- Advertisement -

Қарттар үйндегі көз жасы

131

- Advertisement -

Мені іштей қынжылтып, бір сұрақ мазамды алды. Жоқ, ол қандай да бір әдемілік немесе жігіт туралы емес. Мені іштей қинап, жауабын таба алмай отырған сұрақ: Неге адамдар өз ата-анасын қарттар үйіне тастап кетеді? Ол кісілер сол опасыз, тасжүрек, оңбаған балаларын асырап, мәпелеп өсіргені үшін кінәлі ме?

Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Бір қарияның балалары болмай, ал жан-жары өмірден өтсе, жалғыздыққа шыдай алмай сол қарттар үйіне барады. Енді бірінің балалары ұнатпай әкеліп жатады. Кейбіреуі амалсыздықтан барып жатады. Бірақ, қандай жағдайда да иманы бар адам ата-анасын тастамас еді.
Ал жастарға келсек, олар әлеуметтік желіде ата-анасын қалай жақсы көретіні туралы жарыса жазады. Алайда, сөздері мен істері мүлдем үйлеспейді. Мен бұл тақырыпты қозғауымның өз себебі бар.
Өзім қатысып жүрген «Баспасөз орталығы» үйірмесінің жетекшісі Жанат Тұрғанбаева біздерден қарттар үйінде шағын мерекелік кеш ұйымдастыруымызды сұранды. Білектерімізді сыбана жұмысқа кірістік. Әне-міне дегенше уақыт та келіп жетті. Мәжіліс залына кіріп келгенде қарт кісілеріміз, кішкентай балалар аналарын жаутаңдап іздегендей, біздің арамыздан өз ұл-қыздарын іздеді. Барлық асыл қарттарымыздың көзінде қайғы, өкпе, жұбаныш… Көзінде жасы дайын тұрған ардақты апаларымызды көргенде құшақтап, бетінен сүйіп жұбатқандай болдым. Бір уақытта әже маған қызының қайтадан келіп, алып кететін күнді күтіп жүргенін айтты. Ішімде мың сұрақ дауыл тұрғызып жатса да сұрақтарды қоюға батылым бармады. Қайтадан сол сәтті еске алып, қайғыруы мүмкін деп ойладым. Алайда, барлығы көзімде жазылып тұрды ма, әжей «қызым өз баласын қарауы керек, сол үшін мені осында әкеліп тастады» деп әңгімесін бастады. Біздің мақсатымыз ол кісілердің көңілін көтеру болатын. Жаутаңдаған көздерден енді өкпе емес, жылы лебіз, қуаныш байқадым. Бағдарлама ортасында сол жақтағы қарт кісіміз қарындасына жазған хатын оқуды сұранды. Сол сәтте көз жасымды ұстай алмадым. Кешіміз аяқталғанда әжей бізбен түскен суретін әкеліп беруімді сұранды. «Қызым келгенде сендерді мақтанышпен көрсетемін», – дейді. Осы сәтте тағы бір қынжылдым…
Ал ең өкініштісі қарттардың басым бөлігі – қазақтар. Бұрын кім едік, қазір кім болдық? «Бес саусақ бірдей емес», бірақ, расы сол. Сонда ол кісілер балаларын дүниеге әкеліп, өсіргені үшін кінәлі ме? Әлде немересін сүйіп, сүйсініп отыратын уақытында осылайша жалған үміттің құшағында болулары керек пе? Тағдыр тауқыметін тартқан қарттардың не кінәсі бар? Қай жерде қате басты, сол үйде болатындай не жазды?! Жұмақтың кілті ананың аяғының астында емес пе? Қазіргі күні қарттар үйі үлкен шаңыраққа айналып барады. «Ата-анаң жынды болса байлап бақ» демеуші ме еді дана бабаларымыз.
Біз барған қарттар үйінде мейірімді әже-атамызды көрдік, еш бөтенсінбей құшақтап мейіріммен қарап жатыр. Мүмкін, немересіне деген сағынышы болар. Ал біреу­лері ешкіммен тілдеспей отырды.
Азғындар-ай, кейін ата-әже қамқорлығын көрмей өскен немерелері өздерін қарттар үйіне өткізіп жатса қайтер екен?! «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» емес пе? Өз ата-анасын қарттар үйіне өткізген адамды адам деп санауға бола ма?!

Жанна Пірімбек,
техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support