- Advertisement -

Азаматтың ақ жолы

333

- Advertisement -

Бүгін Асаубай досым 70 жасқа толып отыр. Ол жетпіске жетіп-пісіп, үлкен ұлағатты әулет иесі, көп немерелерінің атасы, ұл-қыздарының сүйікті әкесі, халқының абыройына бөленген қоғам қайраткеріне айналған тұлға ретінде жетіп отыр. Жастайынан зерек, білімге құштар болып өскен Асау бес жылдай Сарысу совхозының құрылыс прорабы, Тараз қаласында Ұлттық банк, «Игілік банк», «Темір банк» және «Казкоммерцбанк» ашық акционерлік қоғамы филиалдарының басшысы болды. Бүгінде облысымызға белгілі кәсіпкер, көпшілікке шапағаты тиіп жүрген меценат. Көп жылғы жемісті еңбегін мемлекет пен қоғам жоғары бағалағаны ғой, ол облыстың Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Көп жылдан бері облыстық мәслихаттың депутаты.
Сонау 1971 жылы Алматыдағы «Малая станицада» тұрған Асаумен және ол кісінің зайыбы Орашпен қалай танысқаным, күні кешегідей көз алдымда. Бұл кез олардың жаңадан үйленіп, студенттік пәтерде тұрып жатқан ең бақытты шақтары еді. Студенттік жастық шақ – ең бақытты шақ деп бекер айтпаған, сірә. Асаубай екеуміздің өмірлік жар болуға таңдаған қыздарымыз Ораш пен Айзада қала іргесіне таяу Шоқай деген ауылда туып-өскен, жақын ағайынды, кішкентайынан бірге оқыған жан дос, құрбылар екенін кейін білдім. Бұлар мектепте бір сыныпта оқыған, «Қырманға кел, қалқатай» деген әнді бірге орындап жүрген қатар-құрбылар екен.
Содан бері Құдайға шүкір, арамыз ажыраған емес. Әрине, өмір болған соң қызмет бабымен жан-жақта тұрдық. Біз – Торғайда, Шуда, бұлар – Сарысудың «Жайлаукөлінде». Біз Жамбылға 1976 жылы, бұлар 1979 жылы көшіп келді, содан бері біргеміз. Асекеңнің менен бір жас үлкендігі болғандықтан, оның ағалық ақыл-кеңесіне мән беретінім рас. Байқағаным, Асаудың кішкентайынан еңбекқор, шыншыл, қайсар, өткір мінезді болып өскендігі оның бүгінгі жетістіктеріне негіз болған екен. Анасынан жақсы тәрбие алып, арман қуып Алматыға келіп, қалаған оқуына түсіп, мамандық алып және сүйіктісіне үйленіп бақытты шаңырақ құрып, ұлағатты ұл-қыздар тәрбиелеп отырғандарының сыры да осында ма деп ойлаймын. Асау мен Ораштың ең бастысы ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлетіні де, сондықтан.
Құрдасым Асаудың ұл-қыздары шетінен жоғары білімді, тәрбиелі, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын азаматтар. Олардың жанұясына қарап, «елімізде жылда өтіп жатқан «Мерейлі отбасы» деген конкурсқа неге қатыспайсыңдар, сендер лайықсыңдар ол марапатқа» деп айтып жүремін. Оның бүгінгі байлығы, қуанышы – Ораш екеуінің тәрбиелеген өнегелі ұл-қыздары және үлкен үміт күттіретін немерелері.
Әлі есімде, 1998 жылы облыстағы балалар үйіне, жетім-жесірге, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көмек ретінде телемарафон өтіп жатты. Соған қаржыгер Асаубай бірінші болып қомақты қаржысын салды. Көп ұзамай өзінің туған жері Саудакент ауылының ортасына, ауылдастарына мешіт салып беріп, тағы ел ризашылығына бөленді. Өзі оқыған Жаңаарық ауылындағы мектептен де материалдық көмегін аяған емес. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында ең алғаш ортақ іске үн қатып, белсенділік танытқанын жұрт жақсы біледі. Қай кезде де Асекең жаңа істің, заманауи шаралардың бастамашысы ретінде танылған азамат.
