- Advertisement -

Арапбаева – күміс, Алдабергенова – қола жүлдегер

73

- Advertisement -

Ақ аламанның алғашқы күндері сәтті басталды. Иә, алдымен аруларымыз жасындай жарқырап көріне білді. Алматы төрінде жалауы желбіреген бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың екінші күнінде қазақстандық спортшылар алғашқы жүлделеріне қол жеткізді. Бұған дейін газетімізде жазғанымыздай, жүлде күткен фристайл-акробатика спортының өкілдері, бұрымды аруларымыз Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова олжа салды.
Ә, дегеннен-ақ, тек таңдаулылар өнер көрсететін финалдық бәсекеге еш іркілмей өткен Жанбота Алдабергеновадан алтын жүлде күткенімізді жасыра алмаймыз. Алайда, төрт бірдей шын мықты сынға түскен додада алтын жүлде қытайлық Чжу Иньиннің қоржынында кетті. Қарсыластарына қарағанда өз мүмкіндігін сәтті пайдаланған ол 60,09 ұпай иеленді. Осылайша сәл ғана басымдықпен жеңіске лайық болды. Күміс жүлдені мойнына ілген қазақ аруы Жібек Арапбаева 60,84 ұпайға қол жеткізсе, қола жүлдегер атанған Жанбота Алдабергенова 60,48 ұпайды еншісіне жазды.
Иә, қазақ жұрты қоланы қанағат тұтқан Жанбота Алдабергеновадан алтын жүлде күткен болатын. Талай байрақты бәсекелерде жасындай жарқырап жүрген қазақ қызының бұл додада да алтын алатын мүмкіндігі бар еді. Соңғы сәтке дейін еліміздегі доданың чемпиондығынан дәмелі болған Жанбота Алдабергенова шешуші мүмкіндікте орны толмас қателіктерге бой алдырып, алтын медальді қолынан сусытып алды. Бәлкім, жанкүйерлер алдында қобалжыған да болар. Бастысы, бұл сында қазақтың қос бірдей қызы жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Оның үстіне қысқы спорт түрі енді ғана дами бастаған Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы қола жүлдегер атанып жатқаны қуантты. Демек, Таразда қысқы спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік жасалса, бізден де талай саңлақтар шығады деген сөз бұл.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support