіберілгенін, ол су біраз елді мекендер мен көшелерді шайып кетіп, көпірлерді құлатып, диқандарды біраз әбігерге салғанын, биыл мұндай келеңсіздікке екі жақ та жол бермеуі қажеттігін атап өтті. Әсіресе, Талас облысы тарапынан судың мөлшерін бірде азайтып, бірде көбейту жамбылдықтарға өте тиімсіз болғанын, су пайдалану маусымы басталғаннан тіршілік нәрін Киров су қоймасынан үнемі бірқалыпты бөлу мәселесін өтінді.

Облыс әкімі одан әрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғыз елінің Президенті Алмасбек Атамбаевтың арасында Кедендік Одаққа бірігу аясында өзара достық, экономикалық қарым-қатынас жөнінде уағдаластық бар екенін де еске салып өтті.

Кәрім Нәсбекұлы өңіріміз тұрғындарына қырғыз ағайындардың еркін сауда-саттық жасауына мүмкіндік жасайтынын шегелеп айтты. Тараз қаласында өтетін жәрмеңкеге Талас облысы тауар өндірушілерін де шақырып, облысымызда жасалатын құрылыс заттарын, тыңайтқышты Талас облысының тұрғындарына саудалау барысында еш кедергі болмауын ескертті.
Мұнан соң қос тарап өкілдері су мәселелерін талқылады. Талас облысы бойынша су шаруашылығы бассейнінің басшысы Болатбек Батырқұлов Киров су қоймасын екі мемлекет бірлесіп, күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін атап өтті. Жалпы екі елге тіршілік нәрін жеткізіп отырған бұл су қоймасы осыдан 50 жыл бұрын салынған, кепілдік мерзімі – 100 жыл. Оған қарамастан алдағы жылдары Киров су қоймасында күрделі жөндеу жұмыстары басталуы тиіс. Қойманың сыйымдылығы 550 миллион текше метр болса, былтыр мұнда 549 миллион текше метрге дейін су жиналғаны белгілі. Бейнелеп айтқанда кемерлеп толған су бөгеттің ернеуінен қайтты. Бұл су пайдаланушыларға бірқатар қатер туғызғаны анық. Ал қазіргі таңда мұнда 180 миллион текшеметр су жатыр екен. Қырғыз елі тарапынан суға жауапты өкіл «Кож» каналын жөндеу жөнінде де айтып, біздің өңіріміз тарапынан Жуалы ауданындағы «Көксай» каналынан Қырғыздың Маймақ елді мекеніне бөлінетін су мәселесі дұрыс шешулерін өтінді.
Өз кезегінде «Қазсушар» мекемесі облыстық филиалының басшысы Қалыбек Құдайберген сөз алып, салаға қатысты бірқатар мәселелерге тоқталды. Еліміздің бюджетінен 15 миллион теңге қаражат бөлініп, Қырғыз Республикасының «Кож» каналының 6,8 шақырымы күрделі жөндеуден өтетінін айтып өтті.
Мұнан соң тараптар фитосанитарлық тазалық жағын, сойылған мал етінің тазалығында ешқандай күмән болмауы қажеттігін кеңесті. Қырғыз жағынан бұл салаға жауапты Айдарбек Жорабеков сөйлеп, таза өнім шығаруға ден қойғандарын, Жамбыл облысымен көршілес Қарабура ауданында да мал өнімдерін қадағалайтын арнайы зертхана ашылғанынан хабардар етті. Ол сойылған малдың жүнін, терісін өткеруге мүмкіндіктер бар екенін айтты. Біздің облыс делегациясы тарапынан ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау мен қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Сәрсенбай Солтанбеков пен ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітеков сөз сөйлеп, екі мемлекетке қолайлы мәселелерді қозғады.
Талас облыстық ішкі істер басқармасының басшысы, біздің өңірмен көршілес жатқан Қарабура, Манас аудандарының әкімдері де ой-пікірлерін білдіріп, екі ел кәсіпкерлерінің өзара сауда-саттығында кедергі болмаса екен деген ұсыныс айтты. Екі тарап мал ұрлығы, есірткі тасымалы қылмысының алдын алу шараларын да кеңесті.
Кәрім Нәсбекұлы Маймақ ауылы «Көксай» каналынан қалағанынша су алатынын айтып, екі облыс арасындағы сауда-саттықта кедергі болмайтынын, ол жөнінде оң шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Мұнан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Талас облысының губернаторы Дайыр Кенекеев екі тарап арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, Шу-Талас бассейндік инспекциясы директорының орынбасары Ғалымбек Құралбаев пен Қырғыз тарапынан су шаруашылығына жауапты Болатбек Батырқұлов арасында да келісім жасалды.
Жамбылдық делегация мүшелері заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов пен Манас батыр ескерткіштері алдына гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, Манас Жақыпұлының зираты басында болды, батырға арналған музейді аралап көріп, тарихи мәліметтермен танысты. Талас облысының губернаторы Дайыр Кенекеев екі елдің татулығының тереңдігіне тоқталып, Жамбыл мен Тоқтағұл арасындағы сыйластық, Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов арасындағы достық тұрғысынан ой қозғады.
Өз кезегінде Кәрім Көкірекбаев бұл сапардың жемісті болғанын айта келіп, жүздесуге қолдау білдіргені үшін Талас облысының губернаторына алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол Талас облысындағы қырғыз бауырларды Таразда өтетін Наурыз мерекесін тамашалауға, Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне жамбылдық делегациямен бірге баруға шақырып, екі облыстың рухани-мәдени байланыстарын да дамытуға күш салу қажеттігін атап өтті. Кәрім Нәсбекұлы Талас облысының губернаторы Дайыр Кенекеевке шапан жауып, сый-сияпат жасады.
Бұл сапар бауырлас қырғыз елімен байланысымызды арттырып, достығымызды нығайта түсумен де құнды болды.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Тараз-Талас облысы-Тараз.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support