Өткен күзде Асаубай Майлыбаевтың демеушілігімен белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың ашаршылық құрбандарына арнап жазған «Тамакөшкен» поэма кітабының тұсаукесері өтіп, Саудакентте ашаршылық құрбандарына ас беріліп, Құран бағышталды.
– «Тамакөшкен» поэмасы – жоғалған кітаптың жалғыз беті. Сондықтан, ашаршылық жылдары бір ғана рудың басынан кешкен азапты тағдырын көрсете отырып, барша қазақ халқының отызыншы жылдардың басындағы көрген зұлматты суреттеді, – дейді Асаубай Майлыбаев өзара әңгіме үстінде.
Асекең бірнеше рет облыстық мәслихат депутаты болып сайланды. Содан бері Асау сайлаушылардың үмітін ақтап келеді. Халықтың мұң-мұқтажын атқарушы органдарға жеткізіп, мәселелерін шешуден аянған емес.
Осыдан оншақты жыл бұрын Асекең өзін мазалап жүрген бір ойын ортаға салып, «Кейбір облыстарда біздікіндей ашық-шашық ескі базарлар жабылып, орнына төбесі жабық заманауи базарлар ашылып жатыр» – деген еді. Оның осындай бастамаларының арқасында бүгінде базарлардың бәрі жабық, зәулім ғимараттарда орналасқан.
Соңғы 5-6 жылда Асекең үш кітап, естелік-толғау жазып шығарды. 2011 жылы шыққан «Ғұмырым, Тұғырым, Тұнығым» деп аталатын кітабын аяулы анасы Саркен Балабекқызының рухына арнаған еді. Үш жасында әкеден айырылып анасының қолында қалған Асаубай балалық шағында көп қиыншылықты бастан өткізген, қатарластарынан ерте есейіп, анасының тәрбиесінің арқасында білімге құштар, арманшыл, ертеңгі күніне сеніммен қарайтын тік, өткір мінезді жігіт болып өсті. Бар күш-жігерін жұмсап, жоғары оқу орнына түсті. Анасының үмітін ақтады. Әсіресе, бірінші кітабын оқып отырып қанша рет көңілім босап, көзге жас алдым. Оның несін жасырайын. Сол кітапты оқыған адам мені түсінеді.
2014 жылы екінші кітабы жарық көріп, бірінші кітабының орыс тіліндегі нұсқасы шықты. «Ұлт. Ұрпақ. Ұлағат» деп аталатын үшінші кітабы қазақ және орыс тілдерінде. Тәлім-тәрбие берер жағы әсерлі екен.
Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев Асаубайдың бірінші кітабының «Тағдыр таразысы» деп аталатын алғы сөзінде: «Ол адам, азамат ретінде туған ел, туған жер, ата тарих, ұлт тағдыры жайлы пайымдайды, оларды даланың даналығы тудырған ғибраттармен терең үйлестіріп отырады. Ең бір есте қалатыны, естелігінің өн бойында Талбесік – Жер-Ана мен Жанбесік – Әйел-Ананы қатар алып, оларға деген шексіз сүйіспеншілігімен жаныңды тербеп жібереді. Кісі болудың бастау көзі – тектіліктің түп тамырына көбірек үңіледі… Ақ сөйлеп, әділ айту сияқты мінездің тігісін жатқызған…Оның жалпы, ұрпақ тәрбиесі жөніндегі ұстанымдары құнды» – деген болатын.
Кейбір адамдар Асауды қатал мінезді деп ойлаулары мүмкін, ал расында оның адамсүйгіштік, нәзік тұстарын біле бермейді. Жақсылыққа қуанғанда тіпті «сентиментальный» да боп кетеді. Тәуелсіз еліміздің барлық жетістіктеріне қуана біледі. Неге десең, ол – патриот, өз елінің жанашыры, елінің өркендеп, өсуіне нақты үлесін қосып жүрген нағыз ұлтжанды азамат.

Қасымхан Төлендиев,
облыстың Құрметті азаматы,

«Құрмет» орденінің иегері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support