- Advertisement -

Атқарылған шаруалар ауқымды

126

- Advertisement -

«Өткенді зерделемей болашақты болжай алмайсың» деген дана сөз бар халқымызда. Осы орайда Елбасының пәрменімен үрдіске айналған барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есебі көп болып ақылдасу, ой бөлісу дәстүріне айналды десе болғандай. Айталық, аудан әкімі Жарылқасын Айтақовтың аудан тұрғындары алдындағы есебінде өткен мешін жылында атқарылған ауқымды істер туралы баяндап, ағымдағы жылы шешімін табуға тиіс мәселелерді ортаға салды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қатысты.
Аудан өткен жылы 83 миллиард 122 миллион теңгенің жалпы өнімін өндіріпті. Соның 23 миллиард 585 миллион теңгесі ауыл шаруашылығының үлесіне тиеді. Нақты көлем индексі 114,2 пайызға орындалған. Өткен жылдың өніміне 31000 гектар күздік бидай, 44000 гектар жаздық арпа, 3300 гектар жаздық бидай, 10300 гектар мақсары, 6400 гектар жоңышқа (оның 2000 гектар биылғы жылы), 25 гектар сұлы, 100 гектар жүгері, 400 гектар көкөніс, 100 гектар бақша дақылдары, 500 гектар картоп өнімдері, 120 гектар қант қызылшасы себіліпті. Сондай-ақ, 45000 гектар пар айдалған.
Ауданда мал шаруашылығы саласында да оң өзгерістерді байқауға болады. Бүгінгі күні ауданда 8 асыл тұқымды қой шаруашылығы, 6 асыл тұқымды ірі қара, бір асыл тұқымды жылқы және асыл тұқымды шошқа шаруашылығы жұмыс істеп тұр. Ауданда «Сыбаға» бағдарламасы 125,2 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасы 156,8 пайызға, «Құлан» бағдарламасы 108,2 пайызға орындалыпты. Жалпы, өткен жылы бұл бағдарламалардан тыс асыл тұқымды 105 бас ірі қара, 5737 бас қой сатып алынған.
Ауданның соңғы жылдары өнеркәсіп саласындағы өркенді істері де көңіл қуантады. Мәселен, өткен жылы 8 миллиард 088 миллион теңгенің өнімін өндірген. Бүгінгі таңда ауданда 5 өнеркәсіп нысандары тұрақты жұмыс істеп тұр. «Луговой жылқы зауыты» ЖШС, «Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорны» ЖШС, «Құлан жолдары» ЖШС, «GOLDEN COMPASS CAPITAL» АҚ, «Қарақыстақ су электр стансасы» сынды өнеркәсіп орындарында 870 жергілікті тұрғынның жұмыспен қамтылып отырғанын айта кеткеніміз абзал.
Аудан әкімі Ж.Айтақов: «Біздің ауданның 22 елді мекеніне газ келген. Енді 14 ауыл қалды. Ақыртөбедегі газ бөлетін стансасының ауылдарға газ жеткізуге күш-қуаты жетпей отыр. Сондықтан, жаңа станса салу қолға алынды. Ол осы жылдың аяғына таман бітеді. Сол кезде ауданымыз толық газбен қамтамасыз етілетін болады», – деп атап өтті.
Аудан әкімінің есепті баяндамасында жолдың жайы да назардан тыс қалған жоқ. «Жолдың жайын жүрген біледі» демекші, өткен жылы аудандық маңызы бар Өрнек ауылына кіреберіс және Қайыңды-Сөгеті автокөлік жолдарына 101,5 миллион теңге бөлініп, игерілген. Сонымен қатар, 14 елді мекеннің 16 көше жолдарына 140,6 миллион теңге бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ал биылғы жылға аудандық маңызы бар «Жалпақсаз-Тасшолақ» автокөлік жолының орташа жөндеуіне 57 миллион 982 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде екен. Одан бөлек, 13 елді мекеннің 20 көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына 173 миллион 386 мың теңге бөлініп отыр екен.
Әкім баяндамасынан кейін сөз алған Т.Рысқұлов орта мектебінің директоры Бақытхан Абитаева өңірдің өткен жылы қол жеткізген табыстарын саралап, ағымдағы жылы ауданның табысы бұдан да жоғары болуына тілектестігін білдірді. Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Бейсенбай Таңбаев: «Чемпиондар мекені Құланда жасөспірім-жеткіншектеріміз спортпен шұғылданатын спорт кешені болса» деп өткен жылғы аудан әкімі есебінде мәселе көтерген едік. Сол спорт кешені биылғы жылы соғылатынын естіп қуанып отырмыз. Бұл Ермахан, Ислам, Ақжүрек, Елдос ағаларының жеңісті жолын қуамын деген жастарға жасалған зор мүмкіндік деп есептеймін»,– деді. Өз кезегінде «Нартай» шаруа қожалығының басшысы Берік Қарақойшиев те мемлекеттің қамқорлығын ауылдағы шаруалардың да көріп отырғанын жеткізді. Зейнеткер-ұстаз Түзел Алагөзова мен кәсіпкер Сәбит Садықов өз қөзқарастарын білдірді. Ал Қарақыстақ ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Зәйтуна Оразалиева іскер азаматтарды аянбай еңбек етіп, нарықтық бәсекеге барынша қабілетті болуға шақырды.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қорытындылап, аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, алда атқаратын ауқымды жұмыстарды жүктеді.

Нұрболат Әлдибеков,
«Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support